Дүние – сынақтар мекені. Мүмін адам әр уақытта сынақ болатынын біледі және оған дайын болады.
Бір ғалым былай дейді: «Маған бір қиындық келгенде, мен Аллаға мына төрт нәрсе үшін шүкір етемін. Ол:
– Бұдан да ауыр болмады;
– Алла маған сабыр берді;
– «Инна лиллах…» деп айтуға мүмкіндік берді;
– Оны дініме қатысты етпеді», – дейді.
Алла Тағала Құранда «Хадид» сүресінің 22-23 аятында: «Жер бетінде орын алатын (қуаңшылық, зілзала, топан су сынды) қандай апат болмасын, яки бастарыңа келетін (ауру-сырқау, ашаршылық, жақындарыңнан немесе дүние-мүліктеріңнен айырылу сынды) қандай ауыртпалық болмасын, бәрі де Біз оларды жаратпай тұрып-ақ кітапқа (лаухул-махфузға, тағдыр тақтасына) жазылып қойылған. Шүбәсіз, бұл Алла үшін оп-оңай. Бұл уыстарыңнан шығып кеткенге аңырып өкінбеулерің және Алланың нәсіп еткен нығметтеріне масайрап, асып-таспауыларың үшін. Алла кеудесіне нан пісіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мүміннің ісі таңғаларлық. Қуаныш болса, шүкір етеді ол да оған жақсылық, қиындық болса, сабыр етеді, ол да оған жақсылық», – дейді.
Адамның жүрегі тек Алланы еске алғанда ғана тыныштық табады.
«Міне, солар – иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!» («Рағыд» сүресі, 28-аят).
материал «Өзіңді және өзгелерді бақытты ет» кітабынан алынды,
ummet.kz