Әрі ғалым, әрі шаһид тәрбиелеген ананың есімі – Румайса бинт Милхан. Умму Суләйм деген лақап атымен танымал.
Умму Суләйм Мәлік ибн Нәди́рмен бос қосқан. Бұл отбасынан Бара ибн Мәлик және Әнәс ибн Мәлик дүниеге келеді. Умму Суләйм Мединaда Асад ибн Зурара және Мусғаб ибн Умайрлардың себебімен иман шәрбатынан дәм татты. Ол сондай кәміл халде, шартсыз иман келтірген. Иман еткен кезінде ұлы Бара ибн Мәлік 11 жаста, ал Әнәс ибн Мәлік 9 жаста болған. Аналарының Исламға шақыруымен олар да мұсылман болды. Екі баласын күпірліктен, ширктен құтқарса да Умму Суләйм күйеуін құтқара алмады.
Қараңызшы, «Тура жол Алланың қолында. Біз тек жеткізушіміз». Умму Суләйм анамыз не істесе де күйеуінің тура жолға түсуіне себепкер бола алмады. Мәлік сол күпірлік жолынан қайтпай, тұрып алды. Бір күні күйеуі сырттан үйге келгенде Умму Суләйм Әнәс ибн Мәликке «Ләә иләһә иллә Алла. Мұхаммадур Расулалла» деп айтқызып, кәлима таухидты үйретіп жатқан еді.
Бұл жағдайды көрген Мәлік ашуланып:
– Баламды маған қарсы қойма, – деді. Умму Суләйм анамыз:
– Мен оны саған қарсы қойып жатқаным жоқ, – деп жауап берді. Бұл сөзден кейін Мәлік ашуланып, отбасын тастап үйден шығып кетті. Жолда бұрыннан дұшпан болып келе жатқан кісіге кезігіп, сол кісінің қолынан қаза тапты. Мүшрик болып дүниеден өтті. Бірақ иман бақшасы оның мұрнының астында тұр еді. Умму Суләйм жас әрі сұлу әйел болатын. Екі жыл жесір қалды. Осы екі жылдағы оның мақсаты балаларын Пайғамбарды (с.ғ.с) сүйетін, салиқалы ұрпақ етіп өсіру болды. Балаларының тәрбиесіне көңіл бөлгені сонша екеуі де Алла және Елшісінің жолында өмірлерін сарп етті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мединaға хижрет еткен кезінде мұсылмандар қатты толқып, сондай бір махаббатпен Алла Елшісіне (с.ғ.с) сыйлықтар әкелді. Ансарлардың барлығы қолынан не келсе, соны істеуге тырысты. Ең бағалы нәрселерін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) және мұхажирлерге берді. Ең жақсы көретін дүниелерін сарп етті. Умму Суләйм де ең қымбаттысын қолынан ұстап, Алла Елшісінің (с.ғ.с) құзырына жолға шықты. Жалғыз мақсаты – Алланың (с.ғ.с) және Оның Елшісінің разылығын табу.
Умму Суләйм енді ғана 9-10 жасқа толған баласы Әнәс ибн Мәликті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдына әкелді. Бұл тура хазіреті Мәриямның анасы Ханнаның жасағаны сияқты еді. Жанында кішкентай баласымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырына келіп:
– Я, Алланың елшісі! Бұл менің ұлым, жазуды біледі. Міне, саған кішкентай қызметші. Ол үшін Аллаға дұға ет⁷², – деді. Аллаға деген махаббат пен берік иман уақыт жылжылса да өзгерген емес. Есімдер өзгерер, алайда өз заманында Ханна сияқты терең иманды әйелдер шығып отырған. Умму Сүләйм Пайғамбар заманының иманды әйелі ретінде Алла сүйген тәуекелді жасай білді. Бұл еңбекті қолына алған әрбір әйел осы заманның иманды тұлғасы. Үмметіміз Ханна және Умму Сүләйм аналарымыз жасаған ізгі істі бүгін сіздерден күтеді.
Бәлкім, арамызда баласын медресеге аманат етіп тапсырғандар да бар шығар. Бірақ Умму Сүләйм анамыз баласын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қызметіне беріп, өзі оның өмірінен шығып кеткен жоқ. Баласының бойына ана тәрбиесін де сіңіре білді.
Әнәс ибн Мәлик: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бала кезімде жаныма келіп, бізге сәлем берді. Сосын қолымнан ұстап, маған бір хабарды бір жерге жеткізуді тапсырды. Өзі бір үйдің көлеңкесінде отырды. Мен барып қайттым. Кейін анам келіп:
– Қайда жүрсің? – деп сұрады. Алла Елшісі бір хабарды жеткізу үшін жібергенін айттым. Анам:
– Ол қандай хабар? – деп сұрағанда, «Бұл бір сыр» деп жауап бердім. Сонда анам:
– Алла Елшісінің сырын сақта, – деді. Мен ол сырды ешкімге айтпадым», – дейді⁷³.
