Жұманың парыз намазынан бұрын және кейін төрт ракағат сүннет намазын оқу.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Егер сендердің біреулерің жұма намазын (парыз) оқыса, одан кейін төрт ракағат оқысын», – деді», – деген (1). Абдуллаһ ибн Масғуд жұманың алдында және содан кейін төрт ракағат оқитын (2).
Алла елшісінің (с.а.с.) заманында жұма намазы үшін азан бір рет айтылатын. Ол уақытта Алла елшісі (с.а.с.) мінберге шығып, адамдармен амандасқаннан кейін сахабалардың бірі азан шақыратын да, кейін Пайғамбар (с.а.с.) тұрып құтпа айтатын. Яғни адамдарға осы екі аралықта сүннет не нәпіл намазын оқуға іс жүзінде уақыт жоқ та еді.
Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін мұсылмандар саны көбейіп, адамдардың жұма намазына кешігу қаупі ұлғайғандықтан, Осман (Алла оған разы болсын) алдымен бір рет азан шақырып, адамдарға жұма намазы уақытының кіргендігін хабарлауды, адамдар жиналғаннан кейін екінші рет азан шақырып, имамның құтпа оқуын бекіткен. Осыдан кейін мешітке жұма күні екі азанның арасында біреулер екі ракағат, біреулер төрт ракағат, келесі біреулер одан да көп ракағат намаз оқитын.
Сондықтан кейбір ғалымдар «жұма намазының алдында бекітілген арнайы сүннет намазы жоқ, әркім өз қалауынша намаз оқи береді» деген.
1. Сахих Муслим, Китәб әл-жумға, 1457.
2. Сунән әт-Тирмизи, Китәб әл-жумға, 481.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz