15 Қыркүйек 2026, Сейсенбі 4 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 04:15
Күн 05:44
Бесін 12:15
Шам 18:34
Құптан 20:03

Жасөспірім тәрбиесінде жиі кездесетін үш қателік

Жасөспірім тәрбиесінде жиі кездесетін үш қателік

Жасөспірім кезеңінде бала неліктен ата-анасына қарсы шыға береді? Неліктен сабақты оқығысы келмей, ашуланғыш немесе агрессивті бола бастайды?


Мысалы, тоғыз жастан асқан кейбір балалар сырт көзге сабырлы көрінгенімен, үй ішінде іні-қарындастарына немесе әпке-ағаларына агрессия танытып, сөз қайтаруы мүмкін. Бұл жаста балалар: «Сендер мені жақсы көрмейсіңдер», «Маған үнемі ұрысасыңдар», «Маған ешқашан дұрыс қарамайсыңдар» деген сияқты реніштерін білдіре бастайды. Сонымен қатар, сабаққа ынтасы төмендеп, көңілсіз, ашуланшақ немесе жылауық бола түседі. Мұның бәрі – жасөспірім кезеңіндегі тәрбиеде жіберіліп жатқан қателіктердің белгісі.

Осындай жағдайларда ата-ана көбі: «Неге бұлай істейсің?», «Неге ініңді ұрасың?», «Біз сен үшін бәрін жасап жатырмыз, саған осы не жетпейді?» – деп баланы кінәлап ұрысады. Алайда, ең алдымен, ата-ана тәрбиесінің қай тұста кем кеткеніне назар аударуы қажет. Себебі баланың бұл әрекеттері – көбіне ата-аналық тәрбиенің айнасы. Сондықтан жасөспірімнің бұл мінез-құлықтарына тек баланы кінәлап емес, өзіміздің тәрбие тәсілімізді қайта қарау арқылы жауап іздегеніміз дұрыс.

Жасөспірімдік кезең – балалық шақтың жалғасы. Егер балалық кезеңде ата-ана тарапынан тиесілі болу, сүйіспеншілік, сенім, қолдау және қабылдау сияқты бес негізгі қажеттілік орындалса, өтпелі кезең жеңіл өтеді. Тіпті кейбір отбасыларда бұл кезең байқалмай да қалады. Ал керісінше, бұл бес негіз берілмесе, жасөспірім кезеңде қиындықтар мен мінезінде күрделенулер туындайды.

Сонымен қатар, бұл шақта ата-аналар тәрбие процесінде жиі үш түрлі теріс ұстанымдарға бой алдырады. Соның бірі – негативті теріс тәрбие.

Негативті теріс тәрбие дегеніміз – ата-ананың сөздерінде немесе әрекеттерінде жағымсыз, сынға толы, үмітсіз мазмұнның жиі болуы. Мұндай сөздер баланың ішкі дүниесіне кері әсер етеді. Мысалы:

«Біз айтпасақ сабағыңды қарамайсың»,

«Кітаптың бетін ашқаныңды көрмейміз»,

«Өзіңдей жұрттың баласына қарашы!»,

«Бұл түріңмен адам болмайсың»,

«Миың жоқ па сенің?»,

«Басың істемей ме?» – деген сөздер баланың өзін-өзі бағалауын төмендетіп, ата-анаға қарсы тұру сезімін қалыптастырады.

Бұл сөздерге баланың алғашқы сәтте жауап қатпауы мүмкін. Бірақ олар санасына сіңіп, есейген шақта мінез-құлық арқылы қарсылық ретінде көрініс табады. Мысалы, бала бір нәрсені бүлдіріп қойған кезде анасының қабағы түйіле қалса да, ол бұрынғы «сенің миың жоқ па?» деген сөзбен ассоциация жасап, іштей қарсылық білдіреді.

