17 Шілде 2026, Жұма 3 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:15
Бесін 12:26
Екінті 17:53
Шам 20:26
Құптан 22:20

Ниетті жүрекпен жасау – парыз, тілмен айту – сүннет

Ниетті жүрекпен жасау – парыз, тілмен айту – сүннет

«Әд-Дирая» кітабында «әл-Мабсуттан» келтірілгендей: «Ниетті тілмен айту есепке алынбайды. Бірақ оны жүректегі ниетін бекіту үшін айтса – жақсы».


Имам Тахауи мен Қадихан: «Ниетті тілмен айтумен бірге орындау абзалырақ, өйткені тілмен айтылған зікір жүректе бекітілген нәрсені нығайтады».

«Ихтияр шарх әл-Мұхтар» кітабында Мұхаммед ибн әл-Хасан былай деген: «Ниетті жүрекпен жасау – парыз, ал оны тілмен айту – сүннет (ғалымдардың жолы). Екеуін бірге орындау – абзалырақ».

Сондықтан «ниетті тілмен айту – сүннет» деген сөз – Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті деген мағынада емес, кейбір шейхтардың таңдаған жолы деген мағынада айтылған.

Дегенмен, кейбір ғалымдар жүректегі ниетті қуаттау мақсатында, адамның өзі ғана еститін дәрежеде тілмен айтуға рұқсат берген. (Бұл, әсіресе, кейінгі дәуірлерде адамның ойы жиі бөлініп, жүрек әртүрлі дүниелік нәрселермен әуре болатын уақытта ойды жинақтауға және ғибадатқа толықтай беріліп, құлшынуға көмектесетін құрал ретінде түсіндірілген).

Омар (Алла оған разы болсын) дауыстап ниет еткен кісіге ескерту жасаған болатын. Өйткені ол кісі мұндай әрекетімен басқалардың ойын бөліп, құлшылығына кедергі келтірген еді. Ал негізінде, адамның өзі ғана еститін дәрежеде тілмен айтудың ешбір зияны жоқ. Табиғиндерден кейінгі кезеңде адамдардың жүрегі көптеген дүниелік іспен әуре болып қалды. Сол себепті ғалымдар жүректегі ниетті тілмен қуаттап алудың ешбір айыбы жоқ екенін білдірген.

материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,   

ummet.kz