29
Дүйсенбі,
Маусым

һижри

Бес жасынан діни білім алған Мәшһүр Жүсіп

ХХ ғасыр басында қазақтан шыққан үлкен ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіпті заманында мойындап, талантына сүйсінбеген жан жоқ шығар. Абайдың өзі: “Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын. Дегенмен, ол ақын болғанымен Құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой» десе, ешкімнің алдында тізесі бүгіліп көрмеген палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы: «Мен ол кісінің алдына барып, тізерлеп тұрып өзім жеңілер едім» деген көрінеді.

Мәшһүр Жүсіп дүниеге келген үшінші қыста, 1861 жылы Сарыарқада, оның ішінде Баянауыл, Қызылтауда қыс қатты, жыл ауыр болып, ел жұтап қалады. Көпей сопы барын “Тауықтың жұтына” беріп, бір ат, бір сиырдан басқа малынан түгел айырылып, қыс өтіп, жаз шыққан соң Қызылтаудан көшіп, Баянауыл қаласына келіп орнығады. Оның Баянауылға көшкендегі мақсаты: “Адамға мал, дүние жолдас емес, ғылым жолдас екен. Бейнетпен жинаған көп малдан не пайда, қандай рақат көрдім?” – деп Баянауыл қалалы, кентті жер көріп: “Мешіт, медреселі жер ғой, молдасыз болмас, молда болса, оқусыз болмас. Мешіт, медресе бар жерді жағалап, өзім мешітте намаз оқып, Мәшһүрді тілі шығып, оқуға әлі келетін күн болса, оқу оқытайын” деген оймен көшіп келеді. Мешіттің іргесіне үй салмақ болады. Онысы орындалмай, мешіттен 15 шақырым жердегі Қызылағашты қыстайды. Баланың болашағын ойлаған неткен жанкештілік дейсің.

Мәшһүрді бар-жоғы 5 жасында әкесі молданың алдына қалай апарғанын ақынның ұлы Жолмұрат былай әңгімелейді: “Баянаула қаласында бала оқытып жатқан Нәжімеддин хазіретке Мәшһүрді оқытпақшы болып, қыстыгүні атына мінген аты – торы ат, артына мінгестіріп апарып бермек болады. “Балам жас-ау, үйді қия алмайды-ау” деген ойында дәнеме жоқ. Жалықпайтын жалғыз торының арқасына отырып, әкелі-балалы екеуі сондай жарасып, көрген жан таң қалып, таңырқанып күлгендей болып, буынып, түйініп, қысылып, қымтырылып хазіреттің алдына келеді. Ол уақытта Көпей сияқты кедей, нашар адамның бір дуанның указной хазіретінің алдына келіп жетіп, оқуға баласын орналастырудың өзі қиямет күні қылкөпірден өткеннен оңай ма? Әкесі Көпейдің мінген аты “Жалықпас торы” ат, артына Мәшһүрді мінгестіріп алып келіп, хазіретке таныстырып, тапсырып, онан басқа бір жақын таныс үйіне апарып, жатып-тұру, тамақ ішу жағдайларын тапсырып, Мәшһүрге де:

