26 Қыркүйек 2026, Сенбі 15 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:01
Бесін 12:11
Екінті 16:13
Шам 18:09
Құптан 19:36

Алғашқы ізгі мұсылмандар айналысқан 10 кәсіп

Алғашқы ізгі мұсылмандар айналысқан 10 кәсіп

Бұрынғылар мата, киім саудасын жақсы көрген. Тіпті Сайд ибн Мусәйяб: «Ант ішу араласпаса, мен үшін мата саудасынан жақсы ешбір сауда жоқ», – деген.


Бір хадисте: «Саудаларыңның ең жақсысы – мата мен киім, кәсіптеріңнің ең жақсысы – тігіншілік», – делінген. Басқа бір хадисте: «Жаннаттықтар сауда жасайтын болғанда, матамен айналысар еді, ал жаһаннамдықтар сауда жасайтын болғанда, (алтын, күміс) ақша айырбастаумен айналысар еді», – делінген.

Алғашқы ізгі мұсылмандар көбінде мына он кәсіппен айналысқанды ұнатқан. Олар:

1. Тігіншілік,
2. Сауда,
3. Жүк тасу,
4. Ат тағалау,
5. Киім тазалау,
6. Тері илеу және аяқ киім тігу,
7. Теміршілік,
8. Жүннен жіп иіру,
9. Аңшылық,
10. Көшірмешілік (кітаптарды көбейту үшін).

Абдуллаһһаб әл-Уарақ айтады: «Ахмад ибн Ханбал менен:

– Қандай кәсіппен айналысасың? – деп сұрады. Мен:
– Жазу ісімен, жазушымын, – дедім. Ахмад ибн Ханбал:
– Өте жақсы кәсіп. Егер мен де бір кәсіппен айналысатын болсам, осы кәсіпті таңдар едім, – деді. Сосын сөзін жалғап:
– Қағаздың шеті мен сыртына жазу жазба, ортасына ғана жаз. (Өйткені бұл жерлерге жазылған жазу зая болады)», – деді».

Ғибадат һәм парыз кифая болып есептелетін мәйіт жуу, жерлеу, азан шақыру, тарауих намазын оқыту, Құран және фиқһ үйрету сияқты істерде ақы алуға рұқсат берілгенімен, алғашқы ізгілер ондай жұмыстар үшін ақы алуды мәкруһ санаған. Өйткені олар бұл дүниеде жасаған ондай істерінің ақысын ақырет пайдасына қалдырған. Ондай істерге ақы алу, расында да, ақыретті дүниеге айырбастауға ұқсар еді. Осы тұрғыдан да ол құпталмаған.

материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды, 

ummet.kz