Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының басшылығымен, «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұйымдастыруымен дін қызметкерлері арасында «Тәні саудың – жаны сау» қағидасы аясында волейболдан спорттық сайыс өтті.
Спорттық додаға Астана қаласы мешіттерінің имамдарынан құралған командалар қатысты. Тартысты өткен волейбол сайысында қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, командалық ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің үлгісін танытты.
Қала бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы қатысушыларға алғыс білдіріп, іс-шараның маңызына тоқталды: «Халқымызда «Тәні саудың – жаны сау» деген жақсы сөз бар. Дін қызметкері үшін рухани біліммен қатар денсаулыққа көңіл бөлу де маңызды. Спорт – денені шынықтырып қана қоймай, адамды тәртіпке, төзімділікке және ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты да – салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты арттыру. Барша қатысушыларға белсенділіктері үшін алғыс айтамын. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге береке тілеймін», – деді бас имам.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен «Бейбарыс» командасы І орын, «Сұлтан» командасы ІІ орын және «Алаш» командасы жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылды. Жүлделі болған командаларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы медальдар табысталды.
















































ummet.kz