Барша ризықтың негізі – Алланың Әр-Раззақ (мұра беруші; ризық пен несібе Беруші), яғни барлық жаратылысқа ризық беруші есімімен байланысты. Ризық тек материалдық дүниемен шектелмейді.
Жүрекке түскен иман, көңілге ұялаған тыныштық, көзге келген қуаныш, жүректі жандандыратын зікір бәрі де ризық саналады. Бәрін нәсіп етуші жалғыз Алла, Одан өзге ризық беруші жоқ. Алла Тағала бұл туралы Құранда: «Жер жүзінде ризығы Аллаға тәуелді емес бірде-бір тіршілік иесі жоқ», – дейді («Һуд» сүресі, 6-аят).
Демек, әрбір берілген ризық – Оның бергені, әрбір нығмет – Оның сыйы. Тағы бір аятта: «Расында, нағыз Раззақ (күллі жаратылыс атаулының ризығын беруші) – құдіретті күш иесі Алла», – делінген («Зарият» сүресі, 58-аят).
Осы ақиқатты жүрегімен ұққан адам пендеден емес, Раббысынан үміт етеді, бар ісін Аллаға тәуекел етіп тапсырады. Алайда бүгінгі қоғамда кедейліктен қорқып, дүниеге келмеген сәбидің өмірін қию сияқты қатыгез әрекеттер де кездесіп жатады. Бұл жүрекке ауыр тиетін өкінішті жағдай. Алла Тағала Құранда барша жаратылыстың ризығын Өзінің кепілдігіне алғанын айтып: «Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Оларға да, сендерге де ризықты Біз береміз. Расында, оларды өлтіру – үлкен күнә», – деп ескертеді («Исра» сүресі, 31-аят).
Осыған байланысты Абдулла ибн Масғудтың (Алла оған разы болсын) былай дегені риуаят етіледі: «Бірде мен: «Уа, Алланың Елшісі! Ең үлкен күнә қайсы?» – деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сені жаратқан бола тұра, Оған серік қосуың», – деді. Мен: «Одан кейін қайсысы?» – деп сұрадым. Ол: «Сенімен бірге тамақтанып қояды деп қорқып, өз балаңды өлтіруің», – деді. Мен тағы: «Одан кейін қайсысы?» – дегенімде: «Көршіңнің әйелімен зина жасауың», – деп жауап берді», – деген.
Құрандағы аяттардың бірінде: «Кімде-кім Аллаға тиісінше тағзым етсе және Оған қарсы келіп асы болудан сақтанса, Алла оған тығырықтан шығатын жол ашып береді. Сондай-ақ оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді. Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті. Алла бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады. Шүбәсіз, Алла әр нәрсе үшін алдын-ала белгілі бір өлшем белгілеп қойған», – деп баян етіледі («Талақ» сүресі, 2-3-аяттар).
Ендеше, ризықтың Иесі бір Алла екенін ұмытпай, жүрегімізді тәуекел мен шүкірге толтыру мұсылманға лайық ұстаным.
Алланы бәрімізден жақсырақ таныған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр күні таң намазынан кейін мына дұғаны жасаған:
«Уа, Алла! Мен Сенен пайдалы білім, таза (адал) ризық және қабыл болатын амал сұраймын».
Адал ризық – мұсылманның өміріндегі ең маңызды рухани тіректердің бірі. Ол тек ішіп-жейтін ас пен табыстың тазалығы ғана емес, адамның жүрегіне, мінезіне, құлшылығына тікелей әсер ететін үлкен аманат. Адал ризық – Алланың разылығына жеткізетін жол. Өйткені адамның тәні адалмен қоректенсе, жүрегі жұмсарып, жаны нұрланады. Ал хараммен қоректенген жүрек қатаяды, құлшылыққа зауқы соқпай, рухани әлсірейді. Адам баласы бұл дүниеде ризық іздеп тіршілік етеді. Бірақ ризықтың көп болуы емес, оның адал болуы маңызды. Себебі адал аз болса да берекесі бар, ал харам көп болса да қайыры жоқ.
Адал ризық – жүрекке тыныштық, өмірге береке, амалға қабылдық әкеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адал ризықтың маңызын ерекше атап өткен. Бір хадисте: «Алла – Пәк, тек пәк нәрсені ғана қабыл етеді», – деген. Бұл – адамның тапқан табысы да, жеген асы да таза болуы керек деген сөз. Тағы бір хадисте ұзақ сапарда жүрген, шашы ұйпа-тұйпа, шаң басқан бір адамның қолын көкке жайып: «Уа, Раббым!» деп жалбарынғаны айтылады. Алайда оның ішкені – харам, жегені – харам, кигені – харам болғандықтан, оның дұғасы қабыл болмайтыны ескертіледі. Бұл – адал ризықтың дұға мен құлшылыққа тікелей әсер ететінінің айқын дәлелі.
Адал ризық табу – тек табыс табу емес, ол – ғибадат. Егер адам адал еңбек етіп, отбасын асыраса, бұл да сауапты іс саналады. Тіпті кейбір ғалымдар: «Адал табыс табу – кейбір нәпіл құлшылықтардан да абзал», – деген. Өйткені ол – өзіңді ғана емес, өзгені де қамтамасыз ету, қоғамға пайда әкелу. Адам кейде аз табысқа разы болмай, күмәнді немесе харам жолдарға ұмтылып жатады. Бірақ шын мәнінде, ризықты беруші – Алла. Сондықтан пенде адал жолмен әрекет етіп, нәтижесін Аллаға тапсыруы керек. Кім Алладан қорқып, харамнан сақтанса, Алла оған күтпеген жерден ризық береді. Сол үшін жүректі тәрбиелеудің бір жолы – адал ризыққа мән беру. Адал ас ішкен адамда мейірім артады, мінезі көркемделеді, жүрегі жұмсарады. Ал харам араласқан жерде береке болмайды, тыныштық жоғалады.
Адам баласы ананың құрсағында кіндік арқылы бір ғана жолмен ризықтанса, сәби дүниеге келген соң анасының екі омырауы арқылы екі жолмен ризықтанады. Баланың тісі шығып, өздігінен тамақтануға шамасы жеткенде су және суға ұқсас сұйықтық өнімдермен, қою және қатты тағамдар арқылы төрт жолмен ризықтана бастайды. Ал оның бұл дүниедегі соңғы ризығы таусылып, Алланың құзырына барғанда Ол оны сегіз жолмен, яғни жәннаттың сегіз қақпасынан кіргізіп ризықтандырады екен. Бұны барлық ризықтардың Иесі Алладан басқа кім істей алады?! Ризық Иесі Алла Құранда: «Сендерді көктен де, жерден де ризықтандыратын Алладан басқа тәңір бар ма?» – деп ескертеді («Нәмл» сүресі, 64-аят).
Бізге осылай дем беріп, бойымызға күш-қуат берген, әрбір жаратылыстың ризығын болмысына сай етіп, өлшеп қойған Аллаға мақтау мен мадақтар болсын!
«Уа, ризық Иесі Алла! Бізге адал ризығыңның есіктерін аш және кеңшілігіңнен нәсіп ет! Әмин».
материал «Алланың көркем есімдері аясында таным мен тағзым» кітабынан алынды,
ummet.kz