16 Қазан 2026, Жұма 5 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:34
Бесін 12:05
Екінті 15:34
Шам 17:25
Құптан 18:51

Пайғамбардың (с.ғ.с) әйелдерге қатысты өсиеті

Пайғамбардың (с.ғ.с) әйелдерге қатысты өсиеті

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында айтқан насихатының ішінде әйел затына қатысты мұсылмандарға:


«Әйелдеріңізге (қиянат, зұлымдық жасаудан) Алла Тағаладан қорқыңыздар. Өйткені сендер әйелдеріңді Алла Тағала аманатымен алдыңдар және Алла Тағала сөзімен өздеріңе оларды адал еттіңдер. Әйелдеріңнің сендердің алдарыңдағы міндеті: сендер ұнатпаған адамды көрпешеге отырғызбауы (үйге кіргізбеуі). Егер олай етпесе, әйелдеріңді ауыртпайтындай етіп ұрыңдар. Сендердің әйелдерің алдындағы міндеттерің: оларға жөнімен ас-суы мен киім-кешегін жақсы ету», – деп өсиет еткен.

Жабир (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылық өтеуі және Арафатта айтқан уағызы жайлы хадисте: «Әйелдерге қатысты мәміледе Алла Тағалаға тақуалық жасаңыздар (қорқыңыздар). Расында, сендер әйелдеріңді Алла Тағаланың рұқсатымен алдыңдар және оларды өздеріңе Алла сөзімен адал еттіңдер», – деп айтылған.

Әйел – мейірімді әкенің перзенті. Мұсылман қоғамында әке бауыр етінен жаралған қызына бақытты балалық шақ сыйлайды. Қызын қамқорлық пен мейірімділікке бөлейді.

Әйел – күйеуінің аяулы да адал жары. Күйеуі өмірдің ешбір қиыншылығын сездірмей, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» оның қорғаны болады. Олар бір-біріне мейірімділік жасаумен шаңырақ шаттығына бөленеді.

Әйел – ана. Сонымен қатар, әйел бала-шағасының, қала берсе, немерелерінің ортасында отбасындағы мейірімге бөленген ардақты ана. Мұсылман әйел бақытты. Ислам әйелге мейірім мен қамқорлық құшағында бақытты ғұмыр сыйлайды.

Ал енді басқа қоғамдардағы әйелдің орнына назар аударыңыз. Әйел азулы қасқырдай көзі аларған нәпсіқұмарлардың көзінде қуыршақ іспетті. Әйел бейшара бірде уысына түседі, бірде қашып құтылып жатады. Күйеуімен бірге отбасын асырау үшін шаршап-шалдығып шамасы келмейтін ауыр еңбек етуге мәжбүр. Немесе қартайған шағында масыл болмасын деп, безбүйрек балаларының қамқорлығынан мақұрым қалып, қарттар үйін паналауға мәжбүр болып жатады. Әдетте, мұндай қарт ананың хал-жағдайын балалары ешуақытта сұрамайды.

Асыл дінімізде әке-шешеге, оның ішінде әсіресе анаға құрмет ерекше. Әкеге бір жақсылық жасалса, анаға үш жақсылық етуге үндейді. Бір кісі: «Уа, Расулалла! Менің жақсылығыма адамдар ішінде ең лайықтысы кім?» – деп сұрады. Ол кісі: «Анаң», – деді. Сұраушы: «Сосын кім?» – деді. Ол кісі: «Анаң», – деді. «Сосын кім?» – деді. Тағы да: «Анаң», – деді. «Сосын кім?» – деп сұрады әлгі адам. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкең», – деді.

Міне, ананың ақысы дінімізде әке ақысынан үш есе көп. Бұл да болса анаға және жалпы әйел затына деген қамқорлық.

Ал енді жақсылық жасамай, керісінше ата-анасын ренжітсе, бұл дінімізде ең үлкен күнә. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге ең үлкен күнәларды айтайын ба?» – деп үш рет сұрайды. Сахабалар: «Иә, айтыңыз», – дейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға серік қосу және ата-ананы ренжіту», – деді. Сосын шынтақтап жатқан жерінен түрегеп отырып: «Және жалған куәлік ету», – деп қайта-қайта айтумен болды. Біз тіпті: «Енді тоқтаса болар еді», – деп ойладық», – делінген.

