Қанша рет нәпсіңді құлшылық етуге шақырсаң да, ол құлшылыққа келгенде әрдайым жалқаулық танытады. Сондықтан нәпсіңді о бастан емдеуің керек.
Егер ол Алланың кеңшілігімен зікірдің тәттілігін, құлшылықтың ләззатын сезінсе, оған өз еркімен ұмтылады. Бұрын күнә жасағанда ләззат алсаң, енді құлшылықтан рақат табатын боласың.
Жүректегі иман жап-жасыл ағаш тәрізді. Егер күнә көбейсе, ол қурап, жеміс бермей қояды. Кім уәжіп амалдарды орындауды қаласа, харам нәрселерден бас тартсын. Кім мәкруһ амалдарды тастаса, оған ізгі амалдарды жасауға жәрдем беріледі. Кімде-кім мубах амалдардан бас тартса, ол ақылына сыймайтын артықшылықтарға ие болады әрі Алланың алдына баруға рұқсат етіледі (Алламен байланысы берік болады). Кім құлағын харам нәрселерді тыңдаудан сақтаса, Алла Тағала оған Өзінің сөздерін естіртіп қояды.
Нәпсіге жағымды құлшылықтарды орындау қандай жеңіл! Ал нәпсіге ауыр көрінетін істерді жасау неткен қиын! Мәселен, нәпіл қажылықты алайық. Егер саған: «Оның орнына садақа берсеңші», – десе, ол нәпсіге ауыр тиеді. Себебі қажылық – көзге көрінетін ғибадат, онда нәпсінің үлесі бар, ол одан рақат алады («Мен қажылық жасадым» деп айта алады, адамдар қажылық жасағанын көреді). Ал садақа жасырын жасалып, тез ұмытылады. Сол секілді Алла разылығы үшін ілім үйренуді алайық: түні бойы ілім үйрену – нәпсіге ұнайтын іс.
Егер саған: «Түнде екі рәкәғат намаз оқы», – десе, бұл саған ауыр келеді. Себебі екі рәкәғат намаз – Алла мен сенің араңда ғана болатын құлшылық, онда нәпсіге көрінетін пайда жоқ (басқаларға мақтана алмайды, өзгелерге өзін көрсете алмайды). Ілім алуда да, үйретуде де нәпсінің алар үлесі бар, өйткені ол ілімін, үйренгендерін адамдарға көрсете алады. Онда нәпсінің алар рақаты болғаны үшін оны орындау нәпсіге жеңіл келеді.
Ғалымдардың бірі былай деген: «Нәпсім үйленуді қатты қалады. Бірде михраб жарылып, ішінен інжу-маржанмен көмкерілген, асыл тастармен зейнеттелген, алтын аяқкиім шықты. Сосын маған: «Бұл – хор қызының аяқкиімі, ал енді оның жүзі қандай екенін елестете бер», – делінді. Бірден жүрегімдегі үйлену шаһуаты жоғалды».
Кімге Алла кеңшілігімен жақсы үй нәсіп етсе, …ол бұрынғы кір-қоқыс орындарына қайтып барғысы келмейді. Сол секілді Алла мен сенің араңда сыр болып қалатын ізгі амалдар жаса, тіпті оны отбасың да білмесін, оларды Алланың алдына сақтап қой – қияметте алдыңнан шығады (сауабын аласың).
Өйткені нәпсі өзінің жасаған ізгі амалдарын айту арқылы рақаттанады. Ізгілердің кейбірі қырық жыл бойы ораза ұстайтын, тіпті оны жанұясы да білмейтін.
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz