29 Қыркүйек 2026, Сейсенбі 18 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:06
Бесін 12:10
Екінті 16:07
Шам 18:02
Құптан 19:28

«Жегендей болдым» («Sanki yedim camii») деп аталатын мешіттің тарихы

«Жегендей болдым» («Sanki yedim camii») деп аталатын мешіттің тарихы

Түркияның Ыстамбұл қаласында «Жегендей болдым» («Sanki yedim» camii) деп аталатын мешіт бар. Сөз жоқ, атауының өзі-ақ мешіттің тарихын білуге құштарлығыңды арттырып, қызығушылығыңды оятады.


Мешіттің тарихы былай. XVIII ғасырда Түркияда өмір сүрген Кечежи Хайреддин есімді бір қолөнерші болыпты. Шалқып тасыған бай да, сіңірі шыққан кедей де емес екен. Әйтеуір, тапқан айлығы күндік шайлығына жететін ортаңқол тұрмысы бар.

Осы адам патшалар салған әсем мешіттерге қызыға қарап, өзі де мешіт салғысы келеді. Бірақ ақшасы жетпейді. Сөйтіп, ақша жинай бастайды. Жинағанда да қалай дейсіз ғой: көңілі соққан, аңсары ауған қымбат асты «жегендей болдым» дейді екен де, оған жұмсайтын қаржысын тығып қояды.

Осылайша, 20 жыл дегенде шағын мешіт қаржысы құралыпты. Сол ақшаға қолөнерші Ыстамбұлдың төрінен орташа мешіт тұрғызады. Міне, арада 300 жылдан астам уақыт өтсе де, мешіттің есігі де, оны салдырған Кечежи Хайреддиннің амал дәптері де ашық. Алла тағала Кечежи Хайреддинге шын ниеті үшін сауап келіп тұратын есікті ашық қалдырды.

Ең маңыздысы – шебердің бұл амалы ұғатын жанға ысырапшылдыққа қарсы насихат һәм үлгі-өнеге.

материал «Кемел адам» кітабынан алынды, 

ummet.kz