21 Шілде 2026, Сейсенбі 7 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 02:22
Күн 04:19
Екінті 17:51
Шам 20:22
Құптан 22:19

«Шайтан сенен басқа елші таппады ма?!»

«Шайтан сенен басқа елші таппады ма?!»

Ибн әл-Жәузидің «Сифат ас-Сафуа» атты еңбегінде келген оқиға:


Күндердің күнінде бір адам Имам Шафиғиге келіп:

— Уа, имам, пәленше сіз жайлы жаман сөз айтып жүр! — дейді. Сонда имам:

— Әркім өз амал дәптеріне не жазатынын өзі біледі, — деп, өсек тасушының сөзіне мән де бермейді.

Бүгін саған біреудің сырын жеткізген адам, ертең сенің де сырыңды сататынын ұмытпа.

Біреудің абыройын төккен жан — өз абыройын да төгеді. Біреуді ғайбаттап үйренген тіл, ертең сені де шағып алады.

Өсек – у секілді. Оны тыңдаған адам да, таратқан адам да уланбай қалмайды. Сондықтан өсекшіге құлақ түрме, өйткені, тыңдаушысы бар жерде өсек те өспейді.

Бірде біреу Уәһб ибн Мунаббихке келіп:

— Мен пәленшенің жанынан өттім, ол сізді балағаттап жатты, — деп, естігенін жеткізеді.

Сонда Уәһб ибн Мунаббих оған:

— Шайтан өз сөзін жеткізуге сенен басқа елші таппады ма?! — деп қайтарса керек.

Қандай ғибратты сөз! Ібілістің елшісі болу — тілмен емес, жүрекпен жасалатын қателік. Өсек тасыған сайын, біз шайтанның атынан сөйлеп тұрғанымызды сезбейміз де. Егер сен сөз тасуды ұнатсаң — тасып үйрен, бірақ жамандық емес, жақсылық тасып үйрен!

Біреудің кемшілігін емес, жақсы қасиетін айт. Біреудің сүрінуін емес, тұруын жеткіз.

Сонда сен Ібілістің емес, игіліктің елшісі боласың! Сенің сөзің біреудің жүрегін жаралауы да мүмкін, бірақ дәл сол сөз басқа біреудің рухын тірілтуі де мүмкін.

Таңдау — өзіңде!

материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,

ummet.kz