14 Қыркүйек 2026, Дүйсенбі 3 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 04:13
Күн 05:42
Екінті 16:36
Шам 18:36
Құптан 20:06

Дұғаның үлкен әдебі – молшылық пен тоқшылықта дұғаны көбейту

Дұғаның үлкен әдебі – молшылық пен тоқшылықта дұғаны көбейту

Дұғаның ең үлкен әдебі – молшылық пен тоқшылық кездерде де дұғаны көбейту.  Адам табиғаты қиналғанда паналайтын орын іздейді, тығырыққа тірелгенде көмек сұрайды, шарасыз қалған сәтте Жаратушысына қарай бұрылады.


Бұл – пенденің негізгі болмысы. Сондықтан көп адам ауырғанда, қарызға батқанда, жолы жабылғанда, қорқыныш пен қауіпке тап болғанда, қолын жайып, көз жасын төгіп, Раббысынан жәрдем тілейді. Алайда қиындық кеткен соң, жүрек қайтадан ғапылдыққа оралып, дұға да сиреп кетеді. Бұл рухани әлсіздіктің белгісі. Дұға – тек қиын күннің құралы емес. Дұға – мүминнің тұрақты ғибадаты, жүректің тынысы, құлдың Раббысымен байланысы.

Нағыз мүминнің сипаты – Аллаға кез келген уақытта жалбарынып дұға қылу. Молшылықта да, тоқшылықта да, қайғы мен қуанышта да дұға қылу. Ал молшылық пен қуаныш кездерде Алланы ұмытып, басына қиындық келген кезде ғана Алланы еске алу – ізгі мүминнің сипаты емес. Адамның осы қасиеттегі пенде екенін Алла Тағала Құранда бірнеше жерде баяндайды. Соның бір мысалы "Юнус" сүресінің 12-аятында: «Адам баласы қиындыққа тап болса, жантайып жатып та, отырып та, тікесінен тік тұрып та Бізге үнемі дұға етіп, жалбарынуымен болады. Ал дұғасын қабыл алып, қиындықтан құтқарғанымызда, басына келген бәледен құтылуы үшін Бізге еш дұға етпеген адамдай баз-бағы қалпына қайта түсіп, түк болмағандай жүре береді.

Міне, осылайша Алланың өздеріне берген (өмір, ақыл, денсаулық, қабілет сынды) баға жетпес нығметтерін орынсыз пайдаланып, шектен шыққандарға істеп жүрген істері (шайтан тарапынан безендіріліп) керемет етіп көрсетілді».

"Зұмар" сүресінің 8-аятында: «Адам баласының басына қандай да бір зобалаң түссе, бірден пұшайман болып, Раббысына бар ықыласымен бет бұрып жалбарына бастайды. Алайда содан кейін Алла оны өшіріп, өзінің нығметіне бөлегенде, ол мұның алдында ғана Оған жалбарынғанын мүлдем ұмытып кетеді. Онымен қоймай, Аллаға не болса соны тең тұтып, серік қосады. Сөйтіп, Оның жолынан өзі де адасады.

...һәм өздерін де адастырады. Ендеше, ондай рақметі жоқ бейбаққа: «Күпірлігіңмен тағы біраз уақыт күн көр, тозақтықтардың қатарында бол!» – деп айт» десе, ал 49-аятында: «Адам баласының басына қандай да бір зобалаң түссе, (бірден пұшайман болып), Бізге жалбарынады. Алайда содан кейін оны өзіміздің бір нығметімізге бөлегенімізде, түк болмағандай: «Бұл маған білім мен ерекше қабілетімнің арқасында ғана берілді», – дейді. Анығында, бұл бір сынақ еді, алайда олардың көбі мұны білмейді», – деген.

"Фуссилат" сүресінің 51-аят: «Адам баласын нығметке бөлесек, (сол нығметке масайрап, Раббысынан) сырт айналып, қашқақтай береді. Ал басына жамандық келсе, ұзақ уақыт дұға етіп, жалбарынумен болады».

"Исра" сүресінің 67-аят: «Теңізде қандай да бір қиын-қыстау жағдайға тап болғандарыңда сендерге бір Алла ғана жәрдем етеді. Өзге құдай тұтып, жалбарынып жүргендеріңнің бәрі де ғайып болады. Алайда Алла сендерді апаттан құтқарып, құрлыққа дін-аман жеткізген кезде, түк болмағандай Одан сырт айналасыңдар. Міне, адам баласы рақметі жоқ сондай жаратылыс».

"Лұқман" сүресі 32-аят: «Олар (кемемен жолға шыққанда) өздерін бейне бір қап-қара бұлттар сияқты теңіздің таудай толқындары басып қалғанда (тәңірі тұтқан құдайларының бәрін былай қалдырып), бар ықыласымен бір Аллаға бет бұрып, жалынып-жалбарына бастайды. Алайда Алла оларды апатқа ұшыраудан сақтап, құрлыққа аман-есен жеткізген кезде араларындағы біразы біреулері иман мен күпірлік арасында әрі тұрақсыз күй кешеді. Біздің аяттарымызды тек уәдесінде тұрмайтын опасыздар мен рақметі жоқ пасықтар ғана жоққа шығарады».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәләйһи уә сәлләм) өзінің бір керемет хадисінде: «Алланы молшылық пен кеңшілік кезінде таны (жалбарын), сонда Ол сені қиындықта таниды (жәрдемін береді)» десе (Муснад Ахмад, 2804, Сунан Термизи, 2516), ал басқа хадисінде:

«Кімде-кім Алла оған қиыншылық кезде дұғасына жауап беруін қаласа, молшылық кездерде де дұғасын көбейтсін» (Сунан Термизи, 3382), – деген.

Адам баласы қуанышты да, молшылықта да, денсаулықта да, тыныштықта да дұға ету керек екенін түсіне алдық деп ойлаймын. Себебі біз тек қиындықта ғана емес, әр сәтте Аллаға мұқтажбыз. Дем алып тұрғанымыз, жүрегіміздің соғып тұрғаны, үйіміздің амандығы, ойымыздың тыныштығы, деніміздің саулығы – бәрі Оның нығметі. Қиындық кезде ғана сұрап, тыныш күнде ұмыту – шүкірсіздікке апаратын қасиет.

материал «Дұға кілттері» кітабынан алынды, 

ummet.kz