Бірде ұлы ғалым Хасан әл-Басридің алдына жасы ұлғайған қария келіп:
– Өмірде көп қателестім. Енді тәубе етіп, Аллаға бет бұрсам деймін. Маған тура жолды көрсетіп жіберіңізші. Тәубе есігі әлі жабылған жоқ қой. Күн әлі батыстан шыққан жоқ. Мен сізге үмітімді арқалап келіп едім. Әлде менде үміт жоқ па? Әлде осы жерге келгенім қате болды ма? – дейді.
Осы сөздерді естігенде Хасан әл-Басридің жүрегі елжіреп кетіп:
– Келіңізші, екеуміз бірге тәубе етейік. Мүмкін, сіздің үзілмеген үмітіңіздің құрметі үшін Алла сізден бөлек, менің де тәубемді қабыл етер, – деген екен.
Ас-Самад деген Есім «Пана болушы» деген мағынада қолданылады. Яғни қашанда қорған болар, пана болар иең бар деген мағынаны білдіретіні ғой. Бір ғалымдар жұдырықты қатты түйгенде ішіне кеңістік қалмайтындай, сондай тығыз, сондай күшті, мықты тірегің бар деп біл деп те түсіндіріп жатады. Шынымен де, әуежайларда талай виза тексергенде ұстап тұрса, еш саспай, осы Есімді дұғама қосып, зікір еткенде-ақ тексерушілер өздері жібере салатын.
Исламда фиқһ деген ілім бар. Ол бізге өмірдегі әр істің орнын, үкімін, мәнін түсіндіреді. Сол жерде бір әдемі мысал айтылады: зекет бай баласына берілмейді екен. Сырттай қарағанда, ол бала да кейде бірдеңеге мұқтаж болуы мүмкін. Қолы қысқа, жағдайы қарапайым сияқты көрінуі мүмкін. Алайда шариғатта оны «жалғыз» деп қарастырмайды, өйткені оның ар жағында тірегі – бай әкесі бар, сондықтан оны ешкім кедей қатарына қоспайды. Осы себепті ол ішкі мұқтаждығымен емес, сыртқы қамқорлығымен өлшенеді. Енді осы мысалдағы адамның орнын ауыстырып көр. Сен де кейде сондайсың. Мұқтаж сияқтысың. Сенің артыңда «әкең» емес… Ас-Самад бар. Сондықтан сенің жалғыздығыңды шын жалғыздық деуге ауыз бармайды. Сенің жалғыздығың – иллюзия. Ал иллюзиялар Ас-Самадтың алдында жоғалып кетеді.
Сен де Ас-Самадтан үмітіңді еш уақытта үзбе. «Иблис» деген шайтанның атауы түбірінде «абләсә» деген сөзден шығады. «Үміті үзілген, үміті жоқ сол ғана» дегенді білдіреді. Қазақтың өзі дана ғой, мұны бір ауызбен «үмітсіз шайтан ғана» деп қайырады. Асқақ арманың болса, қорықпа, Ас-Самадтан сұрай бер, өйткені Абсолют биік тек бір Өзі.
материал «Жүрек білмеген есімдер» кітабынан алынды,
ummet.kz