Мешіт – Аллаға құлшылық ететін ғибадат орны. Араб тілінде «мешіт» (мәсжид) сөзі «сәжде жасайтын жер» деген мағынаны береді.
Мешіт – жер бетіндегі Алла Тағаланың үйі. Мешіттерді таза ұстау, оған қатысты әдептерді сақтау, бұл онда тыйым салынған нәрселерден аулақ болу және мешіттерге ие болып, оның құрылысына, тазалығына көмектесу – тақуалықтың белгісі. Алла Тағала: «Міне, осы. Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, күдіксіз ол – жүректің тақуалығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят), – деген.
Ал мешіт Алланың ең айқын белгілерінен.
Мешіттің әдептері:
– мешітке кірген кезде босағаны оң аяғымен аттау;
– мешітке кіретін кезде арнайы оқылатын дұғаны оқу;
– мешітте отырғандарға сәлем беру;
– екі ракағат мешіт ақысы намазын (тәхият әл-мәсжид) оқу;
– мешіттен шыққан кезде сол аяқпен шығу;
– мешіттен шығатын кезде арнайы оқылатын дұғаны оқу.
Мешітте мына амалдарды жасауға тыйым салынады:
– жүніп және хайыз кезінде мешітте отыруға;
– нәжіс заттарды кіргізуге;
– мешіттің ішінде қайыр тілеуге;
– есінен адасқан адамды және мешіттің тыныштығын бұзып шулайтын, мешіттің ішін бүлдіретін есі кірмеген сәбилерді кіргізуге;
– мешітте сауда-саттықпен айналысуға;
– мешіт ішінде дауыс көтеріп, дауласуға тыйым салынады.
Тек зәру жағдайда ғана болмаса, мешітте жоғалтқанын сұрауға болмайды.
Ал сарымсақ, пияз секілді иісі бар көкөніс жегендер үшін мешітке кіру – мәкруһ.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz