19 октября 2026, Понедельник 8 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:13
Восход 06:39
Зухр 12:04
Магриб 17:19
Иша 18:45

Сахабалардың Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігі қандай еді?

Сахабалардың Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігі қандай еді?

Әнас (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте:


«Сендер мені ата-ана, бала-шағаларыңнан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар», — деп айтылған. Ендеше, пайғамбарға деген махаббат қалай болмақ? Оның тұлғасын танымай, өмір жолын оқымай жақсы көру мүмкін емес. Пайғамбарға деген сүйіспеншілікті оның көзін көрген сахабалардан үйренуіміз керек.

Меккеде мұсылмандардың жағдайы қиындап кеткен шақ. Күнде қысым көріп жатқан. Қағбаға тауап етуге Ясрибтен (Мәдина қаласының бұрынғы атауы) келген кісілермен Пайғамбарымыз кездесіп, иманға үндеді. Олар мұсылман болып, Пайғамбарымызды өз қалаларына көшіп келуге шақырды. Мұнан соң Алла елшісі мұсылмандарға қауіпсіз қала Ясрибке хижрет етуге бұйрық берді. Осылайша ұлы көш басталды.

Әбу Бәкір де көшпек боп рұқсат сұрады. Сонда пайғамбарымыз: «Асықпа, Алла саған бірге шығатын серік беріп қалар», — деп кідіруін сұрады. Көп өтпей-ақ көктен пайғамбарымызға хижрет ету бұйрығы келді. Уахиді Әбу Бәкірге айтқанда: «Уа, Алла елшісі, сізге серік боламын ба?» — деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә, серік боласың», — деді. Айша анамыз: «Уаллаһи, сол күні әкем Әбу Бәкірдің жылағанын көрмейінше, кісі қуаныштан жылайды деп ойламадым», — дейді.

Сахабалар Пайғамбарымызды қалай жақсы көрді?

Жауап: Сахабалар сүйіспеншілігінен бір үзінді айтып көрелік. Худайбия жазығы. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен Меккені бет алған. Ниеттері кіші қажылық өтеу. Мұнан хабар алған мүшріктер шұғыл аттарына қонды. Осылайша екі тарап Худайбияда ұшырасты. Бұл жерде мүшріктер мен мұсылмандар арасында келіссөз жүріп жатты.

Құрайыш өкілі Ұруа бин Масғұд бітімнен кейін Меккеге оралғанда: «Уа, халайық! Мен көп патшалардың құзырында болдым. Рим императоры, парсы патшасы, хабаш билеушісінің де. Уаллаһи, Мұхаммедті жолдастары құрмет еткеніндей ешбір патшаның ұлықталғанын көзім көрмеді. Ол түкірсе, жолдастары алақанымен қағып алып (теберік етіп) бетіне немесе денесіне жағатын. Оның сөзі бұлжытпай орындалатын. Дәрет алмақ болса, суын дайындауға таласатын. Ол сөйлесе, барлығы дауысын бәсеңдетеді. Құрметтегендіктен, ешкім көзіне тік қарамайды», — деп таңданысын жасыра алмады.

материал «Пайғамбарымызды (с.ғ.с) танисыз ба?» кітабынан алынды,

ummet.kz