Тарихы:
Алла Тағала пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиыншылықтар мен қысымдарды қалай қарсы алу керектігін айтып ескертті: «Кәпірлер білгендерін істей берсін», ал сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар».
Күпірлік, қастандық, жалғанға шығару секілді қандай да болмасын жамандықты одан да жақсырақ сабырлық, кешірімділік, жақсы сөз секілді мінезбен қарсы алуды бұйырды. Кейін осы бір ұстанымды тұрақтап, нық тұру үшін төмендегідей бір дұғаны айтуды өсиет етті:
Дұғасы:
Я, Раббым, шайтандардың уәсуәсі мен азғыруынан сақтай көр деп Өзіңнен пана тілеймін. Сонымен қатар, уа, Раббым, олардың маған жанасуынан сақтай көр деп, бір Өзіңнен пана тілеймін.
Түсіндірмесі:
Я, Раббым, шайтандардың уәсуәсі мен азғыруынан сақтай көр деп Өзіңнен пана тілеймін.
Яғни кез келген бір қысымға, жамандыққа кезіксең, шайтанның азғыруына еріп кетуден сақтанғайсың. Өйткені оның мақсаты – адастыру, азғыру, жақсылыққа кедергі жасау. Сол себепті әр істі Алланың атымен бастау қажет. Өйткені Алланың атымен басталған іске шайтан жоламайды.
Сонымен қатар, уа, Раббым, олардың маған жанасуынан сақтай көр деп, бір Өзіңнен пана тілеймін. Тіпті олардың маған жақындауынан да қорғашы.
Тағылымы:
Мұсылман дау-дамай секілді келеңсіздікке түскен уақытта сабыр сақтап көркем мінез танытуы қажет деп айтамыз. Бірақ, қазіргі заманда ол тіптен қиын болып тұр. Адамдардың барлығы ашулы, қабақ шытуымен жүр. Ә десе мә дейтіндей жағдайда. Өйткені әр адамның өз ақиқаты бар. Нәтижесінде ешкім өзгенің сөзін қабылдағысы келмей жан-жалға түседі.
Сондықтан Алла Тағала оны шешудің жолы – мейірімділік екенін түсіндіреді. Ал мейірімділіктің салтанат құруы үшін шайтанның жамандық жасауына жол бермеу қажет. Себебі шайтан бар жерде мейірімділік орын болмайды.
Имам Ахмад, Тирмизи, Әбу Дәуід, ән-Насаи мен әл-Бәйһақи сынды мұхаддис ғалымдар Әмр ибн Шуғайбтен, ол әкесінен, ол атасынан жеткізген хадисте: «Біздер ұйықтар кезде қорыққан уақытта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөздерді айтуы үйреткен: Алланың атымен бастаймын. Алланың кемел сөздерімен Оның ашуынан, жазасынан, құлдарының кесапатынан, шайтандардың азғыруынан және жанасуынан Оған сыйынамын», деп келтіреді.
Асылында, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шайтанның азғыруынан пәк. Демек, бұл мұсылмандарға қатысты қолданған дұға.
материал «Пайғамбардай дұға қыл» кітабынан алынды,
ummet.kz