Әйел – адал некемен өзі келісімін берген ер азаматтың жары болады. Осыдан кейін жұбайылық өмірі басталады. Құран Кәрімде ерлі-зайыптылар өмірінің ең негізгі мақсаты бір-бірінен тыныштық табу және шаңырағын мейірімділік пен сүйіспеншілік мекеніне айналдыру екендігін айтады. Алла Тағала: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойлаған елге белгілер бар», – дейді.

Ер азаматтың әйеліне дұрыс қарауы, оның жақсы адам екендігінің айғағы ретінде бағаланады. Бұл жөнінде: «Иманы кәміл мұсылмандар ең көркем мінезділері, ал сендердің ең жақсыларың әйеліне жақсы болғаны», – деген пайғамбар сөзі бар.

Және Айша (Алла оған разы болсын) анамыз риуаят етеді: «Сендердің ең жақсыларың әйеліне жақсы қарағаны, сендердің ішінде әйеліне ең жақсы қарайтыны менмін», – деп әйел баласына қамқорлық етуде өзінен үлгі алуға үндеуде.

«Алмақтың салмағы бар» дегендей, шариғатта міндет пен құқық қатар жүреді. Бұл отбасылық қарым-қатынасқа да қатысты. Мұғауия бин Хайда (Алла оған разы болсын): «Уа, Алла елшісі! Әйеліміздің біздегі ақысы не?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер тамақтансаң, әйеліңе де тамақ беру, киім кисең, әйеліңе де киім алып беру, әйелдің бетінен ұрмауға және балағаттамауға, ренжіскен жағдайда төсекте бөлек жатпай, арқаңды беріп жатуға (міндеттісің)», – деп айтылған сөздері соның дәлелі.

Күйеуі мен әйелінің ара-қатынасы жақсылыққа негізделеді. Ал бір шаңырақ боп өмір сүру мүмкін емес болған жағдайда, жақсы жолмен ажырасу керектігі де Құранда айтылған.

«Уа, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін (яғни, әйелдің келбеті, мінезі сендерге жек көрінсе де шығысыңдар, басқа түрлі хайыр болуы мүмкін)».

Әйел – ата-ананың перзенті. Қыз да ата-ананың ұл сияқты бауыр етінен жаралған баласы. Қыз балаға жақсы қарау пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті. Ғасырлар бойы көптеген қоғамда адамдар ұл перзентке қуанып, ал қыз бала туылса, керісінше ренішпен қабылдайтын болған. Ұл баланы қыздан артық санаған. Ал дініміз перзентті ұл және қыз деп бөлмейді. Қала берсе, балалар арасында киім-кешек және ойыншық пен сыйлық алып беруде бөліп-жармауды насихаттайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Башир әл-Ансариге өз балалары арасында бірін басқасынан артық көрмеу керектігін айтып: «Алладан қорқыңдар, балаларыңның арасында әділ болыңдар», – деп насихат еткен.

Әке-шеше балаларына деген мейірімділік пен сүйіспеншілікте ешқайсысын бір-бірінен бөліп-жармай тең қарауы тиіс. Бұл тіпті, перзенттердің бетін сүюде де қажетті талап. Ислам бала тәрбиесінің ішінде қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беру керектігін және қызына жақсы тәрбие берген мұсылманды үлкен сый күтіп тұрғанын сүйіншілейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің қызы болса, ол қыздарына жақсы тәрбие берсе, сол қыздары оған тозақтан перде болмақ», – дейді.

Ал Әнас бин Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім екі қызды бой жеткенше бағып-қағып өсірсе, қиямет күні ол кісі және мен мына екі саусақтай жақын тұрамыз», – деп сүйіншілеген.

материал «Пайғамбарымызды (с.ғ.с) танисыз ба?» кітабынан алынды, 

ummet.kz