Умму Сүләйм үмметке «Шәһадәт ғашығы» атанған Бара ибн Мәликтің әкелген алты құрсақты ана. Бара ибн Мәликтің аузынан тастамайтын дұғасы болған. Ол қолын жайып, дұға тілеген сайын: «Аллам, мені Өзіңнің жолыңда шәһадатпен ризықтандыр»⁷⁴, – деп айтады екен.
Умму Сүләйм аяғы ауыр хәлінде Хунейн соғысына қатысқан. Шайқастың ең қиын сәттерінде қолындағы қанжарымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанынан бір елі айырылмайды. «Арыстанның тісі де арыстан» дегендей қайсар анамыз аяғы ауыр бола тұра соғыс майданында болды. «Ризық ретінде шәһада қалаймын» деген ананың бауырында ержеткен баланың қандай боларын елестете беріңіз!
Екі баласынан бөлек Абдулла ибн Талха деген тағы бір баласы болған. Умму Сүлейім – дініне берік, нағыз ер азаматтарды тәрбиелеген ана. Барлық уайымы үмметтің келешегі болған ананың ұрпағы да осы жолда қызмет етті. Мені ерекше әсерге бөлеген оқиғалардың бірі мынау болатын.
Умму Сүлеймнің Абу Умайр есімді де баласы болған. Абу Умайр бір күні қатты ауырды. Әрі науқас түбіне жетіп, жан тәсілім етеді. Ол дүниеден өткенде әкесі Абу Талха Мәдинаның сыртындағы бақшалардың бірінде болды. Умму Сүләйм анамыздың жүрегі мұңға толып, баласын өзі жуып, өзі кебіндіреді. Маңайындағыларға: «Ешкім Абу Талхаға баласының қайтыс болғаны туралы хабар бермесін. Мен оған өзім хабар беремін» деді. Ақшам уақытында Абу Талха үйге келгенде, әйелі ешнәрсе болмағандай қарсы алды. Абу Талха:
– Абу Умайр не істеді? – деп үйден шыққан кезде ауырып жатқан кішкентай баласының жағдайын сұрады.
Умму Сулайм:
– Бұрынғысынан да жағдайы жақсы, – деп жауап берді.
Абу Талха бұл жауаптан жағдайының жақсы екенін түсінді. Бірақ Умму Сулайм бұл жауабымен баласы қайтыс болып, бүкіл қиындықтан құтылғандығын меңзеген болатын.
Умму Сулайм күйеуімен бірге кешкі ас ішті, сосын күйеуі демалу үшін жатын бөлмесіне кіріп кетті. Умму Сулайм ол түні күйеуіне ешнәрсе айтпады. Бірақ болған жағдайды айтатын уақыттың шегі жетіп, Умму Сулайм:
– Әй, Абу Талха, адам көршісіне бір нәрсені аманат етсе, кейін ол аманатты қайта алуды қаласа, көршісі қайтарып беруді қаламаса, сен мұндай көршіге не дейсің? – деді. Абу Талха:
– Ол қандай адам? Адам өзіне берген аманатты иесіне қайтарып беруі керек емес пе? – деді. Умму Сулайм:
– Әй, Абу Талха! Алла да бізге аманат етіп берген ұлымыз Абу Умайрды өзіне қайтарып алды, – деп хабарды жеткізді. Абу Талха бірден есеңгіреп, не дерін білмей қалды. Баласының қайтыс болуы жүрегін өртеп бара жатқан кезде Біләлдің айтқан азанын естіді. Бірден орнынан тұрып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанына келіп, болған жайды айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Алла түніңізді мүбәрак етсін!»⁷⁵ деп дұғамен жауап қатты.
Бұл мүбәрак түннің жемісі ретінде Абдулла ибн Талха дүниеге келді. Умму Сулайм жаңа туған нәрестені дереу Алла Елшісіне (с.ғ.с) әкелді. Алла Елшісі (с.ғ.с) тәтті сәбиді құшағына алып, оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтып, есімін Абдулла қойды. Одан кейін тахник жасады. Құрманы мубарак аузына салып, жақсылатып жұмсартты. Кейін оны сәбидің аузына жақты. Абдулла бірден құрманы еміп бастады. Бұны көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ансардың құрмаға деген сүйіспеншілігіне қара» деп сүйсінді.
Абдулла ибн Талха бір үлкен ғалым атанды. Оның тоғыз баласы болған және әрқайсысы Құранды көркем оқумен танылған ғалымдар ретінде үмметке танылды.
⁷² Ибн Саад, Китабут-Табақатил-Кабир, 10/431
⁷³ Ибн Саад, Китабут Табақатил Кабир, 5/344
⁷⁴ Байһақи, әл Итиқад уәл Хидая, 1/315
⁷⁵ Ибн Сад, Китабут Табақатил Кабир, 10/437
материал «Ғалым тәрбиелеген аналар» кітабынан алынды,
ummet.kz