22 Шілде 2026, Сәрсенбі 8 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:20
Бесін 12:26
Екінті 17:51
Шам 20:21
Құптан 22:18

Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі

Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намазды бастауды ұйғарса, әуелі ниет ететін еді. (Содан кейін) әуелі екі қолын құлақтарының жұмсағына дейін көтеріп, тәкбір айтатын.


Қолдарын көтергенде саусақтарының арасын ашатын: бірақ тым қатты ашпайтын, мүлде біріктіріп те алмайтын, әдеттегі қалпындай қалдыратын, алақанының ішкі жағын құбылаға қарататын.

Содан кейін оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндігінің астына байлайтын. Оң алақанын сол қолының үстіне қойған кезде басбармағы мен кішкене саусағымен білезігін орап ұстайтын. Сосын:

«Субханака Аллаһумма уа бихамдик уа тәбәракәсмүк уа тағала жәддук уа лә иләһа ғайрук» дейтін.

Кейін «тағаууыз» бен «бәсмаланы» іштей айтатын. Одан кейін Фатиха сүресі және оған қосымша бір сүре немесе қалаған кез келген сүренің үш аятын оқитын. Фатиханы оқып болған соң, «әминді» іштей айтатын.

Содан кейін рукуғқа бара жатып тәкбір айтатын. Рукуғта екі қолын тізелеріне тіреп, саусақтарының арасын ашық ұстайтын. Арқасын түзу ұстап, басын көтеріп те, төмен түсіріп те жібермейтін. Және (ең кемі) үш рет «Субхана Раббиял Ғазим» дейтін. Сосын рукуғтан тұрып бара жатып «Самиғаллаһу лимән хамидаһ» деп айтатын.

Қиямда тік тұрғанда тәкбір айтып сәждеге баратын және сәждеге барарда қолдарын көтермейтін еді. Жерге алдымен екі тізесін, кейін екі қолын, содан соң екі алақанының арасына маңдайын қоятын еді. Сәжде жасағанда қолтық тұсымен қоса білектері көрініп тұратын, ішін санынан алшақ ұстайтын. Сәждеде (ең кемі) үш рет:

«Субхана Раббиял Ағлә» деп айтатын.

Содан кейін сәждеден басын бірінші көтеріп, дене мүшелерін орнықтырып:

«Раббиғфирли уархамни уажбурни уарфағни уарзуқни уахдини» деп айтатын.

(Отырғанда) сол аяғын төсеп, оң аяғын тік қоятын. Дене мүшелерін орнықтырып отырған соң, тәкбір айтып екінші сәждеге баратын. Сәждеден кейін отырмастан бірден тұратын. Тұрған кезде қолдарын жерге сүйемей, тізелеріне сүйеніп тұратын.

Екінші ракағатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бірінші ракағатта айтқан сөздері мен қылған амалдарын дәл сол қалпында қайталайтын. Алайда бірінші ракағаттағыдай «Субханаканы», «тағаууызды» айтпайтын. Сондай-ақ намаздың алғашқы тәкбірінен басқа жерлерде екі қолын көтермейтін.

Екінші ракағатта екінші сәждеден соң бастарын көтеріп, сол аяғын төсеп, үстіне отыратын. Оң аяғын тік қойып, аяғының саусақтарын құбылаға қарататын.

Ташаһһуд кезінде екі қолын сандарына қойып:

«Әт-тахийяту лилләһи уас-салауату уат-таййибат, әс-сәләму аләйкә әйюһән-нәбийю уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ. Әс-сәләму аләйна уа ғәлә ғибадил-ләһис-салихин. Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһу уа әшһәду әннә Мұхаммәдән ғабдуһу уа расулуһ» дейтін.

Нәби (с.ғ.с) тәшәһһуд кезінде бас бармақ пен ортаңғы саусақты сақина тәрізді біріктіріп, қалған саусақтарын жұмып және сұқ саусағымен ишара жасайтын: «лә иләһа» дегенде сұқ саусағын көтеріп, «иллаллаһ» сөзінде түсіретін.

Пайғамбар (с.ғ.с) осылай ишара жасағанда кезде саусағын қимылдатпайтын еді, әрі көзін саусағынан алмайтын. Алғашқы отырыста осыдан артық амал жасамайтын.

Пайғамбар (с.ғ.с) алғашқы отырыста тәшәһһудты аяқтаған соң, үшінші ракағатқа тұратын, бұл кезде де қолдарын жерге тіреп тұрмайтын. Үшінші және төртінші ракағаттарда тек "Фатиха" сүресін оқитын.

Намаздың соңында алғашқы отырыстағыдай отырып, тәшәһһудты оқитын еді, сосын салауат айтатын. Сондай-ақ Құранда, хадисте келген дұғалармен дұға ететін. Адамдардың сөзіне ұқсас сөздермен дұға жасамайтын (адамдардың қолынан келетін, адамдардан сұрауға болатын нәрселерді сұрамайтын).

Пайғамбар (с.ғ.с) дұғаларды аяқтаған соң, басын оң иығына қарай бұрып: «Әссәләму аләйкум уа рахматуллаһ» деп сәлем беретін, сосын сол жағына бұрылып дәл осылай сәлем беретін.

материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,

 ummet.kz