Имам әл-Байһақи келтірген ансарлықтардан болған бір сахаба былай дейді:
«Сахабалар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрет алса немесе тәүркіре, сол түкіргіне қол жеткізуге асығатын. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендер бұны не үшін жасайсыңдар?» – деп сұрады, сахабалар: «Осы амалымыз арқылы берекеге кенелгіміз келеді», – деп жауап берген. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Алла мен Оның елшісінің (с.ғ.с) сүйіспеншілігіне ие болғысы келсе, рас сөз сөйлесін, аманатына берік болсын, көршісіне зиян келтірмесін», – деді».
Бұл көріністі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) сахабалардың берген жауабынан аңғаруға болады. Дегенмен Алла Елшісі (с.ғ.с) олардың жүректеріндегі ыстық ықыластарымен бірге Пайғамбардың (с.ғ.с) сүйіспеншілігіне жетелейтін ізгілікке жол көрсеткен.
Имам ат-Табаранидің хадис жинағында сахаба Абдурахман ибн Хазис әс-Суләмиден мынандай бір хадис келеді: «Біз Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге едік.
Бірде Ол дәрет алуға су сұратты. Сөйтіп, қолымен суды алып, дәрет алды. Біз Оның (с.ғ.с) артынан ілесіп, қалған суға таласа кеттік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл істі не себепті жасадыңдар?» – деп сұрады. Біз: «Алла мен Оның елшісіне (с.ғ.с) деген махаббатымыздың себебінен», – дедік. Сол кезде Алла Елшісі (с.ғ.с): «Егер Алла мен Оның елшісі (с.ғ.с) сендерді де жақсы көрсін десеңдер, аманат алсаңдар, қиянат қылмаңдар, сөйлесеңдер, тек шын сөз айтыңдар және көршілеріңе жақсы болыңдар», – деді.
материал «Пайғамбарды (с.ғ.с) сүю иманнан» кітабынан алынды,
ummet.kz