«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті.
Бұл жолы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткізілген шараға арнайы келген РАНТ мүшесі, «Нұр-Сұлтан» мешітінің наиб имамы Тамирлан Дарханұлы жамағатқа «Жамағат бірлігі» тақырыбында әсерлі насихат айтты.
Жамағат – көпшілік бірлігі, ақиқатты сақтап келе жатқан көпшілік бірлігі.
Насихат барысында «Мұсылмандардың ең басты ұстанымы – Құран. Құранда Алла Тағала біздерге ақ пен қараны айырып, мұсылмандар үшін әмірлері мен тыйымдарын паш етіп, сондай-ақ бірлік пен басшыға бағынудың да маңызын баян еткен. Сондай аяттардың бірінде Алла тағала былай деп келтіреді: «Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер». («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Осы аятты ғалым сахаба Абдулла ибн Масғұд р.а былай түсіндіреді:
- «Уа халайық, сендерге басшыға бой ұсыну және көпшілікпен болу міндетті. Расында бұл Алла Тағаладан әмір етілген Алланың жібі»- дейді. Мінекей, күллі әлемнің сырын қамтыған, адам баласына ең үлкен жол нұсқаушы қылынған, ақ пен қараны айқын баян еткен қасиетті Құранда Алла Тағала біздер үшін бір болуды да әмір етті. Ал Құранда әмір етілгенінің өзі бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі, Алла біздерді не нәрседен тыйса сонда қайыр бар, ал не нәрсеге бұйырса сол да біздер үшін ең дұрысы болмақ. Демек мұсылмандар үшін бір болу Алладан келген әмір ғана емес, тағылымы мол іс екені шүбәсіз», - деді Тамирлан Дарханұлы.
Насихат соңында Алладан баршамызға жәннатқа лайықты болатын жамағаттың қатарында болуды нәсіп етуін тілеп, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасады.





ummet.kz