29
Дүйсенбі,
Маусым

һижри

Салиқалымын деме, салиқалымен бірге бол

Салиқалымын деме, салиқалымен бірге бол

Ислам тарихы

«Ей, иман етушілер! Алладан қорқыңдар және турашылдармен бірге болыңдар!» ("Тәубе" сүресі, 119-аят)

Жүректі күнәлардан қорғап, үнемі жақсылыққа бейім болуы үшін төңірегіндегілерге рухани нәр беретін көкірек көзі ояу салих пен садықтарға (ізгі де турашыл) жақын болу шарт. Өйткені, әрбір мүшеде ерік болғанымен, жүректе ерік жоқ, Сөйтіп, жүрек айналасынан келген әсерлердің ықпалымен бағыт-бағдар өзгертіп тұрады.

Жүрек өзін қоршаған ортаның түр-түсіне және үйлесіміне оранады. Бірақ, бұл жағдай жүректе белгілі бір әсерлердің тамыр жайып орнығуындағы бастапқы хал. Кейіннен болған жағымды немесе жағымсыз әсерлер алдыңғыларға ұқсастығы немесе қарама-қарсылығы себепті жағымды да, жағымсыз да болуы мүмкін. Бірақ, жүрек бастабында жақсы әсерге бөленіп, белгілі бір икемге келмесе үлкен қауіпке тап болады. Өйткені сыртқы әсерлермен құбылып тұратын жүрек сүйіспеншілігіне қарай олардан әсер алады да, жиіркенішіне қарай оларды қабылдамай, қарсы тұрады. Міне осы себептен адамның рухани өрлеп, не төмендеуінде сүйіспеншілік пен жек көрушілікті орынды қолданудың мәні өте зор. Демек, сүйіспеншілік пен дұшпандықты шын мәнінде дұрыс бағыттай білу адамды бақытты етеді. Керісінше сүйіспеншілікпен дұшпандықты дұрыс бағыттай алмаса адамды бақытсыз етеді.

Бұл ақиқатты назарға алсақ рухани өсу үшін Алланың салих құлдарымен бірге болып, олардың үлгілерімен өмір сүрудің қажеттігі мен мәні айқын болады. Демек, мұнда да үлгі еткен адамға қаншалықты сүйіспеншілікпен қараса, соншалықты одан пайда алады. Әйтпегенде бұл рухани тереңдіктен мақрұм түрдегі бірге болудан азды-көпті болмаса, үлкен нәтиже шықпайды. Бұл турасында Бәязид-Бистамиден (құддисә сирруһ) қалған мына бір қисса өте ғибратты: Мүридтерінің (шәкірт) біреуі Бәязидке: «Тақсыр, ішігіңізден бір қиқым берсеңіз, мен соны тәбәрік етіп басымда сақтасам!» - дейді.

Сонда Бәязид жауап ретінде: «Ұлым, сен дұрыс жолда болмаған соң, Бәязидтің ішігі емес, терісін сойып ішіне кірсең де пайда бермейді!» - деген екен. Бүкіл әлемде бірдей болу бейімділігі бар. Бұл барлық жаратылыстың негізі бір болғандығынан туындаған жәйт. Осы бірдей болу бейімділігі әрі физикалық әрі рухани халдерде болады. Мысалы, бөлменің бір бұрышында шишадан иіс май төгілсе, айналаға жайылған хош иіс бөлмедегі ауа молекулаларына тең болғанға дейін, ол иісті артығымен сіңірген молекулалардан басқа молекулаларға таралу процесі жүреді. Ыстық-суық сияқты барлық көріністерде де болатын бұл заңдылық - физика заңы.
Бірақ, бұл заңның адам өмірінде көрініс табуы үшін ұқсастықты қамтамасыз ететін бір себепке (дәнекерге) қажеттілік бар. Ол қажеттілік - сүйіспеншілік.

Халық арасында осы мағынаны білдіретін «Жүректен жүрекке жол бар» деген сөз кең тараған. Көбінесе күшті әрі қуатты тұлғалар әлсіздерге медет болып отырған. Негізінде адам бойындағы бейімділіктердің бірі - еліктеушілік сезімі. Бала бастапқыда барлық іс-әрекеттерін осы сезім арқылы атқарады. Және, бұл сезім азды-көпті, өмір бойы жалғасады. Осы жағынан салих әрі турашыл адамдардың құлшылығындағы ынта, ахлағындағы жоғары дәреже, мейірім, мархабат, рухани нәзіктіктері мен тереңдіктері айналасындағылардың еліктеушілік сезімін оятады. Мәселен, бұрынғы өмірлерінде жәһилия адамдары болған сахабалардың ғаламның теңдессіз үлгілі тұлғасы Алла Расулына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген шексіз сезімдерімен мәртебелері көтерілген.

Біз күнделікті өмірден қандай да бір пәннің мұғалімі өзін оқушыларына сүйдіре білсе, ол сабаққа оқушылар ынталанып, оңай меңгеріп алатындығын білеміз. Өйткені сүйіспеншілік қиыншылықты жеңілдететін сиқырлы рол атқарады. Ұнатқан жұмыс қаншалықты ауыр болса да оңай атқарылса, ұнатпағаны соншалықты жеңіл болса да негізгісінен қаншама есе ауыр тиеді. Рухта сүйіспеншілік пайда болған соң жиырма рәкәаттық тарауих намазы жеңіл сезілсе, сүйіспеншіліксіз оқылған жағдайда төрт рәкәаттық таң намазының өзі соншалықты ауыр тиеді. Мұндай істердегі ауырлық пен оған себеп боп тұрған жалқаулық та ұнатпағандықтың нәтижесі.

Міне, осы мысалдарды жақсылап ойлансақ, салих және садықтарға деген сүйіспеншілік сезіміне жету, руханият жолындағы қаншама тік асуларды жеңілдететін рухани сиқырлы әсерге ие екендігін көреміз.

Екіншіден, жүрек тыныштығын сақтау үшін ғапыл және пасықтармен бірге болудан қатты сақтану керек. Өйткені, сасыған жемтіктің үстінен өткен жел, олардың жаман иістерін айналаға таратып, дұрыс тыныстатпай адам рухын қысады.

материал  «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: