Қазіргі кезде кең таралған сұрақтың бірі: «Алладан сабыр сұрауға бола ма? Сабыр сұрасаң, басыңа сынақ келеді деген рас па?»
Бұл мәселенің шығу тегі Имам Термизи риуаят еткен мына бір хадиспен байланысты. Бірде Алла елшісі бір адамның: «Уа, Аллаһым! Мен Сенен сабыр сұраймын!» – дегенін құлағы шалып қалады. Сонда ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сен Алладан сынақ сұрадың. Оның орнына амандық пен саулық сұра», – деп айтады.
Енді осы хадистің төңірегінде айтылған сөзге кезек берсек. Хадис мамандары бұл хадисті өте әлсіз (даиф хадис, яғни, хадис тізбегінде бір сенімсіз жеткізушінің болуы) жолдармен жеткен деп баға берген. Имам Мулла Али әл-Кари (Алла оны мейіріміне бөлесін) осы хадистің түсіндірмесінде:
«Бұл хадистің бір мәнісі – сынаққа дейін сабыр сұрамау. Ал сынақтан кейін сабыр сұраудың әбестігі жоқ, тіпті сол сәттерде сабыр сұрау – ұнамды амал.
Өйткені Алла Тағала «Бақара» сүресінің 250-аятында (Иманды Талут патшаның зұлым болған Жалут патшаға қарсы соғысын баяндап, Талут патшаның әскері айтқан дұғаны баяндап) былай деді: «Сөйтіп, олар Жалут және оның әскерімен бетпе-бет келгенде: «Уа, Раббымыз! Бізге сарқылмас сабыр бергейсің!» – деп айтты. Және «Ағраф» сүресінің 125-126 аяттарында (Мұсаға ерген сиқыршылар, Перғауынға қарсы шыққан кезде) былай деді: «Сиқыршылар сонда да қасқайып тұрып: «Біз қайткен күнде де Раббымызға қайтамыз. Сен бізден Раббымыздың өзімізге келген аяттарын көріп, иман келтіргеніміз үшін ғана өш алып тұрсың. Уа, Раббымыз! Бізге сабыр бере көр! Жанымызды бір Өзіңе мойынсұнған мұсылман күйінде ала көр!» деп жалбарынды», – деді («Мирқат әл-мәфатих», Мулла Али).
Үлкен ғалым Мулла Алидің сөзіне сәйкес сынақ түскенде сабыр сұраудың еш ағаттығы жоқ екен. Тіпті кей ғалымдар жоғарыдағы аяттарға сәйкес, сынаққа дейін де, кейін де сабыр сұраудың аса әбестігі жоқ екенін алға тартқан. Өйткені адам өмірі сынақтардан еш уақытта ада болмайды. Адам әрдайым сынақта. Жақсылықпен де, жамандықпен де сыналады. Анығын Алла білуші.
материал «Дұға кілттері» кітабынан алынды,
ummet.kz