23 Қараша 2026, Дүйсенбі 13 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 06:05
Күн 07:39
Бесін 12:06
Екінті 14:35
Құптан 17:56

Көп ақылдан пайда жоқ, сабырдың ізі болмаса...

Көп ақылдан пайда жоқ, сабырдың ізі болмаса...

«Көп ақылдан пайда жоқ, cабырдың ізі болмаса...» (Кердері Әбу Бәкір)


Сабыр – адамның қиындық үстінде ақылын, иманын, дұрыс әре- кетін жоғалтпай, өзін ұстай білуі. Сабыр тағдырдың салмағына шарасыз көніп, қол қусырып отыру емес, қандай жағдайға тап болса да, ішкі тепе-теңдігін сақтап, дұрыс бағыттан айнымай әрекетін жалғастыру. Сондықтан сабырды адамның ерік-жігерінің жеңісі деуге болады. Нәпсі бір нәрсені қалап, сезім бір жаққа сүйреп, сыртқы жағдай екінші жаққа итермелеп жатқанда, адам өзінің сенімі мен ақылына сүйеніп, дұрыс жолдан жаңылмаса нағыз сабыр осы болмақ.

Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Сабыр ету әрі намаз оқу арқылы Алладан жәрдем сұраңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге»  («Бақара» сүресі, 153-аят) - делінген. Байқасаңыз, аятта сабыр мен намаз қатар аталады. Өйткені қиындық үстінде сабыр адамның ішкі әлемін шашыратпай ұстап тұрса, намаз әлсіз пендені құдіреті шексіз Жаратушысына жалғайды. Бірі адамды іштен бекітсе, екіншісі сол күштің ақиқи қайнарынан жәрдем тілеуге жетелейді.

Сабыр қайғылы әрі қысылтаяң шақта сабыр сақтау мен намазға жүгіну бір-бірінен бөлек емес, қайта бірін-бірі толықтырып тұратын рухани қос тірек.

Имам Ғазали сабырдың мазмұны бір бола тұра, жағдайға қа рай атауы да өзгеретінін алға тартады. Құрсақ пен тән құмарлығын тізгіндеудегі сабыр ғиффат, ашуды жеңудегі сабыр биязылық, майдандағы табандылық батылдық, артық дүниеден бас тарту – зуһд, азға разы болу қанағат деп аталады (Саид Хауа. «Әл-Мустахлас фи тәзкиятил-әнфус» (Ғазалидің «Ихия улумид-дин» еңбе гінің мазмұнын қамтыған еңбек). Дар әс-Сәләм, 10-басылым, 1424 һ./2004, 308-бет).

Сондықтан сабырды көркем мінездердің бірі ғана емес, көптеген ізгі қасиеттің астарында жатқан ортақ рухани қуат деуге болады. Ашуды басқару үшін де, кешіру үшін де, білім алу мен ұзақ еңбек ету үшін де, нәпсіні тәрбиелеп, жақсы әдетті тұрақтандыру үшін де сабыр қажет.

Діндар адамның өмірі негізінен екі үлкен халдің арасында өтеді. Бірі нығмет, екіншісі сынақ. Нығмет келгенде шүкір ету, қиындық келгенде тағдырға наразылық танытпай сабыр сақтау рухани өмірдің бірін-бірі толықтыратын қос қанаты. Осылайша шүкір молшылықта адамды астамдықтан қорғаса, сабыр таршылықта оны үмітсіздіктен сақтайды.

Сабыр қол қусырып шарасыз отыру емес. Ауырған адам дәрігерге бармай, дертін асқындырып алып, «сабыр етіп жүрмін» десе, оның ісін сабыр деуге болмайды. Науқас емделіп, нәтижесін сабыр- мен күткені тәрізді, қарызы бар адам да еңбектеніп, жағдайының біртіндеп түзелуін сабырмен күтеді.

Сабыр сезімді көміп, ештеңе болмағандай жүру емес. Көркем сабыр адамның жүрегін тас қылып, қайғыны сезбеуін талап етпейді. Кішкентай ұлы Ибраһим қайтыс болғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) көзіне жас алып, қайғырған. Мұны көрген бір сахабасы: «Уа, Алланың елшісі, сен де қайғырасың ба?» деп сұрағанда, Алла елшісі: «Иә, мұңаю Алланың адам жүрегіне қойған рақымының нәтижесі. Біз қайғырсақ та, Аллаға қарсы келетін сөз айтпаймыз», - деп жауап берген. Демек, сабыр – қайғыны сезбеу емес, сол қайғының ішінде өзіңді жоғалтып, Құдай разы болмайтын әрекетке бармау, эмоцияның саған билік жүргізуіне жол бермеу.

Сол секілді сабыр зұлымдыққа үнсіз көну емес. Біреу көз ал дыңда қорлық көріп жатса, араша түспеу, отбасыңның немесе әлсіз жанның құқығына қол сұғылғанда әрекетсіз қалу сабыр емес. Сабырдың да өлшемі бар. Кей жерде төзу керек болса, кей жерде әділет үшін әрекет ету міндет. Сондықтан сабырды қай кезде, қандай жағдайда қолдану керектігін ар-ұжданмен, ақылмен және діннің өлшемімен ажырата білу қажет. Егер «сабыр ету» адамның көмек сұрауына кедергі болып, зорлық-зомбылықтың жалғасуына себеп болса, онда ол өзінің шынайы мағынасынан айырылғаны.

материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,

ummet.kz