Сондықтан балаға ұрысқаннан гөрі, түсінбей жатқан жерін анықтап, қолдау көрсету маңызды:

«Балам, қай жері түсініксіз болып тұр?»,

«Интернеттен бірге қарап көрсек қалай болады?»,

«Сабақта мұны қалай түсіндірді, есіңе түсірші»,

«Қазір түсінбегенің – қалыпты. Ертең қайта қарап көрейік», – деген сияқты қолдаушы, жағымды сөздер бала үшін әлдеқайда тиімді.

Кейде ата-ана асығыстық танытып, баладан бірден есте сақтап, меңгеруді талап етеді. Бірақ бұл – шынайы үйрену процесіне кедергі келтіреді. Негативті сөздер балаға тек реніш емес, бүкіл оқуға деген ынтаның жоғалуына себеп болады.

Сондықтан, «балам неге мені тыңдамайды?», «неге ашуланғыш, жылауық?» – деп ренжімес бұрын, балаға айтқан сөздерімізді қайта қарап, қандай рухани атмосфера қалыптастырып жатқанымызға көз салуымыз қажет.

Баланы кішкентайынан дұрыс сөйлеуге, тыңдауға, есте сақтауға дағдыландырмасақ, ол төртінші-бесінші сыныпқа келгенде төрт-бес шумақ өлеңнің өзін жаттай алмай қиналатын болады. Ал бала ерте жастан бастап жаттау, ойлау, байланыстырып сөйлеу секілді дағдыларға машықтанса, жасөспірімдік кезеңде оқу процесі оған жеңіл болады.

Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне келгенде жауапкершілікті мектепке немесе өзгелерге ысырып қояды. «Мен баланы тудым, енді мектеп тәрбиелесін» дегендей, өз міндетін селқос атқарады. Кейбіреуі тек тыныш отырса болды деп, баланың қолына телефон ұстатып қояды. «Қонағымды күтейін, үйімді реттейін, күйеуіммен шай ішейін, өзіме көңіл бөлуім керек» деген сылтаумен балаға уақыт бөлмей, тәрбиесіне салғырт қарайды. Ал арада 5-6 жыл өткенде баласының қарапайым өлең жаттай алмай отырғанын көріп: «Сенің басың істемей ме?», «Миың жоқ па?» – деп ұрысады. Шын мәнінде бұл – баланың емес, ата-ананың өз уақытында балаға дұрыс көңіл бөлмегенінің салдары.

Сондықтан бала тәрбиесінде негативті сөздерді қолданудан аулақ болуымыз қажет. Біз бүгін «Сенің миың жоқ па?» деп отырған бала – ертең Алла тағаланың сүйікті құлы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үмбетінің бір керемет өкілі болуы мүмкін. Алла тағала ерекше шеберлікпен жаратқан пендені, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзі үшін үміт артып отырған ұрпақты ауыр сөзбен қорлау – өте орынсыз әрекет.

Мұндай сөздер – тек ауыр емес, кейде екіжүзділіктің де белгісі. Себебі дәл осындай сөздерді біз үлкен адамдарға, құрбыларымызға айтудан ұяламыз. Ал баламызға ойланбастан айтып қоямыз. Бұл – өзгенің алдында мейірімді, сабырлы адам болып көрініп, масканы тек бала алдында шешіп тастаумен бірдей.

Негативті сөз – баланың бүгінгі көңіл күйіне ғана емес, ертеңгі болашағына да зиян келтіреді. Әрбір ауыр сөз оның санасында сақталып қалады. Балалық кезде ашық қарсылық білдірмесе де, жүрегінде бұл сөздердің ізі қалады. Уақыт өте келе ол сөздер баланың өз-өзіне сенімсіз, жігерсіз, басқаның айтқанына еріп кете беретін әлсіз тұлғаға айналуына себеп болуы мүмкін.

Сондықтан ата-ана ретінде балаға қалай сөйлейтінімізге, қандай сөз қолданатынымызға ерекше мән беруіміз қажет. Сөз – тәрбие құралы. Сол себепті әр сөзіміз баланың жан дүниесіне шипа болып жетуі тиіс, жара емес.

материал «Ғайыптан келген мейірім» кітабынан алынды, 

ummet.kz