05 Қараша 2026, Бейсенбі 25 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 05:39
Күн 07:08
Бесін 12:03
Екінті 14:58
Шам 16:47

Қажылық сапарды ниет еткендерге жеті кеңес

Қажылық сапарды ниет еткендерге жеті кеңес

Алланың алдындағы қажылық борышын өтеуді ниет еткен адам алдымен қажылықты дұрыс орындау үшін осы тақырыпта жазылған кітаптарды оқып, қажылық туралы дәрістерге қатысып, түсінбегендерін білетіндерден сұрап, қажылыққа теориялық тұрғыдан дайын болуы қажет. Одан кейін ихрам киімін, тобықты жаппайтын аяқкиімін, қажылық сапарында өзіне қажетті дәрі-дәрмегін, қаржысын және басқа да заттарын дайындап қоюы керек.


Қажылық сапарды ниет еткендерге төмендегі амалдарды орындау мустахаб:

1. Ол Алланың қонағы болғандықтан, ниетін дұрыстап, жүрегіндегі басқаларға деген ызасын, көреалмаушылық, жеккөрушілік тәрізді басқа да жаман қасиеттерінен толықтай арылуға тырысуы керек. Егер ол біреулерге зұлымдық жасаған, өзгелердің өзінде ақылары болса, оны қайтарып, олардан кешірім өтінуі қажет. Өйткені қажылық адамдарға, әсіресе, олардың мал-мүлкіне қатысты жасалған зұлымдықтың күнәсінен тазарта алмайды.

2. Туған-туыстарымен, құда-жегжаттарымен қоштасу.

3. Егер ұшақта немесе әуе жолында ихрамға кіретін болса, оған үйінен дайындалып шығады. Мысалы, тырнақ алу, қолтық және шат түктерін алу, мұрт басу, ғұсыл құйыну және иіссу себіну. Бұлардың барлығы – ихрамның алдында орындалатын сүннет амалдар.

4. Қажылық сапарға аттанарда екі ракағат нәпіл намазын оқып, Алладан ниетінің қабыл болуын және қажылығының дұрыс орындалуын нәсіп етуді сұрау.

5. Сапар дұғасын оқу.

6. Тұрғылықты кісі қаласының не ауылының шетіне шыққаннан бастап жолаушы болып есептеледі. Ол төрт ракағатты парыз намаздарды қысқартып оқу сияқты жолаушыға қатысты үкімдерді орындау және жеңілдіктерді пайдалану құқығына ие болады.

7. Егер қажылар ұшақта ихрамға кіретін болса, миқаттан ихрам киімінсіз өтпеу үшін міндетті түрде ихрам киімін өзімен бірге кішігірім сөмкеге салып, қолына алғаны жөн. Себебі көптеген адам ұшақта ихрамға кіретіндіктеріне мән бермей, ихрам киімдерін жүкпен бірге өткізіп жібереді.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz