Имам Ахмад «әл-Муснад» еңбегінде былай риуаят етеді:
Әбу әл-Ғадия, анасы және Хабиб ибн Харис үшеуі Пайғамбарымызға(с.ғ.с) хижрет жасап, Исламды қабылдайды. Сонда Әбу әл-Ғадияның анасы Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған өсиет айтыңыз!» – деп ілтипатпен өтініш білдіреді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) оған бір ауыз ғана сөз айтты. Ол қысқа болса да терең мағыналы еді: «Құлаққа жағымсыз нәрседен сақтан!»
Кейде ескерместен сөйлеген сөздеріміз електен өткізуді қиынға соғып жатады. Адамдарға айтқан ауыр сөз құлаққа жағымсыз, жүрекке тиген зілмен тең! Өсек пен ғайбат соның санатынан, одан аулақ бол!
Ертеңгі күнге үрей тудыру, үмітті жою, күңіренуге жол ашады. Тағдырға риза болмау, үнемі шағымдану да шүкірсіздікке себеп болады, сабырлы бол!
Сөз – адамды көтереді һәм құлатады да. Бір жылы сөзбен жарамыз жазылып жатса, бір демейтін лебізден дертімізге дауа табамыз. Бір қатқыл сөзбен-ақ, досымызды дұшпанға, жақынымызды жауымызға айналдырып аламыз.
Өзіміз білместіктен кез келген сөзді жақындарымызға ойланбастан айта саламыз, бірақ оның ызғары жүректерге жара салып, бәлки өлгенше ұмытылмас реніш болып қалатынына мән де бермейміз. Сондықтан, сөйлер алдында ойыңды сүзгіден өткіз, егер айтқаның жақсылық тудырмаса үнсіз қалудың сауабы.
Әрбір сөзіңнің амал дәптеріңде бір әрпі де қалмастан жазылып жатқанын жадыңда ұста. Өйткені, оны Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын», – деп ескерткен.
Сөз көзге көрінбесе де, бірақ тағдырды өзгертеді. Адам шындығында күнәнің көбін тілінен табады. Шындықты бетке айттым деп біреуді еш негізсіз ғайбаттауды да көрегендігіміз бар. Осылайша адамдарды қаралап, өзі осы қылығы арқылы күнә арқалайтынын білмей қалады. Сөйлеген әр сөзіне есеп бере алмай, ғайбат істің жетегінде жүргендерге иман ғана таразы бола алады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбәрак хадистерінің бірінде: «Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе, күнәсі көбейеді...», – деген.
«Түрмеде тілден ұзақ отыруға лайықты еш нәрсе жоқ» (Абдулла бин Масғуд (р.а.))
материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,
ummet.kz