«Үмметке пайдалы ғалым ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіру маған нәсіп болар ма екен?» деп дүниеден сәбисіз өтем бе деп үмітін үзген аналарымызға Айша анамыздан әмірі қандай керемет үлгі!
Үмметтің ең назды анасы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әсем қызғалдағы. Жастайынан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасында болып, көп нәрсені тікелей Алла елшісінің өзінен үйренген. Ілімге деген махаббаты оны Ислами білімдердің шыңына шығарды. Кішкентай үйі кейінгі ұрпақ үшін ілім орталығына айналды. Оған сұрақ қою үшін мұсылмандар алыс жерлерден келетін. Иә, Айша анамыздың баласы болмаған. Бірақ сол ұрпақтың орнын басатын мыңдаған шәкірті болды. Бұл жайлы «Хазіреті Айшаның әйел шәкірттері» атты диссертация қорғалған. Еңбекте 118 табиғин әйелдер айтылады. Мұнымен қоса, ер адамдардың ішінен де Айша анамызға келіп ілім алған сахабалар мен табиғиндер болған.
Айша анамыз – ғалым тәрбиелеген ана. Ол тәрбиелеген әйел ғалымдардың бірі – Әмира бинт Абдурахман⁶³. Ол Айша анамыздың тәрбиесінде болашақ ғалым ретінде қалыптасты. Әмира анамыз Айша анамыз риуаят еткен хадистерді жеткізген ең сенімді рауи.
Әмира бинт Абдурахман Айша анамыздан алған ілімімен амал етіп, әрі ғалым ұл-қыздарды тәрбиеледі. Қазірге дейін жеткен сахих хадистерде оның үлесі үлкен. Халифа Омар ибн Абдулазиз Мәдина әкімі Әбу Бәкір ибн Мұхаммедке жазған хатында «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін, сүннеттерін әрі Әмирадан жеткен хадистерді зерттеп жаз. Мен ілімнің (хадистің) жоғалуынан және ілім иелерінің (хадис жинаушылар) өлімінен қорқамын» деген. Хазіреті Айшадан риуаят етілген хадистерді Әмира анамыздың жинақтауын қалады. Өйткені Әмира анамыз Айша анамыз риуаят еткен хадистерді ең жақсы білген шәкірт болған⁶⁴.
Қасым ибн Мұхаммед ілімге қатты құштар болған ибн Шихаб әз-Зухриге Айшаның тәрбиесінде өскен ілім қазынасы Әмираға баруын өсиет етті. Ибн Шихаб Әмира анамызды «ілім теңізі»⁶⁵ деп сипаттаған.
Айша анамыздың әйел шәкірттерімен бірге ер шәкірттері де бар еді. Ол шәкірттерінің ішіндегі ең танымалы – жиені Уруа ибн Зубайр. Уруа нағашы әпкесі Айша анамыздың үйіне еркін келіп тұратын. Осы мүмкіндіктің күшімен Уруа ибн Зубайр Айша анамыз тәрбиелеген үлкен ғалымдарының бірі болды. Мұхаммед Али Құтуб «Айша мұғаллиматуль риджал уә әджияль» атты кітабының «Ислам әлемінің ұстазы» деген тақырыбы аясында Айша анамыз жайында: «Мәсжид Набауиден кейін Айша анамыздың үйі Ислам ілімінің ордасы, сонымен қатар Ислам тарихында үлкен із қалдырған орын болды» деген. Бұл университет табиғин ғұламаларының әуелгі қатардағы ғалымдарын шығарған⁶⁶.
Үмметтің анасы деген жауапкершілікті көтере білген Айша анамыз Ислам ілімінің бізге жетуіне үлкен рөл атқарды. Оның баласы болмады, бірақ өз дәуірінде барлық үмметтің баласын өз баласындай көрді. Олардың ғалым болып өсуіне бар күш-жігерін салды. Ілім алу үшін келген балаларға анасы секілді мейірім көрсетті.
Бала – сынақ. Оның болуы да, болмауы да сынақ. Біз екі жағдайда да сабыр етуге бұйырылдық. Баласы болмаған әйелдер үшін Айша анамыз – ең көркем үлгі.
Сілтемелер:
63. Ибн Сад, Кита́бут-Табақатил-Кабир, 10/487.
64. Ибн Сад, Кита́бут-Табақатил-Кабир, 10/487.
65. Имам Захаби, Сияр Аламин Нубела, 4/508.
66. Имам Захаби, Сияр Аламин Нубела, 4/507-508.
материал «Ғалым тәрбиелеген әйелдер» кітабынан алынды,
ummet.kz