25 Қыркүйек 2026, Жұма 14 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:00
Бесін 12:11
Екінті 16:15
Шам 18:11
Құптан 19:38

Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барудың маңызы

Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барудың маңызы

Екі, үш фарсах қашықтықтан және мешітке ерте бару мұстахаб. Алғашқы уақыт дегеніміз – күн шыққанға дейінгі кез. Ерте барғанның сауабы мол. Мешітке бара жатқанда хушуғпен, кішіпейілділікпен бару керек, намаз уақытына дейін оңаша құлшылықты ниет етіп, ертерек Алла Тағаланың шақыруына жауап қатып, кешірімі мен ризалығын алуды көздеу керек.


Бұл жайында ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Кім жұмаға алғашқы сағатында келсе, ол түйе сойғандай сауап алады, ал екінші сағатында келсе, сиыр сойғандай сауап алады, ал үшінші сағатында келсе, қошқар сойғандай сауабын алады, төртінші сағатында келсе, тауық сойғандай сауабын алады. Ал бесінші сағатында келсе, жұмыртқа сауабын алады. Имам мінберге шыққан сәтте, кітаптар (сауап жазылатын дәптерлер) жабылып, қаламдар (сауап жазу) тоқтатылады. Періштелер уағыз тыңдауға мінберге бет түзейді. Бұл уақыттан кейін келгендер, тек намаз үшін келген болады, оларға ешқандай артық сауап жазылмайды», – деген.

Алғашқы уақыт дегеніміз – күн шыққанға дейінгі кез. Екінші уақыт – күн көтерілгенге дейінгі шақ. Үшінші уақыт – аяқ табандары күйгенге дейінгі мезгіл. Төртінші және бесінші уақыт – сәскеден кейін түс ауғанша. Бұл екеуінде сауап азырақ. Түс ауған шақ намаздың уақыты, оған артық сауап жазылмайды.

Ардақты Пайғамбар тағы бір хадисінде: «Үш нәрсе бар. Егер адамдар бұл үш нәрсенің сауабы қаншалықты екенін білсе, оларға қол жеткізу үшін түйелер сияқты жарысар еді. Біріншісі – азан айту, екіншісі – алдыңғы сапта тұру, үшіншісі – жұмаға ерте бару», – деп хабар берген.

Ахмад ибн Ханбал: «Бұлардың ең ұлығы – жұмаға ерте бару», – деген екен.

Тағы бір хадисте: «Жұма күні мешіттің әрбір есігінде періштелер қолдарында күміс парақтар және алтын қаламдармен тұрып, мешітке кезекпен келген намазхандарды жазып отырады», – делінген.

Тағы бір хадисте былай деп айтылған: «Жұма күні болғанда періштелер мешіттердің есігінің алдында тұрып, келгендерді келгендей жазып отырады. Егер бір кісі жұма намазына кеш қалатын болса, періштелер осы кісі жайлы: “Пәленше неге өз уақытынан кешікті екен?” – деп сұрап: “Уа, Раббымыз! Егер ол пенденің жұмаға келуіне кедейшілік кедергі еткен болса, оны бай қыл. Егер науқас болса, шипа бер. Басына бір іс түскен болса, мүшкілін жеңіл ет. Ниет-ойын пайдасыз дүние ісі улаған болса, оның жүрегін Өзіңе бұр”, – деп дұға етеді».

Алғашқы ғасырларда адамдар қазіргі айт намаздарына барған сияқты таңға жақын қолдарына шамдарын ұстап мешітке бару үшін жолға шыққан. Бірақ уақыт өте келе бұл ыждағаттылық жоғалды және алғашқы бидғат жұма күні мешіттерге ерте баруды алып тастау болды. Мұсылмандар сенбі және жексенбі күндері таңертең шіркеу мен ғибадатханаларына ерте мезгілде баратын яһуди мен христиандардан қалай ұялмайды екен? Ал дүниенің соңына түсіп сауда-саттық жасап табыс табу үшін базарға баруға асығатындар ше? Ақыретті ойлайтындар неге олардан озық болмайды?

Айтылуы бойынша, жаннатта адамдардың Алла Тағалаға жақын болуының дәрежесі жұма намазына алғашқы уақыттарда келуіне байланысты болады екен. Ибн Масғуд (р.а.) жұма күндерінің бірінде үйінен ерте шығып мешітке барса, үш кісі одан бұрын келген екен. Сол кезде Ибн Масғуд (р.а.) өзіне өзі кейіп: «Төрт адамның төртіншісі болдым, бірақ төртінші болу да қатты алыс емес», – деген екен.

материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды, 

ummet.kz