-Сен осы үйде қаласың, осы үйде жатып оқу оқисың! – деп айтып түсіндіріп, өзі үйіне қайтпақ болып, атына мініп, хазіреттің үйі тұратын үлкен көшемен ақырын аяңдап жүріп бара жатып, қаланың шетіне шыға беріп, көзінің жанарында сәулесіндей жалғыз баласы, көзінің ағы мен қарасы, өзі жас: бес-ақ жаста: “Қарағым қайтіп оқиды, үйренбеген жат үйде қалай жалғыз жатады? Кімге еркелейді?” – дегендей пікірлер ойына түсіп кетіп, іші бұрылып: “Әлде менің артымнан қарағым, қарап тұр ма?” – дегендей неше түрлі ойлар ойын толқытып, қаланың шетіне шыға беріп, қимай мойнын бұрып, артына бір қарайды. Қараса, әлгі айтып келе жатқан жалғызы ақырын ғана аяңдап, томпаңдап, бүлк-бүлк жүгіре басып, осылай жүруден басқа еш нәрсеге әлі келмей, дауысын шығарып жылауға, иә болмаса дауыстап әкесіне “тоқта” деуге бата алмай, келе жатқан түрін көре сала Көпей сопының ойына бұрынғы ата-бабаларымыздың мына бір өлең сөзі түсе кетеді: “Баланы – жастан, қатынды - бастан”, “Балаңды аясаң аяма; аямасаң ая” – деген мәтел сөзді ойына тоқып алып: “Мұны аяп қарағым, шырағым, айналайын, келе ғой деп алдыма алып, атқа мінгізсем, мінген бойымен еркелеп үйге барар, оқу оқымас, үйден шықпас! “Үйде өскен бұзау өгіз болмас!” – деген оймен түсін суытып, ызбарланып, зілді дауыспен:

- Кейін қайт, қал, оқу оқы! Сені: “Оқысын!” деп қалдырдым. Бағана айтқаным қайда?! – деп, бишікпен бір-екі рет жасқай, сипай ұрып, қорқытып, қайта кейін қоқайып айдайды.

Мәшһүрдің манадан: “Әкеме жетсем, торы аттың үстіне мініп, әкемнің алдына бір отырсам, жаяу жүріп шаршаған бейнеттен бір құтылсам!” деп лепіріп, ұрлап келе жатқан ойы, үміті бекер ойлағандай болып шықты. Жақсы көріп, асқар таудай көңіліне медеу, тиянақ, сүйеніш, пана көретін әкесі жақсы сөз, жылы жүзбен: “Кел, қарағым!” деп бұрынғыдай торы аттың үстіне мінгізіп, алдына отырғызуы былай қалды.

Баласының адам болуын, оқуын қалаған Көпей сопы жүрегі езіліп, жаны ашып тұрса да 5жасар Көпейді медресеге дейін қайта қуалап барады. Келсе, қақпа жабылып қалған екен. Кішкентай Мәшһүр астынан еңбектеп кіреді. Бұл туралы ақынның өзі былай деп жырлайды:

Артына мінгестіріп алып келді,

Бес жаста бес шақырым жерге берді.

Ал әкесі қайтқанда енді үйіне,

Соңынан жүгірмей ме, жас бала енді?!

Атамыз дін жолына белін буған,

Бұл Мәшһүр сол секілді ерден туған.

Көшенің қақ басынан қуғанынан,

Жеткенше медресеге атпен қуды.

Басқа қамшы тиген соң жаман састым,

Қорғалауға жер таппай, әбден қаштым.

Медресеге қуып кеп, бір-ақ тықты,

Қайтып: “Әкем!” деместей, амандастым.

Ұмытпаймын, торы ат бар сонда астында,

Атамыз шын ниеті дін қастында.

“Кел, түйебас қылайық” деп балалар,

Біз жатамыз бәрінің ең астында.

Мәшһүр-Жүсіп өте зерек болды. Сабаққа қабылдағанда да Нәжмедин хазірет “ағузу билләні” айтқызып көріп, көңілі толып: “Сопы, балаң Бұхарай-Шәріптің баласындай екен. Ана отырған балалардың оқып отырғанын естумен біліп, көрумен танып кететін түрі бар. Бұрынғы ата-бабаларымыздың айтқан сөздері бар еді: “Шар кітапты оқысаң, әр кітапты оқырсың” деген. Бұл баланы Шар кітаптан бастап жатқа қақсатып қояйын”, - депті.

