Құранда Ибраһим пайғамбардың (а.с.) өзіне және ұрпағына жасаған дұғасы бізге осы дұғаның әдістемесін үйретеді:
«Уа, Раббым! Мені және ұрпағымның ішінен намазды толық әрі үзбей орындайтын құлдарыңнан ете гөр! Уа, Раббымыз! Дұғамды қабыл ете гөр!» ("Ибраһим" сүресі, 40-аят)
Бұл жерде Ибраһим пайғамбар алдымен өзін атайды, содан кейін ғана балалары туралы тілейді. Бұл – жай ғана сөз тәртібі емес, тәрбие мен дұғадағы терең қағидат. Сол сияқты 35-аятта да: «Уа, Раббым! Мені де, ұрпағымды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!» – дейді.
Осыдан ұғатынымыз – дұға еткенде бірінші өзімізден бастауымыз керек.
Дұғаны өзімізден бастау – өзгені ұмыт қалдыру емес. Кейбір ата-аналар:
– «Балам – мен үшін ең қымбат адам», – деп дұғада тек перзентін атап, өзін мүлде есіне алмайды. Бұл, әрине, жанашырлықтан туған ниет. Бірақ Құрандық тәртіпке сай дұғада өзімізді бірінші айту – өзімізді ғана ойлау емес, керісінше тәрбие мен жауапкершілікті өзімізден бастау деген сөз.
Бұл – Алланың алдында шынайы ықылас танытудың, тәрбиеші ретіндегі орнымызды сезінудің көрінісі. Себебі тәрбие – сөз емес, үлгі. Тіл емес, мінез. Кеңес емес, өмір сүру салты.
Бұл қағиданы ұшақтағы қауіпсіздік ережелерімен салыстырып түсінуге болады. Ұшақта төтенше жағдай кезінде оттегі маскасын бірінші өзіңізге, содан кейін ғана балаңызға кигізу ұсынылады. Неге? Себебі сіз баланы құтқару үшін өзіңіз тірі, тыныс алып тұруыңыз керек. Егер өзіңізге оттегі жетпей қалса – балаға көмектесе де алмай қаласыз.
Бұл – эмоциямен емес, ақылмен қабылданатын ереже. Тура осы секілді, егер біз баланың рухани болашағына араша болғымыз келсе, бірінші өз жүрегімізді тазартып, дұғаны өзімізден бастап, жүрегімізбен Жаратушыға жалбарынуымыз қажет.
Ибраһим пайғамбардың (алейһис-сәләм) дұғасы арқылы бізге ата-ана ең алдымен өзін түзеуі керек екені үйретілуде. Егер баламыздың көркем мінезді, иманды, тақуалы жан болғанын қаласақ, дұғада бірінші: «Уа, Жаратқан! Мені көркем мінезді ете гөр!» – деп өзіңізден бастаңыз. Себебі егер ата-ана түзелсе, Алла Тағала сол ата-ана арқылы балаға да жақсылық береді. Бұл – тәрбиенің ең ықпалды әрі оңай жолы.
Осыған дәлел ретінде Құрандағы тағы бір аятта: «Алла сендердің жағдайларыңды, сендер өздеріңді өзгертпейінше өзгертпейді», – дейді. ("Рағд" сүресі, 11-аят)
Балаларымыз – біздің айнамыз. Бала көргенін қайталайды. Сондықтан Алла тәрбиені бірінші үлгі арқылы берілетін заңдылыққа негіздеген. Егер ата-ана жақсылықтың үлгісін көрсетсе, бала да соған қарай бой түзейді. Бұл – табиғи, жаратылыстық қағида.
Заңдылық пен ерекшелік: біз қайсысын негізге алуымыз керек?
Әрине, бұл заңдылықтың сыртында ерекше жағдайлар да болады. Мысалы, Ибраһим пайғамбар (а.с.) – туралықты өз әкесінен емес, Алланың тікелей нұрынан алған. Себебі оның әкесі (немесе атасы) – пұтқа табынушы, мүшрік болған. Бірақ бұл – жалпы қағидадан тыс ерекше мысал. Өмірде 1% жағдай ерекше болуы мүмкін. Ал 99% жағдайда – тәрбие ата-анадан басталады.
Сондықтан біз тәрбиеде ерекше жағдайды емес, жалпы заңдылықты негізге алуымыз керек. Дұғада да, іс-әрекетте де, тәрбиеде де жауапкершілікті ең алдымен өз мойнымызға алып, өзіміз үлгі көрсетуіміз қажет.
материал «Ғайыптан келген мейірім» кітабынан алынды,
ummet.kz