Сабырлыққа қатысты насихат айтылғанда, көп адамның: «Мен өзім табиғатымнан сабырсызбын», – деген уәж естіп жатамыз. Пенде көтере алатын сынақтан артығымен берілмейтіндіктен, әркім өз басына келген сынаққа төзе алады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім сабыр етуге тырысса, Алла оны сабырлы етеді», – деп айтқандай, алдымен адам өзі себебін жасап, бар ынтасымен сабыр етуге тырысуы керек. Сонда, Алла ол адамға жәрдем беріп, сабырлылар қатарына қосады.
Адамның өзін өзі қолға алып, сабыр етуіне мынадай амалдар себеп болады:
Бірінші: Өзінің басына келген сынақтан да қиын сынаққа душар болған жандар жайында ойлау. Алла Тағала әр пендесіне көтере алатын сынақ береді. Біреудің сынағы ауыр, ал енді біреудің сынағы оған қарағанда жеңіл болады. Басына сынақ келгенде өзінен де ауыр сынақ көрген ізгі адамдар болғанын немесе қазіргі кезде ауыр сынаққа сабыр етіп жүрген жандар туралы ойлану – адамның сабырлық етуіне үлкен септігін тигізетін іс.
Екінші: Дүниенің ақиқат мәнін ұғыну. Қандай да бір сынаққа душар болған адам, өмірдің әрдайым тек тәтті бола бермейтінін, адам баласы бұл өмірге сынақ үшін келгенін, барлық жаратылыс уақытша екенін еске алуы қажет.
Үшінші: Сабырлық үшін әзірленген сауаптың шексіздігін ойлау. Сынаққа душар болған жан сабыр ете білсе, ақыретте Алла Тағала оны есепсіз сауаптармен қуантатынына еш күмәнсіз сенуі қажет. Қасиетті Құранда: «Амал еткендердің сыйлығы қандай жақсы. Олар сондай сабыр етіп, Раббыларына тәуекел етеді» ("Ғанкабут", 58-59), – деп айтылған.
Төртінші: Алла Тағаладан жәрдем тілеу. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сабыр ет! Сабыр етуің – Алланың ғана мәрхаметі», – деп айтқан. Ибн Касир (Алла оны рақымына алсын) бұл аятты: «Сабырлылық тек Алланың ғана қалауымен, Оның ғана жәрдемімен, қамтуы әрі пәрменімен болатындығы» ("Нахыл", 127), – деп түсіндірді.
Бесінші: Алла Тағаланың жәрдемі міндетті түрде келетінін есте ұстау. «Шарх» сүресінде Алла Тағала: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар», – деп айтқан. Түннің қараңғылығы қоюланған сайын таң шапағының жақындығы түсетіндігінің сынды, адамға берілген сынақ қиындаған сайын Алланың жәрдемі де жақындай түседі.
Егер аяққа мән берер болсақ, Алла Тағала ауырлық пен бірге жеңілдіктің бар екенін айтады. Яғни кей жағдайда Жаратушымыз бір пендесіне үлкен нығметті бермес бұрын оған сынақ береді. Мысалы, Жүсіп пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) әйелдердің сынағына душар болып, түрмеге қамалды. Түрмеде екі адамның түсін жориды. Оның бірі Жүсіптің артықшылығы туралы патшаға айтып барып, одан кейін Жүсіп пайғамбар патшаның түсін жорып, одан кейін бір елдің қазынашысы болып тағайындалады. Жүсіптің түрмеге қамалуы оның бір мемлекеттің қазынашысы етіліп тағайындалуына себеп болды. Сол сияқты адамның басына келген сынақ үлкен бір жақсылыққа алып келетін себеп болуы әбден мүмкін.
Алтыншы: Тағдырға иман. Мұсылман адам тағдырға иман ету арқылы оның басына келген нәрсе айналып өтпейтінін жақсы біледі. Лайықсыз сөздер айтудан, тағдырға тіл тигізуден ада болады. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Жер жүзіне, сондай-ақ сендерге бір бейнет келетін болса, ол жаратылуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Расында бұл Аллаға жеңіл» ("Хадид", 22), – деп айтқан.
Жетінші: Пайғамбарлар мен салиқалы адамдар жайында қиссалар оқу. Алла Тағала пайғамбарларды бізге үлгі болуы үшін адамдар арасынан таңдаған. Періште жіберілгенде толық үлгі бола алмайтын еді. Өйткені періште адам сияқты ішіп-жемейді, үйленбейді. Періштелер – Алланың қалауына ғана орындайтын жаратылыс иелері. Ал пайғамбарлар болса, адамдардың ішінен таңдалып, оларға ақиқатты жеткізіп, сол ақиқатқа амал ету керектігін өмірімен үлгі етіп кетті. Пайғамбарлар қиссасына назар салсақ, Алланың ең сүйікті құлдарының жанында түршіктер түрлі сынақтан өткені баяндалады. Лайықты деңгейде сабыр ете білгені үшін Алла Тағала оларға сынақ артынан жеңілдік пен жеңіс сыйлаған. Айюб, Мұса, Жүсіп (оларға Алланың сәлемі болсын) т.б. пайғамбарлардың қиссасынан осыны анық көруге болады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке мүшріктері тарапынан бірнеше түрлі қысым көрді. Оған «жалақшы», «сиқыршы» деген атаулар тағып, туған жерінен қуды. Қанша мәрте өлтірмек болды. Ең жақын деген адамдарынан айырды.
Осындай қысылған уақыттарда Алла Елшісін Жаратушымыздың Өзі сабырлы болуға бұйырып, дүние өткінші, ал ақырет тұрақты мекен екенін ескертіп, өзіне дейінгі пайғамбарлардың өмірлерін баяндау арқылы тәрбиеледі. «Қайғы жылы» деп аталатын, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хадиша анамыз бен немере ағасы Әбу Талиптен айырылған жылы Алла Тағала сүйікті Елшісін «Жүсіп» сүресін түсіру арқылы жұбатқан. Жүсіп пайғамбар жақындарынан айырылып, түрлі сынаққа тап болып, соңында жеңілдік пен жеңіске қауышқаны сияқты, Алла Елшісіне басына келген сынақтың барлығын өткінші, соңында жеңіс күтіп тұрғанын білдірген. Шынында бүкіл адамзатқа қияметке дейін үлгі боларлық тақуалығы мен сабырлылығының себебімен Алла Тағала Алла Елшісіне толық жеңіс берді. Жауларының өзі оның жеткізген діни ақиқат екенін мойындады.
Сынақ келген кезде Алла Тағаланың осындай сүйікті құлдары болған пайғамбарлардың өмірбаянын оқып, ғибрат ала білу керек.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz