21 Қазан 2026, Сәрсенбі 10 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:42
Бесін 12:04
Екінті 15:24
Шам 17:15
Құптан 18:41

Истидраж – Алланың үнсіз ескертуі

Истидраж – Алланың үнсіз ескертуі

Истидраж дегеніміз – пенденің күнәлары артқан сайын, оған берілетін нығметтердің де арта беруі. Алланың күнәһар пендеге ол тәубесіз жүрсе де дүние нығметтерін үсті-үстіне бере беруі. Бірақ бұл – марапат емес, керісінше азапқа апарар сынақ.


Имам Шафиғи: «Егер бір пенде Алланың нығметтеріне бөленіп, онымен қоса күнәлары да жалғаса берсе, онда ол истидражға душар болған адам», – деді.

Истидраждың тілдік мағынасы – бірте-бірте жақындау, бірте-бірте төмендеу дегенді білдіреді. Имам Замахшари: «Ол осы жаққа “истидраж” қылды» дегеннің мағынасы – оның бірте-бірте төмендеп, ақырында құлайтынының белгісі. Яғни оны бірте-бірте айлаға тартып, ақыр соңында тұзаққа түсіру», – деген. Истидраж – нығметке күпірлік қылу, өзіне сын көзбен қарап, өзіне уағыздаудың орнына, өзін емес, басқаларды сынап, соларды түзеумен уақыт құртуы. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 182-аятында: «Оларға сездірмей һәм өздері күтпеген жерден бірте-бірте құрдымға батырамыз», – деді. Алайда егер пенде Алланың оған берген нығметтерін мойындап, әрі оған лайықты түрде шүкіршілік ете алмай жатқанын сезіп, соған іштей қынжылып жүрсе, бұл истидраж саналмайды.

Истидраж – Алланың үнсіз ескертуі. Яғни Алла кейбір пенделерге нығметтерді үйіп-төгіп, олардың жүрегін сынайды. Пенде байлық пен табыс артқан сайын Оған жақындай ма, әлде алыстай ма? Көп жағдайда адам нығметке көп бөленген сайын тәкаппарланып, масаттанып, шүкір мен тәубені ұмытады. Өзіне берілген нығметті құдды сыйлық деп ойлайды. Бірақ шындығында ол – жаза алдындағы тыныштық сәті ғана. Имам әбу Хазм (Алла оған разы болсын) айтпақшы: «Аллаға жақындатпайтын әрбір нығмет – бәлекетке ұласуы мүмкін».

Бұның бірден-бір емі – шүкір мен тәубе. Жоғарыда айтқанымыздай, шүкірдің үлкен бір түрі күнә қателіктерді тәрк ету және жақсы амалдарды көбейту арқылы шүкір ету.

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,

ummet.kz