Кей адамдар тәуекел ету – Аллаға бүкіл ісіңді тапсырып қойып, қол қусырып жату деп ойлауы мүмкін. Асылында тәуекелдің басты құралы – амал.
Имам әл-Ғазали: «Кейбіреулер тәуекелдің мәні – еңбек етуді тастау, жүрекпен жоспарлауды доғару деп ойлайды. Бұл нағыз – надандық. Егер сен жер жыртпай, тұқым екпей, одан өсім күтіп отырсаң, бұның бәрі жындылықтың бір түрі. Пайғамбарымыз тәуекел етушілерді сипаттаған кезде, оларды: «жұмыс істемейді, егін екпейді, әрекет етпейді» деп сипаттаған жоқ. Керісінше, оларды «себептерге амал ететіндер» деп сипаттады», – деді.
Имам ибн Ражаб әл-Ханбали былай деді: «Біліп қой, тәуекелдің шынайы болмысы – Алланың тағдырмен белгілеп қойған себептеріне қайшы келмейді. Өйткені Алла мына әлемді себептерге байлады. Себептерді мына әлемнің заңдылығы етті. Сондықтан Алланың бұйрығына сай себептерді қолдану – құлшылықтың бір түрі. Ал жүрекпен Аллаға тәуекел ету – нағыз иман. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 71-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Дұшпанға қарсы сақтықтың барлық шараларын жасап, өте сақ болыңдар!» – десе, «Әнфәл» сүресінің 60-аятында: «Қолдарыңнан келгенше күш-қуаттың бәрін дайындаңдар», – деді. Ризық іздеуге де бұйырып, «Жұма» сүресінде: «Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер», – деді».
Ал ізгілердің бірі Сәһл әт-Тустари: «Себептерге ұмтылу мен еңбектенуді сынаған адам – сүннетті сынаған адам. Ал тәуекелді сынаған адам – иманды сынаған адам. Сондықтан кімде-кім Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ұқсағысы келсе, оның сүннетіне сай амал жасап, еңбек етуден бас тартпайды», – деді.
Тіпті Пайғамбарлар да себептерді жасауға бұйырылды. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мәшһүр хадисінде былай деп келді: «Бір кісі Алла Елшісіне келіп: «Түйемді бос жіберіп, Аллаға тәуекел етемін» дегенінде, ол: «Түйеңді байла да, Аллаға тәуекел ет», – деді».⁸⁰
Әйуб пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) қиналып жатқан кезде, Алла оған былай деп бұйырады: «Аяғыңмен жерді теп, міне саған шомылатын әрі ішетін салқын су»⁸¹. Алла оған жерді теппесе де салқын су беруіне құдіреті жетеді, алайды оның сәл де болсын себебін жасағанын қалады.
Мәриям анамыз да (Алланың оған сәлемі болсын) толғата алмай қиналып жатқан кезде Алла Тағала оған: «Қане, мына құрма ағашын өзіңе қарай тартып сілкіп жібер, алдыңа жаңа піскен таза құрмалар түссін», – деп бұйырды⁸². Мәриям анамыз құрманы сілкімесе де Алла Тағаланың жаңа құрмаларды түсіруге құдіреті жетеді, алайда оның сәл де болса себебін жасағанын қалады.
Бұдан бөлек Мұса пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) өзінің аса таяғымен жерді ұрып, сол ұруымен себебін жасап, теңізді екіге бөлгенін білеміз. «Шуғара» сүресінде: «Жоқ, Раббым сөзсіз менімен бірге, Ол маған тығырықтан шығар жолды көрсетеді», – деді. Алла оған: «Таяғыңмен теңізді ұр» – деді. Мұса таяғын соққанда теңіз қақ айырылды. Алла теңізді таяқпен ұрмаса да, екіге бөлуге қауқары жетеді, алайда Ол Мұсаның сәл де болсын себебін жасағанын қалады.
Лұқман Хәкім өз ұлына былай деп өсиет қылған: «Ей, ұлым! Расында, дүние терең бір теңіз. Сол бір теңізге көптеген адамдар батып кетті. Егер сенің сол теңізде жүзетін кемең – Аллаға иман, кеменің қабырғалары – Аллаға құлшылық, кеменің желкені – Аллаға тәуекел болатын болса, бәлкім сен аман қаларсың», – деді.
⁷⁹ Хадис.
⁸⁰ Бухари, Муслим хадис жинағы, Жәғфар ибн Амр әкесінен риуаят еткен.
⁸¹ Сад, 42-аят.
⁸² Мәриям, 25-аят.
материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,
ummet.kz