Сынақ пен қиындыққа сабыр ету арқылы сыйға жетудің сүйінші хабары
(Сондай-ақ құлшылық етуде, жақсылық жасауда, күнә атаулыдан аулақ болуда һәм Алла жолында жүріп, тап болған қиыншылықтарға) сабырлылық таныт. Расында, Алла Өзін көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында (қаперінде) ұстап, игі істер істейтін ізгі жандардың сауабын (еңбегін) зая етпейді.
Имам Нәсәфи (Алла оны рақымына бөлесін): «Сабыр ет!». Өзіңе бұйырылған нәрселерді орындауға және тыйым салынған нәрселерден тыйылуға сабыр ет. Өйткені бұлардың ешқайсысы сабырсыз толық орындалмайды. «Расында, Алла ізгілік жасаушылардың сауабын зая кетірмейді».
Осы сөзбен Алла Тағала осы сүренің 112-115 аяттарындағы барлық әмірлер ментыйымдарды, сондай-ақ басқа да ізгі амалдарды қамтыған. Яғни, Алла ізгілік жасаушылардың сауабын ешқашан зая кетірмейді. Осы аяттар:
Һуд: 112:
(Уа, Мұхаммед!) Ендеше, өзіңе бұйырылған-дай тура бол (қандай мәселеде болмасын өзіңе қалай әрекет ет деп бұйырылса, дәл солай әрекет ет). Сондай-ақ Аллаға бет бұрып, тәубеге келіп, саған қосылғандар да турашыл болсын. Тура жолдан ауытқып, шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Ол не істеп, не қойып жүргендеріңді толық көруде.
Һуд: 113:
Сондай-ақ өзгенің де, өзінің де обалына қалып жүрген залымдарға сәл де болса көңілдерің ауып, ықыластарың түспесін (оларға мүлдем көңіл салмаңдар), әйтпесе (екі дүниеде де) отқа күйесіңдер. Шындығында, сендердің Алладан өзге қорғандарың да, қамқор достарың да жоқ. Содан кейін Одан да қолдау таппайсыңдар.
Һуд: 115:
(Сондай-ақ құлшылық етуде, жақсылық жасауда, күнә атаулыдан аулақ болуда һәм Алла жолында жүріп, тап болған қиыншылықтарға) сабырлылық таныт. Расында, Алла Өзін көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында (қаперінде) ұстап, игі істер істейтін ізгі жандардың сауабын (еңбегін) зая етпейді.
материал «Сүйінші» кітабынан алынды,
ummet.kz