Қонаққа шақырушы адамға жарасатыны – еш шімірікпестен күнә жасайтын жаман адамдардан гөрі ізгі, тақуа кісілерді шақыру. Алла елшісі (с.а.с.) бір кісіге жасаған дұғасында: «Асыңды ізгі жандар ішсін»⁴⁰, – деген. Тағы бірде: «Тек тақуа кісілердің асын іш, сенің тамағыңды да ізгілер ішсін»⁴¹, – деген.
Байларды ғана емес, жағдайы нашар, жарлы-жақыбайларды да қалыс қалдырмаған дұрыс. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Тағамдардың ең жаманы – байлар шақырылып, кедейлер шақырылмаған той тағамы»⁴², – деген.
Шақырғанда тамыр-таныстар мен тума-туыстарды алаламай, ретімен шақырған жөн. Өйткені бұндай дастарханға туыстарды шақырмау – көңілдерін қалдырып, қарым-қатынастың нашарлауына себеп болады.
Шақыруда риядан сақ болған жөн. Шақырушының мақсаты адамдардың көңілін аулау және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетін орындау болуы керек. Келуді қаламайтын, өзін ұнатпайтын адамды шақырмай-ақ, қуана-қуана келетін адамдарды шақырған жақсы.
Суфиян әс-Сәури: «Ұнатпаған адамды шақыру – қателік. Егер ол адам шақыруға жауап беріп, келетінін білдірсе – қателік тіпті еселенеді», – деген. Өйткені қаламаса да оны тамаққа шақырып тұр ғой.
Тақуа кісілерді шақырып, пасықтарды шақырмаған дұрыс. Өйткені тақуа адамдарды тамақтандырумен оның құлшылығына, пасықты шақырумен оның пасықтығына жәрдемші боласың.
Бір тігінші Ибн Мубарактан: «Мен сұлтандардың киімін тігемін. Бұндай жағдайда олардың зұлымдығына ортақ болмаймын ба?» – деп сұрайды. Ибн Мубарак: «Жоқ. Жәрдемші болған сен емес, саған ине-жіп сатқан адам. Ал сен зұлымның дәл өзісің», – дейді.
Шақырған жерге бару – бекітілген сүннет. Тіпті кей жағдайда уәжіп екенін айтқандар бар. Алла елшісі (с.а.с.): «Курағ деп аталатын жерге (Тәбуктың маңайындағы жер) шақырып, бір үзім етті алдыма ұсынса да, шақыруларын қабыл аламын»⁴³, – деген.
Шақырған жерге барудың әдебі
Шақыруды қабылдаудың бес әдебі бар:
1. Бай, кедей деп бөліп-жармай, барлық адамның шақыруын қабыл алу. Бұдан басқаша жасау – тыйым салынған тәкаппарлықтың белгісі. Тәкаппарлықтан қорқып кей адамдар шақырған жерге барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Олар «басқа біреудің тамағына қызығу – қорлық» деп түсінген. Ал кейбіреулер: «Қолымды басқа біреудің ыдысына салғаным – оған мойынымды игенім», – деген.
Тәкаппарлардың көбі бай-бақуаттылар шақырса барып, кедейлер шақырса, бармайды. Бұлай жасау толықтай сүннетке қайшы. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) жоқ-жітіктердің, тіпті құлдардың шақыруын да қабыл алған.⁴⁴
⁴⁰ Әбу Дәуіт сахих тізбекпен Әнастан (р.а.) жеткізген.
⁴¹ Зекет тақырыбында айтылған.
⁴² Бұхари мен Муслим Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен.
⁴³ Бұхари Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен.
⁴⁴ Термези және Ибн Мажа Әнастан (р.а.) риуаят еткен.
материал «Тамақтану әдептері» кітабынан алынды,
ummet.kz