Əзірет Хадиша ақиретке аттанып, ардақты Пайғамбарымыз ең жақын екі қолдаушысынан бірдей айырылып, ауыр қайғыға батты.
Ол кезде Алла елшісі елуден асқан болатын. Мойнындағы жауапкершілігі мен жүгі күн сайын артып, ауырлай түсті. Əзірет Фатима күндіз-түні əкесінен көз жазбады. Ал əкесі қауымынан көрген қиындықтардан жабыққанда, өзіне бақыт, сүйініш сыйлаған əйелін ойлап, жалғыз қалғанды қалайтын. Əкесінің əрдайым анасын жақсы жағынан еске алып отыратындығы əзірет Фатиманы ерекше қуантатын. Алла елшісі кез келген жерде «Өзгелер менен сырт айналғанда, ол мені қолдады. Өзгелер мені өтірікші деп айыптағанда, ол маған сенді. Өзгелер мені тастап кеткенде, ол маған қамқор болды», – деп, əрқашан əзірет Хадишаны еске алып отыратын.
Əзірет Айша: «Бірде Хадишаның сіңлісі Хала бинт Хуайлид Расулалланың қасына кіруге рұқсат сұрады. Ол Расулалланың есіне Хадишаны түсірді. Қуанып: «Уа, Алла! Хуайлидқызы Хала!» – деді. Мен қызғанып: «Алла саған одан да қайырлысын беріп тұрғанда, ұзақ уақыт бұрын қайтыс болған жəне тістері түсіп қалған əйелді неге есіңе алып тұрсың?» – дедім. Ол: «Жұрт мені қабылдамаған кезде, ол маған иман келтірді, мал-мүлкін берді жəне Алла маған содан ұрпақ нəсіп етті. Басқа əйелдерімнен балам болмаса, маған қалай одан да қайырлысын берген болады?» – деді. Айша анамыз сөзін жалғастырып: «Ант етемін, сол күннен бастап Хадишаға қарсы ештеңе айтпадым», – деген.
Əзірет Фатима əлі кішкентай кез. Əпкелерінің де өздеріне тəн қажеттіліктері бар болатын жəне оларға бір аналық жылу керек. Алайда ол жыл қайғылы жыл еді. Пайғамбарымыз қайғылы, сахаба қайғылы, əзірет Фатима қайғылы. Мекке көз жасын төкті, Мəдина қара жамылды. Өйткені қайғылы жыл еді. Əзірет Фатима анасынан айырылғанына қайғылы, Пайғамбарымыз да қызы Фатиманың қайғырғанына қарап мұңаятын. Бір күні Пайғамбарымыздың үйіне Осман ибн Мазунның əйелі Хаула келіп: «Уа, Алланың расулы! Сізді көргенде, Хадишаның жоқтығын байқадым», – дейді. Пайғамбарымыз мұңайып: «Ол балаларымның анасы, үйімнің берекесі болатын», – дейді. Рас, Хадишаның орны ойсырап тұрды. Біршама үнсіздіктен кейін Хаула біраз батылдығын жинап, сөзін жалғастырды: «Сізге əйел
қарастырсам, рұқсат етесіз бе?» – деді. Расулалла біраз ойланып: «Əйелдердің арасынан лайықты біреуді табуға болады», – деді. Сұлтандар Сұлтанына жар болуға кім келіспейді? Оның сырласы болуды кім қаламайды?
Хаула аздап қымсынып, бір жағынан қуанышты үнмен: «Зəма қызы Сəуда бар ғой!» – деді. «Ол – иман келтірген жəне сізге мойынсұнған əйел. Пайғамбарымыз Хаулаға рұқсат беріп: «Бар! Барып сұрап көр», – деді.
