22 Қараша 2026, Жексенбі 12 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:37
Бесін 12:05
Екінті 14:36
Шам 16:23
Құптан 17:56

Рукуғ жасау – парыз, рукуғты асықпай жасау – уәжіп

Рукуғ жасау – парыз, рукуғты асықпай жасау – уәжіп

Рукуғте орындалатын сүннеттер (рукуғ жасау – парыз, рукуғты байыппен, асықпай жасау – уәжіп):


– Рукуғке бара жатқанда тәкбір айту.

Абдуллаһ ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) әр еңкейгенде, көтерілгенде, тұрғанда және отырғанда «тәкбір» айтатын», – деген (Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 235, хасан сахих хадис).

–Еңкейіп, екі алақанды тізелердің үстіне қою.

Омар (Алла оған разы болсын): «Тізені ұстау сүннеттен», – деген (Сунән ән-Нәсәи, Китәб әт-татбиқ, 1025). Омар (Алла оған разы болсын): «(Намазда тұрғанда тізені ұстау) сендерге сүннет етілді. Ендеше, тізені ұстаңдар», – деген (Сунән ән-Нәсәи, Китәб әт-татбиқ, 1024).

– Саусақтардың арасын ашық ұстау.

Сәлим ибн әл-Баррад: «Бізге Әбу Масғуд әл-Ансари: «Сендерге Алла елшісінің (с.а.с.) намазын оқып берейін бе?» – деп, тәкбір айтты, рукуғке барып, бүкіл денесі тынышталғанша екі қолын тізесінің үстіне қойып, саусақтарын ашық ұстады», – деген (1).

– Рукуғте тұрғанда арқасын түзу ұстап, басын төмен түсірмей және жоғары да көтермей денемен бір деңгейде ұстау. Бұл – барлық мазһабтарда сүннет.

Уәбиса ибн Мағбад (Алла оған разы болсын): «Алла елшісінің (с.а.с.) намаз оқып тұрғанда рукуғке барса, арқасына су құйса, (су) біркелкі орнында тұратындай (төгілмейтіндей) түзу ұстайтынын көрдім», – деді (2).

Айша анамыздың Пайғамбардың (с.а.с.) намазын сипаттаған көлемді хадисінде: «Ол (с.а.с.) рукуғ жасаса, басын көтермейтін және түсірмейтін, бірақ бұл екеуінің арасында ұстайтын», – деген (3).

– Үш рет «Субхана раббиял ъазим» деп айту.

Мағынасы: менің Ұлы Тәңірім Пәк.

Бізге Хузайфадан (Алла оған разы болсын) мына бір оқиға жеткен: Ол бір түні Пайғамбардың (с.а.с.) жанына тұрып, намаз оқыған. Сонда ол (с.а.с.) рукуғте «Субхана раббиял ъазим», сәждеде «Субхана раббиял әълә» деп айтатын (4).

Ханафи мазһабында осы сөздермен үш рет тәсбих айту – сүннет. Тәсбихты одан кем айтса, сүннетті орындаған болып есептелмейді. Олар бұл мәселеде мына хадиске сүйеніп шешімге келген: Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер сендердің біреулерің рукуғке барып, үш рет «Субхана раббиял ъазим» десе, рукуғы толық болды және ол ең азы, егер сәжде жасап, сәждеде үш рет «Субхана раббиял әълә» десе, рукуғы толық болды және ол ең азы», – деді», – деген (5).

Имам әт-Тирмизи: «Ибн Масғудтың хадисінің иснәді үзілген. Аун ибн Абдуллаһ ибн Утба, Ибн Масғудты кездестірмеген. Бұл хадиспен ілім иелері амал етеді және намазхан рукуғ пен сәждеде үш тәсбихтан кем оқымағаны мустахаб», – деген6.

Егер имамға ұйыған адам үш рет тәсбих айтып болғанша, имам рукуғтен не сәждеден тұрып кететін болса, ұюшы тәсбихтерді айтпастан, имамға ілесіп орнынан тұрады. Себебі тәсбих айту – сүннет, ал имамға ілесу – уәжіп.

____________________________________________________________

1. Сунән әд-Дәрими, Китәб әс-салаһ, 1271.

2. Сунән Ибн Мәжәһ, Китәб иқамати әс-салаһ уа әс-суннату фиһа, 862.

3. Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 768.

4. Сунән ән-Нәсәи, Китәб әл-ифтитах, 988.

5. Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 242.

6. Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 242.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz