01 Қазан 2026, Бейсенбі 20 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:09
Бесін 12:09
Екінті 16:03
Шам 17:58
Құптан 19:24

«Әл-Қариб» – Ол саған бәрінен жақын

«Әл-Қариб» – Ол саған бәрінен жақын

Өзіңді кейде жалғыз сезінесің бе? Жақын досың жол ортада қалдырып кеткендей ме? Бұрын жаныңды түсінетін адамдармен араңа көзге көрінбейтін перде түскендей күй кештің бе? Ішіңде жиналған мұңды бөлісер жанды аңсап, жүрегің бір мейірімді пананы іздеп тұр ма?


Ендеше, адамдарға емес, ешқашан теріс айналмайтын, өзіне бет бұрған жанды қабыл ететін Ұлы Иеге бет бұрсаң қайтеді? Өйткені Ол Алла, саған күре тамырыңнан да жақын. Оның «Әл-Қариб» – өте Жақын деген ұлы есімі бар. Осы есімнің мәніне бойлап, Оның саған қаншалықты жақын екенін жүрекпен сезінсең, жалғыздықтың қараңғы түндері нұрға толып, жан дүниең тыныштық табады.

Алла Тағала Аршты меңгерген Ұлы Ие бола тұра, саған тым жақын екенін ұғындыруды қалайды. Ол сенің әрбір сөзіңді естиді, әрбір ісіңді көреді. Сенен ешбір нәрсе жасырын қалмайды. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке кіргенде сахабалардың дауыстарын көтеріп, дұға етіп жатқанын көріп:

«Өздеріңе жеңілдік жасаңдар. Сендер саңырау, алыстағы біреуге жалбарынып жатқан жоқсыңдар. Сендер еститін әрі өте жақын болғанға дұға етудесіңдер», – деген еді.

Қазір қолыңды созып көр… Ол оны көріп тұр. Бұл сенім жүрекке қорқыныш та, тыныштық та сыйлайды. Оның жақындығы жанға жылу береді. Мұса пайғамбар перғауынға барудан қорыққанда, Алла Тағала: «Мен сендермен біргемін, естіп тұрмын әрі көріп тұрмын», – деді («Таһа» сүресі, 46-аят).

Осы сөздің өзі жеткілікті еді. Өйткені Алланың бірге болуы ең үлкен қорған. Алла оларға жәрдемдесіп, жолын ашатынын уәде еткенде, олар қалай қорықпақ?! Ақиқатты айтатын, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын адамда ерекше батылдық болады. Бұл – Алланың оған деген жақындығының белгісі.

Осы тақырыптағы ең жүрекке жылы, жанды терең тербейтін аяттардың бірі Хақ Тағаланың мына сөзі: «Ол сенің түн ішінде тұрып, құлшылық ететініңді де көреді. Сондай-ақ сені намазға тұрғаныңда да, сәжде жасаушылардың арасындағы қозғалысыңда да көреді…» («Шұғара» сүресі, 218–219-аяттар).

Осы аятты жүрекпен сезініп көрші… Сен түн тыныштығында Раббыңның алдында тұрсың. Айнала жым-жырт. Ал сен «Аллаһу әкбар» деп қол байлаған сәтте бүкіл әлемнің Иесі саған назар аударып тұр. Ол сенің қимылыңды ғана емес, жүрегіңдегі ықыласты, көкірегіңдегі сезімді, жан дүниеңдегі сыбырды көреді. Бұл жай ғана көру емес. Бұл ерекше назар. Бұл махаббатпен қарау, құлшылығыңды қабыл ету, дұғаңды жауапсыз қалдырмау, кемшілігіңді кешіру. Алла барлық жаратылысты көреді. Бірақ намазға тұрғанда құл Оның ерекше назарына ілігеді. Бұл таңдалған сәт, нұрланған құл Оның ерекше назарына ілігеді. Бұл таңдалған сәт, нұрлы байланыс. Жаратушы мен құлдың арасындағы ең жақын сәттердің бірі.

Осындай мағынаны толықтыратын бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Құранды әдемі дауыспен, жария түрде оқыған пайғамбарға құлақ асқандай ешбір нәрсеге құлақ аспайды», – деген. Мұндағы құлақ асу жайында Ибн Кәсир былай дейді: «Алла пайғамбардың көркем дауыспен терең ықыласпен оқыған Құранын тыңдағандай ешнәрсені тыңдаған емес. Себебі онда кемелдік, шынайылық және терең қорқу (хушуғ) бар». Ал Айша бинт Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) таңданыспен: «Барлық дауыстарды қамтыған Алла қандай пәк!» – деген еді. Расында, Ол ізгінің де, күнәһардың да үнін естиді. Бірақ мүминнің жүректен шыққан Құран оқуын ерекше ықыласпен қабыл етеді.

Құранда тағы да былай делінеді: «Қандай жағдайда болсаң да, Құраннан не оқысаң да, қандай іс жасасаңдар да сол іске кіріскен сәттен-ақ Біз сендерді бақылап, куә болып тұрамыз» («Юнус» сүресі, 61-аят). Демек, сен ешқашан жалғыз емессің. Әрбір сөзің, әрбір қимылың Оның ілімінде, Оның назарында.

Егер қорқыныш жүрегіңді қысып, жан дүниеңді шайқалтса, Оның саған жақын екенін есіңе ал да, іштей жымиып қой. Өйткені сен қорқатын ешбір нәрсе Ол сияқты саған жақын емес. Ал қиындықтар жан-жағыңнан қыспаққа алса, оларды Оның саған күре тамырыңнан да жақын екені туралы оймен-ақ тарқат.

Ертеде айтылған бір ғибратты оқиға бар. Бір адам шөл далада сапар шегіп келе жатып, жолын кескен қарақшыға тап болады. Қарақшы оны өлтірмек болғанда, әлгі адам: «Мал-мүлкімнің бәрін ал», – дейді. Бірақ қарақшы: «Жоқ, мен сені өлтіріп, сосын аламын», – дегенде, әлгі адам одан екі рәкәғат намаз оқуға рұқсат сұрайды. Қарақшы келіседі.

Аман қалған ол намаздағы халін былайша әңгімелейді: «Мен Құранның бәрін ұмытып, тек мына аят қана есімде қалды: «(Олардың жалған құдайлары қайырлы ма?) Жоқ, әлде, Өзіне дұға еткен қысылған жанның дұға-тілегін қабыл алып, оны басына түскен ауыртпалықтан құтқаратын, сендерді (жер бетін көркейтсін һәм ондағы жүйеге, жаратылыс мақсатына сай өмір сүрсін деп) жер бетінің халифалары қылған (Алла) қайырлы ма?» («Нәмл» сүресі, 62-аят).

Сол сәтте оның жүрегі толықтай Аллаға байланды. Қорқыныш тәуекелге, үрей үмітке айналды. Өйткені ол енді адамдардан емес, өте Жақын Раббысынан көмек сұрап тұр еді. Міне, шынайы жақындық осы.

Бұл жүрек толықтай Оған бұрылған сәт. Сөз азайып, сенім күшейген сәт. Құл мен Раббы арасындағы перделер ашылған сәт. Расында, Ол өте Жақын. Ерніңді әзер ғана қимылдатып, Оның атын сыбырлап атасаң да Ол сені естиді. Құдуси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Кім Мені өз жанында еске алса, Мен оны Өз жанымда еске аламын. Кім Мені бір топтың ішінде еске алса, Мен оны одан да абзал топтың ішінде еске аламын».

Неткен жақындық! Сен тек «Уа, Алла!» деп үн қатсаң болғаны – жүрегіңнің тереңінде Оның есімі жаңғырады. Патшалардың Патшасы дәл сол сәтте сенің атыңды атап: «Пәленшенің баласы түгенше Мені еске алды», – деуі қандай ұлы мәртебе! Бұл сезіммен салыстырғанда бүкіл дүние түкке тұрғысыз.

Оның жақындығы тоқтаусыз арта береді. Сен Оған бір қадам жақындасаң, Ол саған одан да жақын келеді. Тәубе, дұға, құлшылық арқылы әрбір жақындаған сәтіңде, Ол саған мейіріммен, қабыл етумен, берекемен жақындай түседі. Құдси хадистердің бірінде Алла Тағала: «Кім Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Кім Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын», – дейді.

Оның жақындығының бір белгісі – айналаңдағы әрбір жаратылыстың саған үнсіз тіл қатуы. Сен жаратылыстың үйлесіміне қарасаң Оның даналығын көресің. Көк аспанға көз салсаң Оның құдіретін сезесің. Жаңбыр тамшысында Оның мейірімін аңғарасың. Таулардың асқақтығынан Оның ұлылығын танисың.

Құл дұғасын аяқтаған сәттен-ақ жауаптың белгісі білінеді. Себебі Ол ақыл жетпес дәрежеде Жақын. Бір кісі есегін айрылып, абдырап келе жатқанда, Ибраһим ибн Әдһам оны көріп, жағдайын сұрайды. Әлгі адам мұңын айтқанда, ол: «Уа, Алла! Бұл құлыңа есегін қайтармайынша, бір қадам да баспаймын», – деп дұға етеді. Көп өтпей-ақ жоғалған есек көрінеді.

Сен Аллаға ең жақын болатын сәт – сәжде. Сол сәтте жай ғана сыбырлап айтқан «Субхана Раббиял-а’лә» сөзіңді де Ол естиді. Оны алыс деп ойлама. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнде Убай ибн Кағбтың есігін қағып: «Алла маған «Фатиха» сүресін саған оқуымды бұйырды», – дегенде, Убай: «Мені атыммен атады ма?» – деп таң қалып, көзіне жас алған еді. Бұл – Алланың құлына деген ерекше жақындығы.

Алла барлық жаратылысқа жақын. Бірақ бұл жақындық жаратылыстарға ұқсас жақындық емес. Бәлкім Оның ілімінің, естуінің, көруінің, бәрін қамтуының жақындығы. Ол түннің қараңғылығында қара тастың үстімен жүрген қара құмырсқаның дыбысын да естиді. Бір жапырақ түссе де, Ол оны біледі. Ағаштағы сансыз жапырақтардың әрқайсысы Оның ілімінен тыс емес. Алла Тағала Құранда: «Бір жапырақ түссе де, Ол оны міндетті түрде біледі», – деген («Әнғам» сүресі, 59-аят).

Бір әйел Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, күйеуіне қатысты шағым айтып жатқанда, оның кей сөздерін Айша анамыз толық ести алмаған еді. Бірақ Алла олардың барлық сөзін естіп, мына аятты түсірді: «Алла сенің алдыңа келіп, күйеуі туралы дауласып, Аллаға шағымын айтып жатқан әйелдің сөзін естіді. Алла сендер екеуіңнің әңгімелеріңді де естіп тұр. Ақиқатында, Алла толық естуші, бәрін көруші» («Мүжәдәлә» сүресі, 1-аят).

Оның жақындығы неткен ғажайып жақындық! Оның ілімі қандай ғажап ілім! Оның естуі неткен бәрін қамтушы!

материал «Алланың көркем есімдері аясында таным мен тағзым» кітабынан алынды, 

ummet.kz