16 октября 2026, Пятница 5 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:08
Восход 06:34
Зухр 12:05
Магриб 17:25
Иша 18:51

Қуанышты жағдайларда бір-бірін құттықтау әдебі

Қуанышты жағдайларда бір-бірін құттықтау әдебі

Дін бауырын қуанышымен, жеткен жетістігімен құттықтау мұсылманның дін бауыры алдындағы борышы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларынан бір жақсылықты көргенде: «Мұның өзіңе берекелі болсын», – деп құттықтайтын. Бір хадис шәріпте былай деп айтылады:


«Көрші ақысының не екенін білесіңдер ме? Көмек сұрағанда қол ұшын беру, сұрағанда қарыз беру, қажет болғанда қасында болу, ауырғанда халін сұрап бару, қайтыс болғанда жаназасына қатысу, қуанышымен құттықтау, басына қайғы келсе, көңіл айту». (Табарани, әл-Мүснәд уш-шамиин, 3-том, 339-бет).

Бұрынғы жақсылардан жеткен кейбір құттықтау сөздері мынадай:

Тәубесі қабыл болғанды құттықтау: Каъб ибн Маликтің (р.а.) тәубесі қабыл болғанда сахабалар алдынан шығып: «Алланың тәубеңді қабыл алуы берекелі болсын», – деп құттықтасады. Ал пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сені дүние есігін ашқалы бері ең қайырлы күніңмен құттықтаймын», – дейді.

Аурудан жазылғанды құттықтау: Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хауат ибн Жубайр (р.а.) жазылған соң онымен жүздескенде: «Денің сау болсын, ей, Хауат!» – дейді. Ауруына шипа тапқан тағы бір сахабаға: «Жазылып шыққаның мүбарак болсын», – дейді.

Қажылықтан қайтқанды құттықтау: Адам пайғамбар қажылық жасағаннан кейін періштелер оған: «Уа, Адам! Қажылығың мүбарак болсын!», – дейді.

Бір жас жігіт қажылыққа аттанар алдында Пайғамбарымызға (с.а.у.) келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, бауырым! Тақуалық азығың болсын, сені жақсылыққа бұрсын, әр ісіңе сүйеу болсын» – дейді. Қажылықтан оралғанда оған «Ей, бауырым! Алла қажылығыңды қабыл етсін, күнәларыңды кешсін және қажылық үшін жұмсағаныңнан да жақсысын нәсіп етсін», – дейді.

Хасан (р.а.) былай дейді: «Мұсылман бауырың қажылыққа кетерде шығарып салып, одан дұға сұра. Қайта оралғанда қарсы алып, пендешілікке бой алдырмай тұрып қолын ал» (әл-Бахр ул-амиқ, 53-60 беттер).

Үйленген адамды құттықтау: Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйленгендерді: «Алла мүбарак қылсын, құт-береке дарысын, қосағыңмен қоса ағар», – дейтін. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.у.) шаңырақ көтерген адамға: «Жақсылық дарып, берекең артсын, татулығың жарасып, бақ қонсын. Нәсібелерің мол болсын. Алла мүбарак қылсын», – дейтін.

Балалы болғанды құттықтау: Хасан (р.а.) балалы болғанды былай құттықтаңдар дейтін: «Алланың саған сыйға берген баланың бауы берік болсын, сыйлаған Аллаға шүкір ет. Балаңның тек жақсылығын көр, азамат болсын!» Хасан Басри (рах.) баласы дүниеге келген адамды құттықтау жайлы: «Алла оны өзіңе һәм Мұхаммед үмметіне мүбарак қылсын!» деп айтыңдар» – дейтін.

Айтпен құттықтау: Сахабалар бір-бірімен былай айттасатын: «Тәқаббәлаллаһу миннә уә минкум». (Алла бізден және сізден қабыл етсін).

Жаңа киім кигенді құттықтау: Пайғамбарымыз (с.а.у.) біреуге жаңа киім кигізгенде былай дейтін: «Алла мұны ескіртіп жаңасын кигенге дейін өміріңді ұзақ қылсын» – дейтін. Тағы бірде Омардың (р.а.) үстінен жаңа, ақ түсті көйлек көріп: «Киімнің жаңасын ки, Аллаға деген сөзің мадақ болсын…», – деді (Суюти, Усул ул-әмани би-усул ит-тәһәни, 7-15-беттер).

материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,

 sunna.kz