Алайда молданың алдында тек байдың балалары оқитын еді. Олар өздерінен кішкентай, кедейдің баласының алдыға түсіп кеткенін көре алмай, кемсітіп, таяқ жегізе беретін. Өзі бұл кез туралы:

Алды-артымда серік жоқ, жалғыз өстім,

Бес жаста кәріптікке тұтқын түстім.

Жаға кір, [жоқ] атаулы бізде қонақ,

Жең дал-дал, түте-түте болып өстім.

Ас келмейді алдыма толық аяқ,

Бес пен алты, жетіде жүрдім саяқ.

Қайда барса құралған көп баладан,

Тойып жүрдім жеуменен күнде таяқ, - дейді. Жағдайдың жоқтығы, желінген таяқ Мәшһүрдің білім алуына кедергі бола алған жоқ. Естігенінің бәрін жаттап алатын зерек, бір сөзді екі айтқызбайтын өжет болады. Ұлының айтуынша, жас күнінен парсы тілін оқығаннан парсы тілін қазақ тілінен артық біледі екен. Одан өзге араб, шағатай, түркі тілдеріне де өте жетік болғандығын Мәшһүр Жүсіп өз өлеңімен былай дәлелдейді:

“Мә”-ні оқыған жоқ менен басқа бала,

Араб, парсы, өлеңдей жатқа және.

Самардай қақсағаным – бар жазығым,

Үш жылдай жер аударды ата-ана.

Ата-анасының оқу оқысын деп өзін жер аударғанын, яғни оқуға бергенін, өз үйінен кетіргенін айтады.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Сауатын Құранмен ашқан Мұстафа Шоқай

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 7 қаңтарда бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласына жақын жердегі Наршоқы ауылында дүниеге келген. ХІХ ғасыр соңы, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларына тән бір дүние олар балаларын алдымен мұсылманша оқытып, кейін орыс білімін үйренуге жіберген.

Сәдуақас Ғылмани – Ақмола мешітінің алғашқы имамы

Кеңестік кезеңде Ислам дінін насихаттап, Қазақстан мұсылмандарының қазиы, көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын, ел арасында «Сәкен Қалпе» атанған Сәдуақас Ғылманидың Қазақстан мұсылмандарының Кеңес кезіндегі «мүфтиі» атанғанын білесіз бе?

Ақан серіні жын иектегені рас па?

ХІХ ғасырда Арқа өңірінде даланы ән мен жырға бөлеп, небір дүлдүлдер дүниеден өтті. Ойшыл ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі», – деп тамаша баға берген Ақан сері де осы дәуірде өмір сүрген.

Нағыз мұсылманның сипатына ие әл-Фараби

Шығыс пен батысты мойындатқан ғұлама философ, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз», өз заманының ең мықты энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби туралы кезінде араб тарихшысы Захир ад-Дин әл-Байһақи: “Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ, оның ілімін қастерлегендер «Екінші ұстаз» деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель мен Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әбу Әли ибн Сина” деп жазған болатын.

Қажымұқан қажылыққа қалай барды?

Қажымұқан – қазақтың күш атасы. Қажымұқан – заманының алыбы. Қажымұқан – халқымыздың тұңғыш кәсіпқой палуаны. Жауырыны жер иіскемеген батыр бабамыз туралы аңыз көп. Бірақ сол аңыздардың арасынан бізді ең қатты қызықтырғаны – оның қажылық сапары еді. Палуан Мұқан қалай «Қажымұқан» атанып кетті? Расымен қажылыққа барған ба? Мекке-Мәдинаны көзімен көрген бе? Намаз оқыған ба?

Махатма Ганди өміріндегі мұсылмандық

Ол мұсылман болмаған. Бірақ мұсылман секілді өмір сүрген. Қазір “Батыста мұсылмандар бар, Ислам жоқ, ал Шығыс елдерінде Ислам бар, мұсылман жоқ” деген сөз жиі айтылып жүр ғой. Әлемді өзгерткен осы бір кішкентай адам туралы да солай айтуға болатын шығар. Ол Исламды білмеді, намаз оқымады, бірақ болмыс-бітімі мұсылман еді. Сондықтан да оның өмір жолынан біздің аларымыз да, үйренеріміз де көп.

