23
Сенбі,
Қараша

һижри

Рүкүғта қол көтеру туралы айтылған хадисті Ханафи мәзхабы неге қабыл етпеді?

Рүкүғта қол көтеру туралы айтылған хадисті Ханафи мәзхабы неге қабыл етпеді?

Намаз

Ханафи мәзһабы бойынша хадис үш түрге бөлінеді: Мүтәуәтір, Мәшһүр және Ахад хадистер.

Мүтәуәтір хадис деп, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бастап, соңғы естуші кісіге дейін жалған дейтіндей дәйекке жол бермейтін көпшілік тарапынан жеткен риуаятты айтамыз. Мысалы, бес уақыт парыз намаздары, зекет беру т.б.

Мәшһүр хадис деп, алғашқы буынғы (сахабалар кезеңі) хадис риуаят етушілердің саны аз болғанымен, кейінгі екінші және үшінші дәуірдегі (табиғин және атбәғут табиғин кезеңінде) риуаят етушілердің саны күрт көбейіп, мүтәуәтір деңгейіне жеткен хадисті айтамыз.

Ахад хадис деп, риуаят етушілердің саны жағынан алдыңғы екі хадис (мүтәуәтір және мәшһүр) деңгейіне жетпеген хадистерді айтамыз.

Хадистің осы үшінші түріне қатысты Ханафи мәзхабының өзіндік шарттары бар. Ол шарттар қысқаша төмендегідей:

1. Ахад хадистегі үкім Құран аяттары мен мүтәуәтир және мәшһүр хадистерге теріс келмеуі керек.

2. Жалпылама Ислам қағидаларына теріс келмеуі тиіс.

3. Ахад хадисте қамтылған үкім көпшілікке қатысты дүние болмауы керек. Яғни, егер хадистегі айтылған үкім көпшілікке қатысты болған жағдайда неге біренсаран сахабадан ғана бізге жетеді? Демек, оның үкімі не жойылған, не болмаса, Пайғамбарымыздың сөзі екендігінде күмән бар.

4. Ахад хадисті риуаят еткен сахаба, өзі айтқан хадистегі үкімге қайшы әрекет етпеген болуы керек. Сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімге теріс әрекет еткендігі анықталса, оның әлгі жеткізген хадисі қабыл етілмейді. Неге десеңіз, аталмыш сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімді жоятын одан да қуатты дәлел кездестірген болуы мүмкін.

Осыған орай, «Рүкүғтан тұрғанда қолды көтеру» жайында келген хадистер жоғарыда тізілген талаптардың соңғы екеуіне сай емес, дәлірек айтқанда, үшінші мен төртінші бөлімде көрсетілген талаптарға (3 пен 4). Тарқатып айтар болсақ:

Біріншіден, «рүкүғта қол көтеру» мәселесі көпшілікке қатысты дүние. Пайғамбарымыз намазды көпшілікпен оқыған. Осы тұрғыдан алғанда, оның бұл қимылын жалғыз-жарым сахаба емес, жүздеген адам жеткізуі керек еді. Яғни, бұл хадис ахад емес, мүтәуәтир дәрежесінде болуы тиіс еді. Демек, ол әрекеттің үкімі не жойылған, не болмаса, Пайғамбарымыз кейде жасап, кейде жасамаған әрекет болуы мүмкін. Өйткені, рүкүғта қолды көтергендігі жайында келген риуаяттармен қатар, ол әрекетті теріске шығаратын деректер де жоқ емес.

Екіншіден, «рүкүғта қол көтеріледі» деген хадисті риуаят еткен Абдулла ибн Мәсғуд, Абдулла ибн Омар, Әли ибн Әби Талиб сынды ғалым сахабалар өздері риуаят еткен хадистеріне өздері теріс амал еткендігі кітаптарда бар.

Мысалы, «Сахих Бухариде» сахаба Абдулла ибн Омардан келген хадисте Пайғамбарымыздың рүкүғқа барғанда және одан бас көтергенде қолын иық тұсына көтергендігі айтылады. Бірақ, кейіннен ол өзі айтқан аталмыш хадиске теріс әрекет еткен. Мүжәһидтің айтуына қарағанда Абдулла ибн Омар намазда тек әуелгі тәкбірде көтеретін. Сахабаның бұл әрекеті әлгі өзі келтірген хадистің үкімінің жойылғандығын көрсетеді69. Әбу Дауідте Әзірет Әлиден де Алла Елшісінің рүкүғда қолды көтергендігі жайлы хадис риуаят етілген. Әйтсе де, Әзірет Әлидің рүкүғтан кейін қолын көтермегендігіне қатысты дерек те бар. Ең дұрысын Алла біледі!

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: