16 октября 2026, Пятница 5 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:08
Восход 06:34
Зухр 12:05
Магриб 17:25
Иша 18:51

Пайғамбарлардың барлығына ортақ қасиеттер

Пайғамбарлардың барлығына ортақ қасиеттер

Пайғамбарлар – Алланың таңдаулы құлдары. Олар барлық жағынан кемел адам. Ғалымдар Құран және хадис негізінде пайғамбарларға ортақ қасиеттерді анықтаған.


Олар:

1. Парасат. Пайғамбар Алланың үндеуін арқалаған адам. Бұл қасиетті жолда ол мың түрлі адаммен бетпе-бет келеді. Көп жағдайда қолында билігі бар патшалармен кездеседі. Бір патшада қырық кісінің ақылы бар дегендей ел билейтіндердің пікір талас майданында қараға жол бермейтін асқан парасатты кеңесшілері мен уәзірлері болады. Нұх, Ибраһим, Мұса, Шұғайыб және басқа пайғамбарлар патшалармен пікір таласқа әлдайым үстем шығатын.

2. Мінсіздік. Раббысының пәрменін ең бірінші іс жүзінде пайғамбар көрсетеді. Ол жүріс-тұрыстан бастап барлық жағдайда үмбетіне бой түзейтін үлгі. Міне, сондықтан да Алла пайғамбарларды барлық теріс іс пен күнәдан қорғап мінсіз еткен.

3. Аманат. Пайғамбар Раббысының шариғатын жеткізуде, іс жүзінде көрсетуде және түсіндіруде толық аманат иесі. Пайғамбар Алланың бірде бір аятын жасырып қалуы мүмкін емес. Алла әмір еткен әрбір пәрменді ашық жеткізуге міндетті.

4. Шыншылдық. Кісіде шыншылдық қасиеті жоқтығы оның тұлғасының әлсіздігін көрсетеді. Әрі оның сөзінің ешбір салмағы жоқтығын және жүріс-тұрысы күмән тудырады. Ал мұның барлығы пайғамбар міндетіне түбегейлі қарама-қайшы. Өйткені пайғамбар адамдардың жүрегіне сенім ұялатады. Әрі адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастырушы. Әрине адамдар бұл қасиеттерді пайғамбар мінез-құлқын басшылыққа алумен ғана бойға сіңіреді. Пайғамбарлық мінез-құлықтың негізі шыншылдық пен мінсіз өмір салты.

5. Жеткізу. Құран Кәрім: «Уа ардақты елші! Раббыңнан өзіңе түскенді үмбетіңе бұлжытпай жеткіз. Егер мұны істемесең, елшілік міндетіңді атқармағаның. Алла сені қаскөй адамдардан сақтайды…» («Мәида», 67), – делінген. Пайғамбарлар уахиді жеткізу барысында оларға кедергі келтіретін және қастандық жасайтындардан Алла қорғайды.

материал «Пайғамбарымызды (с.ғ.с) танисыз ба?» кітабынан алынды, 

ummet.kz