Мұсылман үмбетінің бұл дүниеде таухид сенімінен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды жар.
Тұрмыс құрғысы келген бойжеткендерге «алтын сырға»:
Ер азаматқа өзіне өмірлік ізгі жар таңдауы міндет болғанындай әйел баласы да өзіне жақсы жолдас таңдауы тиіс. Қыз бала үшін жақсы жолдас дегені әйелдің ар-намысын қорғайтын, келіншегінің көңіліне қаяу түсірмейтін, жарына аса ерекше мән беретін адам. Әйел заты мұндай азаматтың панасында жаны жай тауып мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөленеді.
Қыз бала тұрмысқа шыққалы тұрған ер кісіні жіті танымай, жай үстіртін ғана біліп некеге ризашылығын берсе өз жанын, ар-намысын және дінін қатерге тігуі әбден мүмкін. Діндарлық пен иман ғана адам баласын жақсылыққа жетелейді, жамандықтан жиіркендіреді. Әрине, әйел таңдау жасағанда ер азаматтың сыртқы кейпіне, дүниесіне және тегіне мән беруі айып емес, алайда діндарлығы мен мұсылмандығын алға қойғаны дұрыс болады.
Бұл сөз тек қана қыздарға ғана қатысты емес, сонымен бірге қыздың әкесіне және аға-інілеріне де тиесілі. Өйткені қыздың тағдырына тікелей жауапты тұлғалар – әкесі, ағасы мен інісі.
Кейде, иманды қыздың өзі мінез-құлқы нашар, дінге немқұрайлы қарайтын және әйелдің ар-намысы дегенді білмейтін жігітке көңілі ауып қалуы мүмкін. Мұндай қыздар осы жігіт мені бақытты етер, арманымды орындар, деген үміт жетегінде тұрмысқа шығпақ болады. Осындай қауіпті сезген әрбір аға-іні өз қарындасының жеке өміріне араласып, жамандықтың алдын алып, дұрыс ақыл-кеңес беруге міндетті.
Хазіреті Әлидің ұлы Хасанға (р.а) бір кісі келіп: «Менің қызым бар. Кімге тұрмысқа бергенім жөн деп ойлайсыз, - деп сұрайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немересі Хасан (р.а): Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көріп тұрса қадірлеп, сыйлайды. Ал, ашуланса қызыңды ренжітпейді[1]», - деп кеңес берген екен. Расында да иманды азамат зайыбымен сөйлескен кезде көңіл-күйі қандай болып тұрса да ашуға салынып кейін өзі өкінетіндей іс-әрекетке бармайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызды жаман жерге ұзату қиянат екендігін айтып: «Кім қызын пасыққа тұрмысқа берсе, қызымен (ата-аналық) қатынасын үзгені[2]», - деген екен.
Ал, Айша анамыз (р.а): «Неке нәзік мәселе. Сендер қыздарыңды қайда ұзатып жатқандарыңа қараңдар (яғни мән беріңдер)[3]», - деп айтқан екен.
Қазақ «қыз – қонақ, жат жұрттық» деп жатады. Қыз бой жеткен соң, тұрмыс құрып бөтен үйдің түтінін түтетері анық. Алайда, қыздың құтты жерге қонып, бағы ашылуы үшін ата-ана жауапты.
Шаңырақ көтеруге ниеттенген бозбалалар мынаны қаперге алуы керек:
Әйел – ер азаматтың үйбикесі, өмірлік серігі және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол жұбайы. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса дүниеде берілген жақсылықтардың бірі де, бірегейі де сол болмақ. Сонымен бірге, Алланың берген нығметтерінің ішіндегі ең абзалы да иманды әйел. Насауи мен Муслимде: «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі - ізгі әйел[4]», - деген хадис бар.
Ибн Мәжә жинағында мынадай хадис бар: «Аллаға деген тақуалығынан кейін мумин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. (Ізгі әйел) күйеуінің тілін алады, күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намысы мен абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді[5]», - деген. Шынында, әйел заты өзі таңдап, етегінен ұстаған азаматтың көңілінен шыға білмесе отбасылық өмірдің мәні құрып, шырқы бұзылары анық. Шаңырақтың шайқалмауына екі жастың шынайы сезімінен бөлек имани қарым-қатынастың қосар үлесі мол.
Хадис ғылымының атасы Әбу Һурайра (р.а) таңдау жасағанда жаңылыспай жақсы жар табу туралы мынадай хадис жеткізген: «(Әдетте) әйелге төрт қасиетінің бірі үшін (қызығып): байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні үшін үйленеді. Діндарын (яғни имандысын) таңда, әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді[6]», - деген. Бұл хадисте еркекті әйел бойында қызықтыратын көркі, мал-дүниесі, тегі және діндарлығы секілді сипаты екендігі айтылған. Егер әйел иманды болмаса, қалған үш қасиетінен пайда шамалы екендігін ескертеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жар іздеген жігіттердің әйелдің бойындағы сиқырлаушы сұлулығына, мол дүниесіне және танымал тегіне қатты қызығатынын көрген. Әйелдің діндарлығы мен имандылығына аса мән бермейтіндігін байқаған. Алайда, жақсылықтың барлығы иманда. Имансыз әйелдің сұлулығы, тегі тіпті дүниесі де ешбір пайда бермейді.
Ибн Мәжә хадис жинағында жар таңдауда жаңылысқан жігіттерге қатысты айтылған мынадай хадис бар: «Әйелдерге тек сұлулығы үшін ғана үйленбеңдер, сұлулығы оларды тәкаппар етуі мүмкін. Әйелдерге дүниесі үшін ғана үйленбеңдер, мал-мүлкі оларды шектен шығаруы мүмкін. Расында қара тәнді иманды әйел текті де дәулетті және көрікті бірақ дінсіз болған әйелден абзал».
Ал, Әнас (р.а) жеткізген хадисте: «Кім әйелді оның абыройы үшін алса, Алла ол еркекті қор етеді. Кім әйелді дүниесі үшін алса, Алла ондай еркекті жерге ұрады. Ал, кім әйелге көзін күнәдан, мүшесін зинадан сақтау үшін және туыстарымен жақсы қатыс-қатынаста болу үшін үйленсе Алла ол кісіге әйелін берекелі, ал әйелге күйеуін құтты етеді», - деген екен. Мұндай жігіттер маңдай терін төкпей қыз төркіні есебінен тұрмысын түзеп, бай боламын деп жүріп бейшара кейіпке енеді. «Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес» дегендей әрбір ер азамат ризық-несібесін өз еңбегімен тапқанға не жетсін?!
Ал, жар таңдауда үлкен болашақты ойлау қажет. Таңдап тұрған қыздың ертеңгі күні әке-шешеге ибалы келін, перзенттеріне перизат ана, ал өзіне адал жар болуын ойлағаны жөн. Ең дұрыс таңдау да осы.
Абай Хакімнің:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма.
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма[7], - деген сөзі де осы хадистің түсіндірмесі іспетті.
Материал «Неке кітапшасы» кітабынан алынды.
Авторы «Нұр Астана» орталық мешіті сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров.
[1] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», неке, күйеу таңдау, 14-бет
[2] Ибн Хиббан
[3] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», неке, күйеу таңдау, 14-бет
[4] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, неке бөлімі, 2-баб, 282-бет
[5] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», неке, ізгі әйел таңдау, 12-бет
[6] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, Неке бөлімі, 2-баб, 281-бет
[7] Абай (Ибраһим) Құнанбаев, Екі томдық шығармалар жинағы, Алматы «Жазушы» 1986-жыл