Біліп қой: адамда үш жолдас болады:
– Біріншісі: мал-дүние. Өмірден өткенде мал-дүниеңнен айырыласың.
– Екіншісі: отбасы. Олар сені қабірге дейін шығарып салады да, сол жерде жалғыз қалдырып кетеді.
– Үшіншісі: амалың. Саған серік болып, қабіріңде де жалғыз тастамай қасыңда қалатын – тек сенің амалдарың. Сондықтан әрдайым өзіңмен бірге қабірге кіретін, тіпті қабіріңде де сені жалғыз қалдырмай, жаныңнан табылатын досыңа көңіл бөл. Нағыз ақылды – Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тартқан кісі.
Сенің мысалың – тезектің маңында жүретін қи қоңызға ұқсайды. Егер оған райхан гүлдің хош иісін жақындатса – оның иісіне шыдай алмай, өліп кетуі мүмкін. Адамдардың арасында осы қоңыздың уайымындай уайымы бар, көбелектің ақылындай ғана ақылы бар кісілер кездеседі: себебі көбелек жарыққа ұмтыла-ұмтыла өзін отқа (жарыққа) лақтырып, ақыры жанып кетеді. Сол секілді сен де өзіңді күнәнің отына әдейі лақтырасың (күнәларың сені құрдымға апарады). Егер Аллаға баруды қаласаң, беліңді бекем бу, ал сенің уайымың не?!
Асылында, тамақ жеу үшін өмір сүру емес, өмір сүру үшін тамақ жеу керек. Егер тамақ жеу үшін өмір сүрсең, онда сенің құрттар мен жануарлардан еш айырмашылығың жоқ. Себебі аз тамақ беріп, белгілі бір уақыт қорада байлап ұстаған жылқы ғана аламанның ең жүйрігі болады (Сол секілді адам да денесін алып жүре алатындай аз тамақтанса, ақылы сергек, құлшылыққа белсенді болады). Сен өз-өзіңе «бүгін кешке аз ғана тамақ жеймін» деп уәде бересің, бірақ алдыңа тамақ қойылса, көптен көрмеген досыңмен кездескендей кейіп танытасың (Тамақтың барлығын жеп тауысасың). Алла Тағала кімнің түзелуін қаламаса – оны бос сөздермен әуре қылып қояды (кісі айтады, бірақ орындамайды).
Алла Тағала былай дейді: «Алла біреудің бұзылуын қаласа, сен ол үшін Алладан дәнекерге ие бола алмайсың» («Мәида» сүресі, 41-аят).