Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі:
«Оң аяқты тік қою, аяғының бармақтарын құбылаға қарату және сол аяқтың үстіне отыру – намаздың сүннеті».
Хадисті Насаи риуаят ете отырып, ол туралы да ешқандай пікір білдірмеген (1/173).
Хадисті жеткізушілер екі «Сахихтың» рауилері. Тек Рабиғ ибн Сүлеймен ибн Дәуіт – Насаидің шейхы, сенімді рауи. Ал Исхақ ибн Бәкір – Муслим рауилерінің қатарында, ол да – сиқа.
«Әсарус-Сунанда»: «Бұның санады – сахих», – делінген (1/122).
Әбу Хумайд Сағидиден (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Кейін жерге жығылды, екі қолын жанынан алшақ ұстады. Кейін басын көтеріп, сол аяғын төсеп, үстіне отырды. Сәжде жасағанда бармақтарын бүгіп, құбылаға қарататын. Сосын сәжде қылатын. Сонан соң «Аллаһу Акбар» дейтін...».
Хадисті Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Хиббан риуаят еткен. Санады – сахих («Әсарус-Сунан», 1/119).
Айшадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сол аяғын төсеп, оң аяғын тік қоятын және шайтан ұқсасынан қайтаратын» (Муслим риуаяты).
«Шайтан ұқсасының» мағынасын Имам Науауи былай түсіндіреді: «Намазда мынадай отырыстарға тыйым салынған: ит және басқа да жыртқыш аңдардың жастанғаны секілді жамбасын төсеп, балтырын тік қылып, қолды жерге тіреп отыру. Алла – анығырақ білуші (Имам Науауи, «Сахих Муслимнің шархы»).
Уаил ибн Хужр (Алла оған разы болсын) былай деді: «Мен Мәдинаға келдім де: «Алла Елшісінің (с.ғ.с) намазын міндетті түрде көрейін», – дедім. Ол отырғанда – яғни тәшәһһуд үшін – сол аяғын жайып үстіне отырды, сол қолын санына қойды және оң аяғын тік ұстады». Оны Тирмизи жеткізген және: «Хасан сахих», – деп баға берген. Сондай-ақ көпшілік ғалымдардың ұстанымы осыған сай. (1/38)
Әбу Хумайд әс-Сағидиден жеткен хадисте ол Алла Елшісінің (с.ғ.с) намазын сахабалардың бір тобының алдында сипаттап айтып былай деді: «Сосын тәкбір айтты да сәждеге барды. Кейін тағы тәкбір айтып орнынан тұрды әрі тәуәррук жасамады».
Тәуәррук – сол жақ бөксеге отырып, екі аяқты оң жаққа шығарып отыру тәсілі. Бұл хадисті Әбу Дәуіт пен Ибн Хиббан риуаят еткен.
Ибн Хажар: «Бұл – сахих хадис», – деген. (Сунан Әбу Дәуіт: 1/487).
материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,
ummet.kz