23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің намаз қимылындағы ерекшеліктер

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің намаз қимылындағы ерекшеліктер

Намаз

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің намаз қимылындағы ерекшеліктер төмендегідей:

Әйелдердің ифтитах тәкбірі
Әйел адам ифтитах тәкбірін алғанда «Аллаһу әкбар» деп, қолдарын иық тұсына дейін көтереді.
Имам Бухари өзінің «Қурратуль ғайнайн» атты еңбегінде Сүләймән ибн Умайрдың мына сөзін риуаят етеді:Ол: «Мен (сахаба Әбу Дарданың зайыбы) Умму Дарданың намазда екі қолын иық тұсына көтергенін көрдім», – дейді.

Әйелдің қол байлауы
Әйел кісі намазда оң алақанын сол қолының үстіне қойып, қолды көкірек тұсына байлайды. Білезіктерін ер кісілер сияқты қапсыра ұстамайды. Намаз кезінде өздерін жинақы ұстаулары үшін осылай істегендері абзал.

Табиғин Ата ибн Әби Рабах: «Әйел кісі қиямда тұрғанда мүмкіндігінше екі қолын жинақы ұстайды», – деген. (Ата ибн Әби Рабах Айша, Әбу Хұрайра, Абдулла ибн Аббас сынды көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен кісі. Мекке ғалымы).

Әйелдің рүкүғы мен сәждесі
Әйелдер рүкүғқа барғанда аздап иіледі. Тізесін аздап бүгеді. Саусақтарының арасын ашпастан тізесіне қолын қояды. Қолдарын тізеге таямайды. Ал, сәжде жасағанда білектерін жерге тигізіп, шын- тақтарын өкпе тұсына тақап ұстайды. Қарны қарасанына тиюі тиіс. Бұл жайында Әбу Шәйба өзінің «Мұсаннаф» атты еңбегінде Әзіреті Әлидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Әйел баласы сәждеде жиырылып, екі санының арасын ашпай, ол екеуін тигізе тақап ұстайды».

Табиғин Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәъидің былай дегені риуаят етіледі:
«Әйел кісі сәжде жасайтын болса, қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын, бөксесін көтермесін және ер кісілер сияқты (екі шынтағының арасын) ашпасын».

Тағы бір сөзінде Ибраһим:«Әйел кісі сәжде жасағанда екі санын бір-біріне тигізе тақап ұстасын және қарнын қара санына тигізсін...», – деген.
Байхақидың «әс-Сүнәнүл-кубра» атты хадис жинағында Ибраһим ән-Нәхаъи былай дейді: «Әйелдер сәждеге барғанда қарнын екі санына тигізе тақап ұстасын деп әмір етілді. Бұл сәждеде бөксесі көтерілмесін деген мақсатта айтылған. Сәжде жасағанда ер кісілер сияқты екі шынтағының арасын ашпасын (деп те бұйырылды)».

Әйел кісінің «тәшәһһуд» отырысы
Әйел кісі тәшәһһуд отырысында сол жағына жамбастай отырып, екі аяғын оң жаққа жібереді. Және қолдың саусақ ұштарын тізеге жақындатып,саусақ арасын ашпай, қолын санның үстіне қояды. Мұндай отырыс әйел табиғатына сай келеді әрі жинақы көрінеді. Мұны «тәуәррүк отырысы» дейміз.

Бұған төмендегі хадис дәлел:

Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Әйел баласы намазда сол жақ аяғын оң жақ санының астына басып отырады. Ал, сәждеде барынша жинақы көрінетіндей қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын. Алла (осылай отырып оқыған әйелге) қарап періштелеріне: «Уа, періштелерім! Куә болыңдар, мен бұл әйелдің күнәсін кешірдім», – дейді».

материал “Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: