08 Қазан 2026, Бейсенбі 27 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 04:55
Күн 06:21
Бесін 12:07
Шам 17:42
Құптан 19:08

Тәфәулдің адам денсаулығына әсер етуі

Тәфәулдің адам денсаулығына әсер етуі

Тәфәулдің маңызды екеніне дәлел – оның адам денсаулығына да айтарлықтай әсер етуі.


Бұл алдыңғы ойдың жалғасы. Яғни адамның жаны рақат табатын болса, оның денесі де оған қызмет етеді, шаршамайды һәм қажымайды. Сол себепті науқас адам дәрігерден өзінің сауығып келе жатқанын, талдаудың жақсы нәтижелерін және жағымды хабарлар естігенде бұрынғыдан да жақсы халге түсе бастайды!

Бұған қарама-қарсы болса да солай. Егер науқас өзінің дертіне қатысты қорықса немесе оған талдау нәтижесі нашар болуы мүмкін екені айтылса, ол өзін жайсыз сезініп, бұл жағдай денсаулығына одан сайын кері әсер етеді. Адам қиындық күтсе және жамандықты ойласа, бұл оның хал-күйіне теріс ықпал етеді. Ал керісінше, жеңілдікті күтсе, қуантатын нәрсені көрсе және жақсылықтан үміт етсе, бұл оның денсаулығына да, күш-қуатына да оң әсерін береді.

Осы себептен Ислам бізге жақсы сөз айтып, тек жақсылықтан үміт етуге шақырады. Ал Алланың қалауымен, Оның шешімі әрбір жағдайда жүзеге асады.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сүннетінде науқастарға барған кезде:

– Уайымдама, бұл (ауруың) – Алла қаласа, тазару мен шипа, – деп айтатын.

Алайда адамдардың көбі осы көркем мінездің мән-мағынасын білмей, науқастың жанын ауыртатындай сөз айтып қояды!

Суфиян әс-Сәури (Алла оны рақымына бөлесін):

«Көңіл сұрап келген адамдардың кей ақымақтығы – науқас адамға оның ауруынан да жаман әсер етеді», – деді (Әл Ғикд әл-Фарид).

Бір кісі Омар ибн Абдуләзиз (Алла оны рақымына бөлесін) ауруға шалдыққан кезінде оның халін сұрап, оған: «Пәленше осы аурудан өлді, түгенше де осы дерттен көз жұмды…» – деп ұзақ өлім мысалдарын айта бастады. Сонда Омар Ибн Абдул Азиз:

– Егер енді науқасқа зиярат ететін болсаң, оларға өлім-жітіктерді айтып, еске салма! Ал бізден шығып бара жатсаң, бізге қайтып келме! – деді.

Талай науқас адам өзін зиярат етіп келушілердің ауыр сөздерінен, үрей шақыратын ойларынан және болашақтан қорқытқан сөздерінен жағдайын одан сайын ауырлатып алған!

Сол себепті ауру болсаң да, ауру адамға көңілін сұрап барушы болсаң да, жақсы сөз айтып, әрдайым тек жақсылықтан үміт ету қажет.

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды, 

ummet.kz