Фиқһ ілімінің ғалымдары күлуді «езу тарту» (күлімсіреу), «жай дауыспен күлу» және «қарқылдап күлу» деп үшке бөледі:
– Езу тарту намазды бұзбайды.
– Өзі және жанында тұрған адам ғана еститіндей дауыспен күлу барлық мазһабтарда намазды бұзады.
– Айналасындағы адамдардың барлығы еститіндей дауыспен күлу ханафи мазһабында күлген адамның намазын да, дәретін де бұзады. Олар имам әл-Бәйһақи риуаят еткен мына хадисті дәлелге алған: «Дәретті жеті нәрседен (қайта) алады... » деп намазда қарқылдап күлуді де есептеген» (Әл-Бәйһақи Хиләфат. Имам әз-Зәйләғи: «Бұл хадистің иснадындағы Шәһл ибн Аффан мен әл-Жаруд ибн Язид дағиф», – деген (Насб әр-райа. І-том, 44-бет).
Усама: «Біз Алла елшісінің (с.а.с.) артында намаз оқып тұрған кезімізде, бір соқыр адам келе жатып, шұңқырға түсіп кетті. Біз оған күлдік. Алла елшісі (с.а.с.) бізге дәретті толық қайта алуды және намазды басынан қайталауды бұйырды», – деген (1).
Ибраһим ән-Нахағи: «Пайғамбар (с.а.с.) намазда тұрған кезде, соқыр адам келе жатып құдыққа түсіп кетеді (2). Олар (3) күледі. Пайғамбар (с.а.с.) (намаз оқып болғаннан кейін) күлген адам дәретін қайта алсын және намазын қайта оқысын деп бұйырады», – деген (4).
________________________________________________________________
1. Сунән әд-Дарақутни, ІІ том, 172-бет.
2. Пайғамбар (с.а.с.) ол намазды мешіттен тысқары жерде оқыған.
3 Кейбір ғалымдар осы хадистегі «олар» деген сөзді Пайғамбардың (с.а.с.) заманындағы мұнафықтар десе, кейбір ғалымдар олар дінге жаңадан кіргендер деген.
4. Мусәннәф Ибн Әбу Шәйбә, I том, 424-бет. Сунән әд-Дарақутни, Бәб ахадис әл-қаһқаһа фи әс-саләһ, 43. Бұл хадисті әл-Бәйһәқи Әбу әл-Ғалиядан мурсәл иснәдпен де риуаят еткен.
5. Әл-Фиқһ әл-ханафи фи сәубиһ әл-жәдид, I том, 250-бет.
6. Сунән Әбу Дауд, Китәб әс-салаһ, 730. Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 278.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz