Дүниеқұмарлық пен дәулетті болу екі басқа. Адам бай бола тұра, жүрегі дүниеге байланбауы мүмкін, ал кейбір адам кедей бола тұра, дүниеқоңыздық дертіне шалдығуы ықтимал.
Мәселе қолдағы дүниенің мөлшерінде емес, оның жүректегі орнында. Мал-мүлік қолда болса – нығмет. Жүрекке кіріп, адамды билесе, ақыретін ұмыттырса – дүниеқоңыздық. Яғни, дүние-мүлік жүрегіне кірген адам оның қожайыны емес, құлына айналады.
Сондықтан зүһд – дүниеден безіп, оны түгел тастау емес, мал-мүліктің жүректі жаулап алуына жол бермеу. Яғни, қолымыз шаруада, жүрегіміз Аллада болуға тиіс. «Қасас» сүресінде: «Алланың саған берген мүмкіндігімен ақырет жұртын ізде. Бірақ дүниедегі несібеңді де ұмытпа», деп осы тепе-теңдікті сақтау бұйырылған. Дініміз еңбек етуге, адал ризық табуға, отбасына қамқор болуға, мол садақа, зекет беріп, ел-жұртқа пайдалы болуға шақырады. Бірақ: «Біліп қойыңдар, дүние тіршілігі ойын, ермек, сән-салтанат, өзара мақтану және мал мен бала-шағаны көбейтуде жарысу ғана...» (128),- деп дүниенің өткінші сипатын ұмытпауды да қайта-қайта ескертеді.
Құран дүние игіліктеріне қызығудың адам табиғатына тән екенін айтады: «Адам баласына әйелдер мен бала-шағаға, үйілген алтын мен күміске, асыл тұқымды аттарға, мал мен егінге деген құмарлық сүйкімді етіліп қойды. Бұлар дүние тіршілігінің уақытша қызығы ғана» (129).
Демек, қауіпті дерт дүниені пайдалану емес, оны ақыреттен жоғары қойып, өмірдің түпкі мақсатына айналдырып алу. Құран адам баласының осы бір әлсіздігін ескертіп, былай дейді: «Алайда сендер дүние тіршілігін артық көресіңдер. Ақырет болса одан қайырлы әрі мәңгі» (130).
____________________________________________________
128. «Хадид» сүресі, 20-аят.
129. «Әли Имран» сүресі, 14-аят.
130. «Ағла» сүресі, 16-17-аяттар.
материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,
ummet.kz