Құлшылығына берік, іліміне адал Имам әл-Бұхари

Имам әл-Бұхари біздің жыл санауымыз бойынша, 810 жылы, шәууал айының 11-жұлдызында жұма күні дүниеге келген. Толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Мұғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари әл-Жуғфи. Лақап есімі - Әбу Абдуллаһ. Әкесінен ерте айырылған оған діни тәрбиені Бұхара мешіттерінің бірінде имам болған атасы береді. Сонымен қатар, әл-Бұхаридың анасы да өте тақуа, діндар жан болыпты.

Әмір Темір Исламды жақтаушы ма, даттаушы ма?

Әмір Темір – астанасы Самарқан қаласы болған ірі мемлекеттің билеушісі, Орта Азияда 1370-1507 жылдары билік құрған тимуридтер династиясының негізін қалаушы болды. Жарты әлемге билік жүргізді, қиян-кескі соғыстар жасады, жер бетін қызыл қанға бояды.

Әбу Ханифа: адалдық пен жомарттық үлгісі

Ол аса жомарт, кеңпейіл, өте адал кісі болатын. Көпшілік оның сауда-саттықтағы сипатын Әбу Бәкірге (р.а.) ұқсататын. Ол пайданы ойлап, өзгелердің аңғалдығын пайдаланбайтын. Өз пайдасын қалай қорғаса, өзгелерді де солай қорғайтын. Кедейлерге мейлінше көмектесуге тырысатын.

Бірде Әбу Ханифа Куфа қаласындағы дүкенінде сауда жасап тұрғанда бір әйел жібек көйлек әкеліп, Әбу Ханифаға көрсетіп, сатпақ ниетін білдіреді.

Әйел сөзін:

– Бағасы жүз дирһам,–деп бастайды. Әбу Ханифа оған:

– Асықпаңыз! Бұның бағасы қымбат. Сіз аз сұрап тұрсыз,–дейді.

– Маған жүз де жетеді,–дейді әйел.

– Жүз дирһам аз, көбірек сұраңыз,–дейді имам

оған.

– Сіз мені мазақ етіп тұрсыз ба? Ал, онда екі жүзге

алыңыз – дейді әйел ренжіп.

– Жоқ, мазақ еткені несі. Сіздің ақ көңілдігіңізді пайдаланып, көйлектің өз бағасынан арзанға сатып алатын болсам, ақыретте Аллаға не деп жауап беремін. Сенбесеңіз, білетін біреуді шақырып бағасын сұраңыз, – дейді Әбу Ханифа. Әйел жөн білетін біреуді шақырып, көйлектің қанша тұратынын сұрайды. Олар көйлектің «бес жүз дирһам тұратынын» айтады. Сөйтіп, Әбу

Ханифа көйлекті бес жүзге сатып алатын болады. Ақшасын санап жатқанда, әйелдің көзінен жас шығып, имамға: «Сіз маған көп көмектестіңіз.

Бұл менің үйлену тойында киген көйлегім еді. Қазір қаражаттан қысылып жүрміз. Бала-шағам екі күннен бері ыстық тамақ ішкен жоқ. Сататын

артық нәрсеміз де қалмады. Лажсыз көйлегімді сатуға тура келді. Бұл ақша мүшкіл халімізді біраз жеңілдететін болды. Сізге рахмет, өміріңіз ұзақ

болғай»,–деп ризашылық білдіреді. Әйел мұңын түсінген Әбу Ханифа бес жүз дирһамның үстіне, сатып алған көйлекті де оған тарту етеді. Бұл хикая кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бауырларымызға ғибрат болса деп ойлаймыз.

материал «Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа» кітабынан алынды,

ummet.kz