Сəуда алғашқы күйеуімен бірге тұрып жатқанда-ақ бір түс көреді. Аспандағы Ай еңкейіп келіп басына қонған екен. Түсін күйеуі Сəкран ибн Амрға айтып береді. Сəкран: «Егер көрген түсің рас болса, мен жақында өлемін. Сен де мен өлген соң абыройлы біреумен үйленесің», – деді. Сəуда мұны естіп мұңға батты. Егер түсі рас болса, жан жары отағасынан айырылады. Алты баламен жалғыз қалмақ. «Жоқ! Алты баласы бар əйелге кім құда түседі дейсің?! Ешкім! Бəлкім, Алланың бұйрығы болса ғана» деп ойға шомды. Сəуда мұсылмандықты тұрмыс құрмай тұрып қабылдаған. Күйеуінен бұрын тура жолды, нағыз ақиқат жолды тапқан еді. Кейін күйеуіне де «Сен де мұсылман бол! деген.
«Ең тура дін осы. Ең жақсы дін осы. Ең қасиетті дін осы дін. Кел, сен де мұсылман бол!» Сəкран мұсылмандықты қабылдағанда, қуанғанын көрсең! Жанұясына нағыз бақ-береке қонған еді. Меккеде мүшріктердің зорлық-зомбылығы əбден шектен шыққан кезде, Сəуда күйеуімен бірге Хабашстанға һижрет жасайды. Машақаты көп ауыр жол! Соңы беймəлім алыс сапар! Бір жағынан туған жерін, Меккесін қимайды! Жақындарын қимайды! Ең қиыны Сұлтандар Сұлтанынан жырақтап қалмақ. Ақыр соңында қайғы үстіне қайғы жамап, жан жары Сəкран діннен шықты, көп ұзамай өмірден өтті. Сəкран ибн Амр Хабашстанда христиан болып дүниеден өтті. Енді ол жерде қалудың мəні қалмады, қала алмас та еді. Сөйтті де гүл қалаға – Меккеге қайтты.
Меккеде еш қамсыз үй шаруасымен айналысып жүрген. Аяғы жерге тимей, екі езуі құлағында, қуанып келе жатқан Хауланы көрді. «Тыныштық па, бұл нендей қуаныш?» Хаула келе салып: «Сүйінші! Сүйінші! Алланың сені қандай жақсылыққа, берекеге жеткізгенін білесің бе?!» – дейді. Оның бұнысына қатты таңданған Сəуда: «Ол не?! Қандай жақсылық?! Сені мұншалықты қуантқан не нəрсе?!» дейді тезірек білгісі келіп. Хаула дауысын бəсеңдетіп: «Расулалла саған үйленгісі келеді», – дейді. Сəуданың жүрегі дүрсілдеп кетті. Не дерін де білмейді. Сол сəтте көрген түсі есіне түсті. «Өте жақсы іс! Өте абыройлы іс! Алайда алаңдаған бір нəрсем бар» – деді. Расулалла Сəуданың бұл сөзін естіп: «Уа, Сəуда! Менімен тұрмыс құруыңа не кедергі?» – деп сұрайды. «Жо-жоқ! Жаман ойдан құдай сақтасын! Аллаға ант етемін, сізбен үй болуға кедергі болатын еш нəрсе жоқ. Алайда балаларым шулап, басыңызды ауырта ма деп алаңдаймын», – дейді Сəуда.
Расулалла күлімсіреп: «Алла сені кешірсін! Əйелдердің ең қайырлысы – кішкентай балаларымен əуре болғаны», – дейді. Əзірет Фатима бұл некеге ренжіген де жоқ, қарсы шықпады да. Əкесінің жүгінің біраз жеңілдегеніне қуанды. Қыздарына, үй ішіне қарайтын біреудің болуы Алла елшісін аз да болса жайландыратыны анық. Əзірет Фатима анасын еріксіз есіне алды. Көзіне жас келді. Сонда да Сəудаға күлімсіреп қарады. «Мүміндердің анасы» деген атауды əзірет Хадишадан кейін алған екінші адам осы Сəуда. Ол əзірет Фатиманы мейірлене құшақтап, бетінен, көзінен сүйді. Əзірет Фатима жылулықты сезінді. Сол жерде Сəуданың құшағында рақаттана ұйықтап қалды...
материал «Фатима (р.а) анамыздың өмірі» кітабынан алынды,
ummet.kz