Дұға – әлсіздіктің белгісі емес. Керісінше, дұға – иманның белгісі. Раббысына қол жаймаған жүрек көбіне өз күшіне сүйенеді. Ал Раббысына қайта-қайта жалбарынған жүрек өзінің әлсіздігін де, Раббысының ұлылығын да таниды.
Сондықтан бұл кітапты аяқтағандағы ең үлкен қауіп – оны жауып қойып, тек білім ретінде қалдыру. Нағыз пайда – оқылған білімнің амалға айналуында. Қол жайған сайын бұл кітаптағы қағидалардың еске түсіп тұруында. Мүмкін осы кітаптағы бір ғана қағида сіздің жылдар бойы күткен дұғаңыздың қабыл болуына…
Дұға – бір реттік әрекет емес. Дұға жеміс ағашы сияқты. Ағашты бір рет емес екі рет емес, ол жеміс бергенше үздіксіз суару керек. Дұға да дәл солай. Үздіксіз сұрауды қажет етеді. Сенің дәл қазіргі халің – осы күнге дейін қылған дұғаңның жемісі. Мейлі іспен, мейлі сөзбен қылған дұғаңның жемісі.
Сөз соңында Ұлы Алладан осы кітапты ықыласпен оқыған әрбір жанның дұғаларын қабыл етуін, жүректерін тірілтуін, тілдерін зікірмен, қолдарын дұғамен, өмірлерін берекемен толтыруын сұраймыз.
Уа, Аллаһым! Мен Сенен ертелі-кеш, біліп-білмей істеген істерімнің бар жақсылығын сұраймын. Және бір Өзіңнен ертелі-кеш, біліп-білмей істеген жамандықтың баршасынан сыйынамын!
Аллаһым! Өзіңнен жәннатты әрі оған жақын қылатын сөз бен амалды сұраймын. Өзіңнен тозақтан және оған жақын қылар сөз бен амалдан сыйынамын. Сенің құлың әрі елшің Сенен не жақсылық сұраған болса, мен де Сенен соны сұраймын. Және Сенің құлың әрі елшің Саған қандай да бір жаманшылықтан сыйынған болса, мен де содан сыйынамын. Және маған жазған тағдырыңның әрбірі мен үшін хайырлы болуын сұраймын!
«Уа, Раббымыз! Бұл ісімізді қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен – барлық нәрсені естушісің һәм бәрін білетін шексіз ілім иесісің!»
материал «Дұға кілттері» кітабынан алынды,
ummet.kz