«Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен жамағатқа арналған бейсенбілік дастархан жайылды.
Қасиетті Мәуліт айында жиылған жамағатқа РАНТ мүшесі, мешіттің наиб имамы Ғазиз Ахмет «Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтудың сауабы» тақырыбында көркем насихат айтты.
Жиналған жұртшылық астан дәм татып, жайылған ақ дастархан басында рухани кешті ары қара жалғастырды. Мұсылман адамның толассыз сауапқа бөленіп, Алла Тағаланың рақымына кенеліп, сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына ие болуына жетелейтін амалдың бірі – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту.
Уағыз барысында дұғамыздың қабыл болу шарттарының бірі – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту екенін ұмытпауымыз қажет екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, «Салауат айту жайында мынадай хабарлар келген: «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (Мүслим). Хадистен ұғатынымыз кімде-кім Алладан Пайғамбарымызға мейірім тілеп, оның дәрежесін көтеруін, ұлықтауын сұрап салауат айтса, Алла ол пенденің де дәрежесін, абыройын және оған деген мейірімін 10 есе арттырады. «Менің атым аталғанда, маған салауат айтпаған адам – сараң адам», – деген (Термизи) деді мешіттің наиб имамы.



ummet.kz