Бабаларымыздан қалған: «Алғаның жақсы болса, ырысыңның тұрағы», «әйелің жаман болса, үйіңнен мейманың кетеді» деген секілді нақыл сөздер көп.
Иә, әйелдің ашық ажары болса, еркегі ердің ғажабы болса – ол үйдің қазаны да ағайынға жағады. Әйел – отбасының беркесі, ұйытқысы.
Алайда, осы тұста ұмыт қалдыратын бір мәселе бар. Әрбір ақылды, иманды, жақсы әйел ерінің қас-қабағын бағады емес пе? Үйдің шегесі – әйел болса, үйдің егесі – еркек. Азық-түлікті ұқсататын – әйел, ақшаны әйелге ұстататын – еркек. Етті асатын, қонақ алдына қоятын – әйел, етті мүшелейтін, малды соятын – еркек.
Олай болса, ырыстың тұрақ табуы үшін «әйелдің жақсы болмағынан» бұрын, ердің қолдауы мен қамқорлығы маңызды. Иманды ер мал жұмсап, асырауға, иманды әйел ең алдымен аманатты сақтауға, ар-намысын қорғауға міндеттелген. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Күйеуі қасында барда әйелге оның рұқсатынсыз (нәпіл) ораза тұтуға рұқсат етілмейді және (күйеуінің) үйіне оның рұқсатынсыз (ешкімді) кіргізуіне болмайды...» деп ескерткен. (хадис Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын).
Қазақтың дәстүрінде де қонағын қарсы алған отағасы есігін өзі ашып, алдымен қонағын кіргізген. Егер қонақ түскен үйде отағасы жоқ болса, ол мейман астан дәм татып, ауыз тиген соң, түнемеге басқа орын іздестіретін болған. Мұсылман жігіт иманды жарына қонақ күтер жағдайын жасап берсе, «ырыстың тұрақтауы» мәселе емес ендеше...
материал «Отбасы брошюрасы» кітабынан алынды,
ummet.kz